Өткен аптада «Қайнар» балалардың бос уақытын қамту кешенінде білім беру ұйымдарының басшылары мен шәкірттері арасында «Салтанатты сәт» байқауы ұйымдастырылды.
Сахнада Өлеңті негізгі жалпы орта білім беру мектебінің директоры Жарқын Зейноллова оқушысы Асылым Қайыркенмен, С.Торайғыров атындағы №22 гимназия-мектебінің директоры Гүлнара Мұқашева оқушысы Армангүл Нұрлыбековамен, Абай атындағы №28 жалпы орта білім беру мектебінің директоры Әсем Жүнісбекова оқушысы Дархан Қасымханмен, №6 көптілділікті дамыту орталығы – сәбилер бақшасының басшысы Айгүл Мақұлбаева тәрбиеленушісі Ақбота Зейнолламен бірге ән салды.
Әрине, өнер байқауы болғанымен, Мұғалімдер күні қарсаңында өткен шарада негізгі назардың мерекелік тақырыпқа аударылуы – заңдылық. Бұл орайда көрермендерді №6 көптілділікті дамыту орталығы – сәбилер бақшасының нөмірі тәнті етті. Ортаға балабақша апайлары мен балдырғандар топтасып шығып, білім ұйымының намысын бірге қорғады. Тіпті балалық шақтың жағымды атрибуты – қуыршақтар да сахна төрінен көрінді. Көңілді тақырыптағы ән де қос әнші – басшы мен тәрбиеленушінің арасындағы сүйіспеншілікті нығайта түскені сөзсіз. Осы сәтте бәріміз сахнадан мейірім мен балалықтың балғын лебін сезінгендей болдық. Сонымен қатар өнерпаздар LED-экранды балабақшаларының суретімен әрлеп, сахнадағы сәйкестікті де ескеріпті.
Байқауға №11 жалпы орта білім беру мектебінің директоры Ержан Зәкен мен жоғары сынып оқушылары мектеп өмірінен шағын қойылым – мини-спектакль ұсынды. Қойылымды театр өнерін игеруді армандап жүрген 11-сынып оқушысы Дариға Бауыржан әзірлеуі де оқушылар арасында болашақтың тамаша режиссерлары өсіп жатқанынан хабар берсе керек.
Қорыта айтқанда, Мұғалімдер күні тақырыбын дөп басқан, көрермен қауымға мерекелік көңіл күй сыйлай білген өнерпаздар жеңіс тұғырынан көрінді.
Атап айтсақ, №11 мектеп – бас жүлде, №6 көптілділікті дамыту орталығы – сәбилер бақшасы 1-орын алды. №22 гимназия-мектебі 2-орынды қанжығаласа, Өлеңті мен Солнечный мектептері 3-орынды бөлісті.
Конкурсты көре отырып көңілге түйген жайт: алдағы уақытта ұстаз деген қадірлі атқа ие педагогтар қауымы мына жайтқа мән бергені жөн деп есептейміз: әйел адам, оның ішінде басшы сахнаға (соның ішінде ер азамат әкімдерден марапат алу сәті де бар) шалбармен емес, көйлек яки юбкамен шықса екен деген тілегіміз бар. Себебі әйел – ең алдымен, ана және тәрбиеші.
Ж.ҚАДЫРОВА







