«Өнер» қалалық мәдениет сарайында Мұғалімдер күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шара «ғалым да, шахтер да бас иетін» мамандық иелерінің жүректеріне ерекше шуақ ұялатты. Алдымен залдағы көрермендерге жасанды интеллект арқылы: «Заманауи мұғалім. Ол қандай болуы керек?» деген сұрақ қойылды. Залдан айтылған анықтауыштар арқылы осылайша «Ұлағатты ұстаз» бірыңғай виртуалды бейнесі жинақталып шықты.
Жасанды интеллект демекші, осы зал төрінен орын алған ардагер ұстаз, Екібастұз қаласының және Павлодар облысының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Жеңіс Мейірманның және С.Торайғыров атындағы №22 гимназия-мектебінде химия пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен ардагер ұстаз Әлия Әкішеваның мектеп қабырғасында шәкірттермен түскен суреттері сахнада жанды көріністерге айналыпты.
Мұны да ұйымдастырушы тараптың жаңашылдығы және тыңғылықты дайындығының нәтижесі деп бағаладық.
Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің құттықтау сөзі әдеттегідей марапаттарға ұласты. № 6 лицей-мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлсім Кинжибаева мен С.Торайғыров атындағы № 22 гимназия-мектебінің география пәні мұғалімі Жангелді Сапарғалиев, т.б. облыс әкімінің алғыс хатына ие болса, үш педагог «Екібастұз қаласы алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты. Мұндай атақты, біздіңше, жетістіктерін тұтас қоғам мойындаған, еңбек жолы ел алдында жарқырап жатқан, уақытпен санаспай, өзінің жалақы алып жүрген жұмысынан тыс өмірін ізгілікке арнап жүрген тұлғалар алуға тиіс. Бұл тұрғыда төсбелгі таққан азаматтардың бірі – «Зерде» мамандандырылған лицей-мектебінің хореография пәні мұғалімі Паруза Сейтқанованы осы дәрежеге аса лайық деп білеміз.
Осы тұста атап өтерлік жайт, Павлодар қаласында өткен облыстық жиыннан да екібастұздық педагогтар құр қол қайтпапты. № 25 қазақ қыздар гимназиясының география пәні мұғалімі Айнұр Жангурова мемлекеттік награда – «Ерен еңбегі үшін» медалін тақса, Абай Құнанбаев атындағы №2 ЖОББМ география пәнінің мұғалімі Алтынай Айжолова «Павлодар облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісіне ие болды. Соңғысы – ақшалай сыйақы қоса берілетін марапат.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің ішіндегі шәкірттері республикалық деңгейде ең көп жүлде алғанымен, еңбегі министрлік тарапынан назарға алынбай зейнеткер атанған Гүлбаршын Сейітова облыс әкімі Асайын Байхановтың қолынан «Еңбек ардагері» медалін тақты.
Гүлбаршын Арқалыққызының ізін басып, білім саласына маңдай тері отыз жыл бойы адал сіңіп келе жатқан №25 қазақ қыздар гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Меңтай Көбешованың да облыс әкімінің құрмет грамотасымен шектелгені өкінішті. Сонымен қатар «Зерде» мамандандырылған лицей-мектебінің ағылшын тілі мұғалімі Айнагүл Айтжанова да облыс әкімінің құрмет грамотасын алып қайтты.
«Өнердегі» кешпен кестеленген мереке иелерінің бір шоғырына Екібастұз қаласы әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары тапсырылды. Атап айтсақ, Қосым Пішенбаев атындағы Екібастұз тау-кен техникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Гүлсім Абетова, №6 арнайы мектептің дефектологтары Айнар Булатбаева мен Алмагүл Жақиянова, т.б. –құрмет грамота, №6 көптілділікті дамыту орталығы – сәбилер бақшасының ағылшын тілі оқытушысы Лимара Муратова, Майқайың жалпы орта білім беру мектебінің тарих пәні мұғалімі Ләззат Мұсабекова, Әлкей Марғұлан атындағы жалпы орта білім беру мектебінің музыка пәні және бастауыш сынып мұғалімі Ғалия Нұрсұлтан, №25 қазақ қыздар гимназиясының тарих пәні мұғалімі Жазира Ташиева, т.б. алғыс хат алды.
Мереке көрігін «RWS KZ» ЖШС-нің (басшысы – Сергей Павлингер) демеушілік жасауымен өнер көрсеткен жұлдыз – халықаралық конкурстардың гран-при иегері, «Қазақстан дауысы» телевизиялық байқауының финалшысы Рахман Сәти қыздырды. Жас мұғалімдер қосыла шырқаған әндер, қаланың өнер ұжымдарының сазды сыйлары да көпшіліктің көңілінен шықты. Шара ұстаздар қауымы әуелеткен «Ұстазым» әнімен түйінделді.
ЖАНАРГҮЛ ҚАДЫРОВА








