23 қыркүйек күні «Атамұра» мәдениет орталығында «Тіл – рухани қазына» тақырыбында көшпелі семинар өтті. Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиеваның, Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Алтаевтың кіріспе сөзімен басталған шарада Торайғыров университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Айман Зейнулина «Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ тілінің қалыптасуы мен дамуы», Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Әділбек Әміренов «Білім мен ғылым – мемлекеттік тілдің дамуы» тақырыбында баяндама жасады. Ал Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ономастика және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Батырбек Қайыр Павлодар облысындағы ономастикалық ахуал және тіл заңнамасындағы өзгерістер жайын тарқатты. Сонымен қатар Батырбек Қайратұлы заңнамадағы көрнекі ақпарат мәселесіне қатысты өзгерістерді егжей-тегжейлі түсіндірді.
– Қай мекемені немесе қай нысанды алар болсақ та, оның тілге деген құрметін мынадай үш дүниеден көруге болады: ең бірінші, көрнекі ақпараттан. Екінші, сөйлесуден. Үшінші, іс жүргізу тілінен. Енді көрнекі ақпарат мәселесіне тоқталайық. Бұл неге ең маңызды мәселе болып табылады?! Себебі қандай да бір адам мекемеге кірмес бұрын оның маңдайшасындағы жазуды оқиды, кіреберістегі жұмыс кестесімен танысады. Нысанға кірген беттен барлық көрнекі ақпаратқа көз жүгіртеді. Көрнекі ақпарат дегеніміз – адамның көру арқылы қабылдайтын ақпараты және ол – елдегі қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсер ететін факторлардың бірі. Көрнекі ақпаратқа баннерлер, бланкілер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, бақылау касса машинасының чектері, т.б. жатады. Көрнекі ақпарат жай ғана маңдайшадағы жазу емес, бұл – сол мекеменің және сол мекеме ұжымының бет-бейнесі, мәдениетінің деңгейі және ең бастысы, мемлекеттік тілге деген құрметінің көрсеткіші. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда бұл бағытта әлі де ақсап тұрған тұстарымыз бар. Олқылық тек жеке меншік нысандарда ғана емес, мемлекеттік мекемелерде де кездесетіндігі өте өкінішті-ақ. Зерделеп қарайтын болсақ, көрнекі ақпараттарда жіберілетін кемшіліктер мынадай болып келеді: таза орыс тілінде ғана жазылу; орысша мәтіні – жоғарғы жағында, қазақшасы – төменде; аударма мазмұнындағы сәйкессіздік; орфографиялық қателер; қаріп өлшемдерінің сәйкессіздігі, – дей келе, Батырбек Қайратұлы мұндай қателікке жол берген тұлғаларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 75-бабында қарастырылған жазалар түрін санамалап берді.
Атап айтсақ:
– Лауазымды адамның тiл бiлмеуін уәж етіп жеке және заңды тұлғалардың құжаттарын, өтініштерін қабылдаудан бас тартуы, сондай-ақ, оларды мәнi бойынша қарамауы – ескерту жасауға немесе он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде (43250 теңге) айыппұл салуға әкеп соғады;
– осы баптың бірінші бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде (86500 теңге) айыппұл салуға әкеп соғады;
– деректемелер мен көрнекi ақпаратты орналастыру жөнiндегi талаптарды бұзу – ескерту жасауға әкеп соғады;
– осы баптың үшінші бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет – лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерге немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бес (21625 теңге), орта кәсiпкерлiк субъектiлерге – он (43250 теңге), iрi кәсiпкерлiк субъектiлерге жиырма бес (108125 теңге) айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады;
– жеке тұлғалардың тiл таңдау құқықтарын шектеу, тiлдік белгілері бойынша кемсiту – лауазымды адамдарға он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде (43250 теңге) айыппұл салуға әкеп соғады;
– осы баптың бесiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер жиырма айлық (86500 теңге) есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2025 жылға дейін осы кемшіліктерге жол берген нысандарға кім шара қолдана алатындығы заңда нақтыланбаған болатын. 2025 жылы тілге қатысты заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, осы тетік аталған Кодекстің 729-бабына 2-1 бөлік болып кірді:
«2-1. Осы Кодекстің 75-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға және әкімшілік жазалар қолдануға жергілікті атқарушы органның тілдерді дамыту саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесінің басшысы мен оның орынбасарлары құқылы».
– Заңға енгізілген осы өзгерістер негізінде облысымызға қарасты барлық қала мен аудандардың тіл саясатына жауапты бөлімдері өз мекемелерінің ережелеріне осы тетікті енгізді. Бүгінгі таңда соңғы 3 ай ішінде облыс бойынша «Ерап» жүйесі арқылы 300-ге жуық ескерту, 10 айыппұл салынған. Ендігі кезекте Екібастұз қаласында да осы құзыретті пайдаланып деректемелер мен көрнекі ақпарат талаптарын бұзған нысандарға шара қолдану жұмысын қолға алу керек, – деді ономастика және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.
Иә, бұрын көрнекі ақпараттағы қателерді тіл жанашырлары немесе қала әкімі жанындағы мемлекеттік тілді дамыту тобының мүшелері әупірімдеп түзеттіретін. Бірақ түзетуге құлықсыз нысан иелеріне ешқандай шара қолданылмайтын. Қазір бұл жайт заңмен реттелді. Ал енді көрнекі ақпараттағы қатені түзету немесе түзетпеген заңды тұлғаға шара қолдану үшін не істеу керек?
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының 21-бабының талаптарын кәсіпкерлік нысан иесі бұзғанын байқаған кез келген жеке тұлға сол кәсіпкерге шағым жасауға құқылы. Шағымды «Е-Өтініш» порталы арқылы өтініш немесе арыз түрінде тіл саясатына жауапты жергілікті атқарушы органға жолдайды.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 802-бабына сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғау үшін жергілікті атқарушы орган өзіне қатысты шағым келіп түскен кәсіпкерге белгілі бір күнді, мекенжайды көрсете отырып шақыру хатын жолдайды.
Көрсетілген күні кәсіпкер келген уақытта әкімшілік іс қозғаған тұлға әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі ақпараттық жүйесін ашып (Ерап арқылы), әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы толтырады.
Семинарда маңдайша мәтінін келісу тақырыбы да қозғалды. Маңдайша ақпаратын орналастыруға «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңға сәйкес тиісті хабарлама жіберілген жағдайда рұқсат берілетін болады. Бұл ретте облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың және ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органындарына маңдайшаны орналастыруды келісу құзыретi берілді. Хабарлама : 1) маңдайшаны республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, облыстық маңызы бар қалаларда орналастыру кезінде – республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына; 2) маңдайшаны аудандық маңызы бар қалаларда, ауылдарда, кенттерде орналастыру кезінде аудандардың жергілікті атқарушы органдарына жіберіледі. Хабарлама маңдайша орналастырылатын болжамды күннен кемінде бес жұмыс күні бұрын жіберіледі. Хабарламаға маңдайшаны орналастыру орны туралы ақпаратты қамтитын мәліметтер нысаны және маңдайшаның эскизі қоса беріледі. Жергілікті атқарушы органдар ұсынылған материалдарға жойылуы міндетті жазбаша уәжді ескертулер беруге құқылы. Жергілікті атқарушы органдар ескерту жасаған жағдайда маңдайша ескертулер жойылған кезде ғана орналастырылуы мүмкін. Жергілікті атқарушы органдар хабарламаны алған күннен бастап төрт жұмыс күні ішінде жауап бермеген жағдайда өтініш беруші маңдайшаны өзі мәлімдеген мерзімдерде орналастыруға құқылы.
ЖАНАРГҮЛ ҚАДЫРОВА





