Қаламызда республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына арналған айлық жалғасуда. Демалыс күндері «Шахтер» саябағында кезекті ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілді.
Тазалық шарасына Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин бастаған мемлекеттік органдардың өкілдері, қалалық кәсіпорындардың қызметкерлері, ардагерлер және жастар қатысты.
Бұл күні саябақ аумағына 400-ден астам көшет отырғызылды. Жыл соңына дейін мұнда барлығы шамамен 3500 түп жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр. Оның ішінде мыңға жуық ағашты саябақты қайта жаңғырту жобасы аясында мердігер ұйым отырғызса, тағы 2500-ге жуық көшетті қаладағы ірі кәсіпорындар егеді.
Шаһар басшысы А.Бейсекин өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға және қаланы көгалдандыруға белсенді атсалысып жатқан қала құраушы кәсіпорындарға ерекше алғысын білдірді. Ол «Таза Қазақстан» экологиялық тұжырымдамасының идеяларын әр буын өкілдерінің қолдауы аса маңызды екенін атап өтті.
Көгалдандыру жұмыстары саябақты ауқымды қайта жаңғырту жобасының негізгі бағыттарының бірі болып отыр. Қала әкімінің айтуынша, қазіргі таңда нысандағы жұмыстар соңғы кезеңге жетті.
– Қазір жұмыстардың соңғы кезеңіндеміз. Жоспарланған жұмыстардың барлығы толық көлемде орындалды. Енді шағын сәулеттік нысандарды орнату және абаттандыруға қатысты соңғы жұмыстарды аяқтау қалды, – деді Аян Бейсекин.
Жастар үшін мұндай акцияларға қатысу – қоршаған ортаны, табиғатты аялауға өз қолымен үлес қосудың мүмкіндігі. Ағашты өз қолымен отырғызған адамның жерге, табиғат анаға деген көзқарасы да өзгереді емес пе. Игі бастамадан аға буын өкілдері де шет қалған жоқ. Олар туған қаланың көркеюі ең алдымен оның тұрғындарының өзіне деген жауапкершілігінен басталады деп санайды.
– Саябақтың балаларымыз бен немерелерімізге, келешек ұрпаққа әдемі әрі жасыл күйінде қалғанын қалаймыз. Бүгін мұнда жастар мен аға буын өкілдерінің бірге еңбек етіп жатқаны қуантады, – деді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы С. Рамазанов.
Саябақты жаңғырту барысында көгалдандыруға ғана емес, жасыл желекті күтіп-баптауға да көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта отырғызылған ағаштар мен басқа да өсімдіктерді суару және күтіп ұстау жұмыстарын мердігер ұйым жүргізіп отыр. Ал жаңа жылдан бастап бұл міндетті арнайы белгіленген ұйым атқаратын болады.
Осылайша, саябақты қайта жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін де мұндағы жұмыс тоқтамайды. Жаңа отырғызылған ағаштар мен жасыл аймақтар тұрақты күтімді қажет етеді. Олардың қаншалықты жақсы өсіп-жетілетіні көп жағдайда дұрыс суару мен жүйелі күтімге байланысты.
Саябақ аумағында ландшафтық дизайн шешімдері де жүзеге асырылған. Жобалау барысында қауіпті және ауруға шалдыққан ағаштар алынып, саябақта ашық кеңістік пен ауа айналымын арттыруға мүмкіндік берілді. Сонымен қатар тұрғындардың демалуына арналған жаңа әрі қызықты орындар көбейді.
Бүгінде «Шахтер» саябағында ауқымды жаңару жұмыстары жүргізіліп, оның келбеті біртіндеп өзгеріп келеді. Жасыл желекке бөленген заманауи әрі жайлы саябақтың ресми ашылуы да жақын.
Жаңарған саябақ Екібастұз тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналып, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын болады.
Кенже ҚУАТ





