Павлодар облысы бойынша 111 ауылдық округтің 82-сі, 346 ауылдың 252-сі қазақша атауға ие. Сондай-ақ 3602 көшенің 1872-сі, яғни, 52 пайызы егемендігімізге тән атаулармен аталып жүр.
Соңғы 10 жылдың шамасында ономастикалық комиссияға қала, аудандардың атқарушы органдарынан келіп түскен ұсыныстар мен олардың құжаттар топтамасы жан-жақты пысықталып, зерделеніп, 44 елді мекеннің, 800-ге жуық көшенің атауын қайта атау бойынша оң қорытынды берілген. Солардың ішінде 83 көше Екібастұз қаласының әкімшілік-аумақтық бірлігіне тиесілі. Олардың 22-сі – Екібастұз қаласының көшелері, 61-і – ауыл көшелері: Атығайда – 6 көше, Қояндыда – 7, Құрылысшыда – 3 көше; Ақкөлде – 5, Теміртаста – 2, Төртүйде – 4, Шідерті кентінде – 16, Солнечныйда – 10, Сарықамыста – 1, Шиқылдақта – 3, Әлкей Марғұлан ауылында – 3, Төртқұдықта – 1.
Бүгінгі таңда Екібастұз қаласының әкімшілік-аумақтық бірлігіне 7 округ пен 25 ауыл, 2 кент кірсе, олардың ішінде Зеленая роща ауылы мен Солнечный кенті атауынан өзгесінің бәрі қазақша.
Соңғы 10 жыл ішінде Екібастұз қаласында 22 көшенің атауы өзгертілген. Оның 2-еуі (6 Северный проезд – Болат Шәпенов, Геологическая – Қазбек Нұралин) 2015 жылғы
10 желтоқсанда өткен республикалық ономастикалық комиссия қорытындысымен, 20 көше 2017 жылғы 27 қарашадағы республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде өзгертілген. Аталған комиссияның қорытындысы негізінде Екібастұз қаласындағы идеологиялық тұрғыда ескірген көшелерге Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Академик Марденов, Ғаббас Сағиденов, Ерғанат Көшербаев, Шәкәрім секілді тұлғалардың есімідері беріліп, бірнеше көше дәстүрлі Болашақ, Сарыарқа, Береке, Жігер, Татулық, Ақжол, Балдәурен, Наурыз, Астана, Нұрлы тәрізді атаулармен қайта аталды.
Бүгінгі таңда қаланың өз басында 225 көше (131 көше, 94 өтпе жол) бар болса, оның 71-і ғана, яғни, 32%-ы қазақша атауға ие, қалған 154-і (68%) өзге тілдегі атаулардан құралған. Ал сол 154 көшенің 94-і – өтпе жолдар. Десе де бұл да қаланың құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады. Бір қызығы, 94 өтпе жолдың ішінде Южный атауы 30 рет (1-Южный, 2-Южный, т.б.), Северный атауы 8 рет, Юго-западный атауы – 6 рет, Линейный атауы 4 рет қайталанады.
Енді ауылдар мен кенттер көшелеріне ойыссақ, Екібастұз қаласының әкімшілік-аумақтық бірлігіне қарасты кенттер мен ауылдарда 191 көше бар. Оның 149-ы (78%) – қазақша атаулар. Ал төмендегі ауылдарда 42 көше (22%) өзге тілде қалып қойған: Акадекик Әлкей Марғұлан ауылында – 4 (Ленин, Нефтяников, Новоселов, Речная), Мыңтомар – 1 (Школьный), Төртүй – 1 (Котельный), Сарықамыс – 1 (Целинный), Солнечный – 3 (Энергетик өтпе жолы, Энергетиков көшесі), Бозшакөл – 4 көшенің барлығы (Вокзальный, Клубный, Степной, Школьная), Төртқұдық – 7 көшенің 3-уі (Гоголь, Фабричная,), Шідерті – 37 көшенің 17-сі (Вокзальная, Гаражная, Железнодорожный, Новоселов, Проездная, Советская, Степной, Терешковой, Целинная, Шевченко, Школьная, Энергетиков, Энтузиаст, Южная), Шиқылдақ – 7/3 (Речная,Урожайный, Школьный).
Ж.ӘБДІКӘРІМ





