Екібастұз қаласы тұрғындарын, кәсіпорындар мен мекемелерді сумен қамтамасыз етіп отырған «Горводоканал» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны 2026 жылға арналған инвестициялық бағдарламаға енгізілген іс-шараларды жаз бойы жүзеге асырып жатыр. «Көп естігеннен бір көрген артық» демекші, 29 қыркүйек күні баспасөз туры ұйымдастырылып, оған журналистерге қоса, Табиғи монополияларды реттеу комитеті Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Камила Байғожанова, облыстық мәслихат депутаты Павел Ярошенко, қалалық мәслихат депутаты Жетпісбай Жакупов қатысты.
Баспасөз турына қатысушыларға ең алдымен биылғы жылы кәсіпорынның өз қаржысына сатып алынған жаңа техникалар көрсетілді. Атап айтқанда, екі «УАЗ» көлігі мен екі арнайы жабдықталған трактор кәсіпорын паркіне қосылыпты. Сонымен қатар негізгі құралдар да сатып алынған екен.
Осыдан кейін биыл жаз жаңаланған құбырлар жайында сөз қозғалды.
– Абай көшесінен Степная көшесіне дейін Мұқышев көшесі бойындағы су құбыры жаңаланды. Мұнда диаметрі 400 мм.-лік қашықтығы 600 метр пластик құбырлар төселді. Ескі шойын құбырлар сонау 1983 жылы жүргізіліп, әбден тозығы жеткендіктен, қыс ішінде апаттық жағдайлар жиі болушы еді. Енді тұрғындар сумен үздіксіз қамтамасыз етілмекші. Жаңа құбырлар 50 жыл қызмет етеді, – деді сөзінде кәсіпорынның бас инженері Қуаныш Галижанұлы.
Айтпақшы, құбырларды сатып алуға 101,2 миллион теңге қаржы жұмсалыпты. Жұмыс басында шұңқыр қазып жатқан дәу экскаваторға көзіміз түсті.
– Оңтүстік Кореялық экскаваторды 2024 жылы тендер жариялап сатып алдық. Оған қажетті 87 миллион теңгені қала әкімі бөлгізді, – деп түсінік берді кәсіпорын директоры Ләззат Ермекқызы Бекбергенова.
Биыл мамыр айында Юбилейная көшесінен Е. Көшербаев көшесіне дейін Қосым Пішенбаев көшесі бойындағы қашықтығы 200 метр 270 мм-лік құбырлар да ауыстырылыпты.
Осылайша, инвестициялық бағдарламада жоспарланған іс-шаралар рет-ретімен жүзеге асырылып жатыр.
– Біздің кәсіпорында 700 адам еңбек етіп жүр. Былтыр жұмыскерлердің айлығын 15 пайызға өсірдік. Сол 2025 жылы Қаныш Сәтбаев каналы бізге босататын судың құнын 49 пайызға қымбаттатқан болатын. Біз өз кезегімізде судың бағасын 20 пайызға көтерген едік. Соған қарамастан биыл кәсіпорын табысы кеміп кетті. Өйткені суды тұтыну жалпы алғанда 15,3 пайызға азайды. Мәселен, Екібастұз ЖЭО қайта жаңғыртудан соң техникалық суды бұрынғыдан 40 пайызға кем алатын болды. Сонымен бірге, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Шығыс» кеніші сияқты кәсіпорындар да үнемдеу есебінен су тұтынуды азайтты. Ал жеке тұлғалар жыл басынан бері 1612,2 мың текше метр суды, бұл – 20,2 пайызға кем тұтынды. Бүгінгі күні қала тұрғындарының 93,2 пайызы жеке есептеу приборларын орнатып, ауыз суды үнемдеуге көшті. Сөйтіп, біздің кәсіпорын жыл соңына дейін 708771 мың теңге табыстан айырылады деп күтілуде, – деді Ләззат Ермекқызы.
Десек те кәсіпорын басшысының сөзіне сенсек, судың тарифі өспейтін секілді. Алайда су тұтыну көлемі осылайша азая берсе, тұтынушылар көңіліне жақпайтын қадамдарға баруға тура келеді.
Ж. ЖӘЛЕЛҰЛЫ






