Қала әкімінің өңір халқы алдындағы есеп беру кездесулері басталды. Шідерті кентіне келген қала әкімі Аян Бейсекин ең алдымен салынып жатқан медициналық амбулатория, ветеринарлық бекеттің құрылысын барып көрді. Сонымен қатар кенттің жылумен жабдықтау жүйесін қарап, ондағы жұмыстарға баға берді. Мұнда негізгі және қосалқы жабдықтарға ауқымды ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 4 қазандықтың үшеуі толық жұмыс істеп тұр. Төртіншісін жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес қараша айында аяқталмақ. Жылу беру мәселесі облыс басшылығы мен қала әкімінің тікелей бақылауында.
Бұдан соң кент тұрғындары клубқа жиналып, шаһар басшысына сұрақтарын қойды. Проблемалардың кейбірі сол жерде шешімін тапса, тағы бір мәселелерге қатысты тиісті органдарға тапсырмалар берілді.
Кент тұрғыны Владимир Батраковты жылу беру қызметі үшін коммуналдық төлемнің қымбаттағаны алаңдатады. Сонымен бірге ауыр көліктердің кент жолдарын бүлдіріп жатқанына назар аударуды сұрады. Соңғы сұраққа қатысты Аян Уахитұлы көліктің салмағын өлшейтін таразы алу қажетін айтып, жолға бақылау жасауды ұсынды. Бұл мәселені жергілікті билік пен полиция органы бірігіп шешпек.
Ал жылу мәселесіне келсек, станциядағы проблемалардан кейін жылу тарифі көтерілген еді. Алдағы уақытта тариф тағы да өсуі ықтимал. Бұл – жылу беру қызметінің сапасын қамтамасыз ету үшін қажетті қадам.
Нина Рыбакина аулааралық жолдарды асфальттау мүмкіндігін сұрады. Жаңбырлы, дауылды күндері электр желісі үзіліп, жарықсыз қалу да өзекті мәселелердің бірі. Тұрғындар бұл мәселені былтыр да қозғаған-тын.
Аян Уахитұлы электрмен жабдықтау жүйесін модернизациялау қажеттігін айтып, бұған қатысты тапсырма берді. «Горэлектросеть» ЖШС бас инженері Сергей Даниленко жазда жөндеу жұмыстары жүргізілгенін, дауыл, артық жүктеме салдарынан электр сымдарының үзілуі азайғанын тілге тиек етті.
Әңгіме барысында кенттегі проблемалардың кейбірі жауапсыздық салдарынан шығып отырғаны белгілі болды. Айталық, балалар алаңшасындағы нысандарды сындырған, қоқысты кез келген жерге тастаған, малды қараусыз жіберген кім? Әрине, осы жердің тұрғындары. Сондықтан тәртіп пен тазалықты әр адам сақтай білуі тиіс. Бұл – қалаға да, ауылға да ортақ ұстаным. Осы орайда қала әкімі А.Бейсекин құқық қорғаушыларға мұндай жағдайда әкімшілік шара қолдануды ұсынды. Бағусыз мал айып тұрағына қамалып, шара қолданылады.
Кенттегі үйлердің бірінің кәріз жүйесінде проблема барын айтқан Людмила бұл келеңсіздікті тұрғындар өз күшімен шеше алмай отырғанын жеткізді. Бұл жағдайға қатысты коммуналдық сала өкіліне тапсырма берген қала басшысы кәріздерді тазалауды бақылауға алуды жүктеді.
Манат Дәуітхан есімді тұрғын Павлодар қаласынан шығып, Қарағанды, Астанаға қатынайтын автобустар Шідертінің үстімен өткенімен кенттің ішіне кірмейтінін, суық күндері жолаушылар қиын жағдайда қалатынын айтып шағымданды. Оның үстіне тас жолдағы аялдаманың да пана болар сиқы жоқ көрінеді. Соның салдарынан адамдар таксимен жүруге мәжбүр. Ал такси қызметі қымбат әрі сенімсіз.
Аталған мәселе облыстық көлік басқармасының құзыретіне кіреді. Бұл жердегі басты проблема Шідертіден Астана мен Қарағандыға күн сайын жолаушы шыға бермейтінінде болып отыр. Бұл бағытта тасымалдау қызметін жеке кәсіпкер жүзеге асыратындықтан, жолаушылар санының аздығы тасымалдаушы үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз болуы мүмкін. Мұндай жағдайда кәсіпкердің қызмет көрсетуден бас тартуы ықтимал. Осы мәселенің мән-жайын анықтау үшін Аян Бейсекин облыстық көлік басқармасына хабарласатын болды.
Көпшілік арасынан сөз алған Жасұлан Қасымов биыл Астанадан арнайы мемлекеттік бағдарламамен көшіп келіпті. 4 адамы бар отбасыға тегін үй беріліпті.
– Кент әкімі А. Насиковке, сондай-ақ, оның қоластында қызмет етіп жүрген Динаш, Әсия сынды мамандарға зор алғысымды білдіремін. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме, атқарылып жатқан жақсы жұмыстарды атап, еңбекті бағалай білуіміз керек. Қазіргі таңда кентте көптеген игі істер атқарылып жатыр. Жылу беру мәселесі де біртіндеп реттеліп келеді. Балабақша жөнделіп, халық игілігіне берілді. Осы жұмыстардың басы-қасында кент әкімі А.Насиковтің өзі жүріп, елмен бірге біте қайнасып еңбек етіп жүргенін атап өткім келеді. Кенттің көркеюі мен халықтың жағдайын жақсартуға қосып жатқан еңбектеріңіз үшін баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын. Еңбектеріңіз жемісті болғай, ел игілігі жолындағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін! – деді Ж.Қасымов.
Отырысты тиянақтаған қала әкімі Аян Бейсекин кент әкіміне тапсырма беріп, жылу беру маусымына жауапкершілікті күшейтуді міндеттеді. Сонымен қатар ағаштарды қию, абаттандыру шараларына да тиянақты қарауды тапсырды.
Г.МЕДЕУБАЙТЕГІ





