«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген ұлағат ата-бабамыздың табиғатқа жанашырлық таныта білгенін ұқтырады емес пе. Әкеден балаға ұлағат етілетін сөз, әрине, жеке үлгі-іспен бекітілсе, құба-құп. 26 қыркүйек күні «Кеншілер» саябағында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында күзгі ағаш егу сенбілігі ұйымдастырылды. Біздің кейіпкеріміз – Мұхтар Тұрдыбеков те көппен бірге сенбіліктен табылып, №17 мектеп оқушыларына үлгі көрсетіп, жас теректерді отырғызды.
– Ертеде «Қарасу» кеңшарында ауыл мектебінде мұғалім болып жүрген кезімде сенбіліктерге жиі шығушы едім. Сол дағдыдан қартайған шағымда да жаңылған емеспін. Еңбек адамды сергітіп, рухани ләззат сыйлайды, – дейді биылғы жылы 12 тамызда сексен жасқа толған Мұхтар қария.
Мұхтар Мүбаракұлы 1946 жылы Ресейдің Новосібір облысы Чулум ауданының Жаңаеңбек ауылында өмірге келген. Ол – отбасының тұңғышы. Әкесі Мүбарак колхозда трактор айдап, егіс бригадасының бригадирі болып еңбек етеді. Анасы – Күлғайша Кәпкенқызы бастауыш мектептің мұғалімі болып, балаларға білім береді. Бала Мұхтар ауыл мектебінде 4 жыл оқып, білім алуды «Чапаев» колхозында жалғастырады. Өйткені 1957 жылы ұсақ колхоздар біріктірілгенде, әке-шешесі сонда қоныс аударған еді. Бозбала 1962-1966 жылдары Куйбышев педагогикалық училищесін тәмамдап, өз ауылында мұғалімдік еңбек жолын бастайды. Сырттай Новосібір пединститутында оқып, физика пәні мұғалімінің дипломын алады.
1967 жылы Тұрдыбековтер әулеті Қазақстанға оралады. «Қарасу» кеңшарына орнығып, отағасы Мүбарак – бөлімше меңгерушісі, отанасы Күлғайша балабақша меңгерушісі болып жұмыс істейді. Жас жігіт Мұхтар Қарасу орта мектебінде физика пәні мұғалімі бола жүріп қоғамдық істерге араласып, комсомол ұйымының жұмысын жандандырады. Сол кезде іскерлігімен көзге іліккен жас жігітті, 1972 жылы Екібастұз ауданы құрылғанда, аудандық тұтынушылар одағының төрағасы Ғаббас Құрмашев сауда саласына қызметке шақырады. Осылайша өмірінде күрт бетбұрыс болып, Мұхтар Тұрдыбеков Қарасу сауда бірлестігінің бастығы болып, сол қызметті 1981 жылға дейін абыроймен атқарады.
– Ол кезде біздің сауда бірлестігіне 6 дүкен қарады. Н.Богачева, Қ.Шайменова, М.Лекерова, М.Бухина тәрізді сатушылар тауардың қат кезінде тұтынушылармен тіл табысып, қызметтерін адал атқара білді, – дейді Мұхтар қария өмір белесіне ой жүгіртіп.
Мұхтар Тұрдыбеков 1981 жылдың жазында ХХІІ партия съезі атындағы кеңшарға отбасымен көшіп, сондағы сауда бірлістігінің тізгінін ұстайды. Аталмыш қызметті 1986 жылға дейін атқарып, денсаулығы сыр берген соң, кеңшар кеңсесіне бас бухгалтердің орынбасары болып орналасады. Осы қызметте жүргенінде күтпеген оқиға болады.
– Кеңседе қағазға шұқшиып отыр едік, бейтаныс орыс кіріп келді. «Май ауданында іссапарда болған едім. Бөгеліп, уақыт тапшы болып қалды. Екі сағаттың ішінде шаруашылық туралы анықтама әзірлеп берсеңіздер, абзал еді» деді әлгі азамат өзін КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі екенін айтып. Содан бас экономист Жұматай Алғамбаров екеуіміз іске кірісіп, анықтаманы дайындап шықтық. Министрлік өкілі ризашылық білдіріп, бізге Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне жолдама жіберуге уәде етті. Осылайша, Мәскеуге жол жүріп, көрмені тамашалап, әлгі азаматтың үйінде қонақ болдық, – дейді Мұхтар Мүбаракұлы сол бір оқиғаны еске түсіріп.
Біздің кейіпкеріміз 1992 жылы отбасымен Октябрь революциясының 60 жылдығы атындағы кеңшарға көшіп, кеңшар директорының орынбасары болып қызмет істейді. Картоп және көкөніс өсірумен әйгілі болған шаруашылықта жекешелендіру жүргізілгенде Мұхтар Мүбаракұлы «Самат» шаруа қожалығын құрып, нарықтық қатынастарға бейімделуді басынан өткереді. 2006 жылы зейнеткерлікке шығып, отбасы Екібастұз қаласына көшеді. «Самат» шаруа қожалығына баласы Солтан ие болып қалады. Бүгінгі күні шаруа қожалығы картоп егіп, мал өсіріп отыр екен.
Осы тұста Мұхтар қарияның отбасы туралы сөз қозғаудың реті келіп тұр. Ол 1970 жылы жерлесі Майра Лекеровамен көңіл жарастырып, отау тігеді. Кооперативтік техникумды бітірген Майра Саматқызы сауда бірлестігінде қызмет етеді. Ерлі-зайыптылар 5 ұл, 2 қыз сүйіп, бәрін ер жеткізіп, дүниеге бір кірпіш болып қалануларына қамқорлық жасайды.
– Руслан – Қарағанды мемлекеттік университетінде оқытушы, Дастан – химия ғылымдарының кандидаты, Қарағанды политехникалық университетінде кафедра меңгерушісі, Арслан – «Богатырь Көмір» кәсіпорнында «БелАЗ» жүргізушісі, Ерлан – «Сарань» шахтасында учаске бастығы, Толқын – мұғалім, Динаш – сақтандыру компаниясында менеджер. Бәйбішеміз екеуіміз немере-жиендерді қызықтап отырмыз, – дейді Мұхтар ақсақал шүкіршілік білдіріп.
Айтпақшы, сексен жасқа толған қарияның көңілі сергек, өзі тың. Ара-арасында жаяу серуендеп, қажет кезінде көлік жүргізеді. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» кітабы шыққанда әкесі Мүбарак тұңғыш баласының атын ырымдап Мұхтар қойған ғой. Бала күнінен кітап оқуға құштар болған Мұхтар қария «Өнер» мәдениет сарайы кітапханасына жиі бас сұғып, Қазақ хандығы тарихы туралы шығармаларды оқитын көрінеді. Ақсақал сөздің майын тамыза сөйлейді, ана тілімізге құрметі ерекше.
– Света келініміздің ұлты – орыс. Екі немереміз Диана мен Аиданы ауылдан қалаға алдырып, №2 қазақ мектебінде оқыттым. Диана бүгінде Қарағанды политехникалық университетін бітірді, Аида Алматыда оқып жүр. Қазақ мектебінде оқыған ұл-қыздардың білімі еш кем болмайды, ал тәрбие жағынан ұлттан ажырамайды, – дейді Мұхтар ақсақал пікірін айтып.
Қария жас буынның спортпен шұғылданғанын да жөн санайды. Өзі жас күнінде бокс және жүгірумен айналысқан екен. Тіптен облыстық спартакиадаға Баянауыл ауданы құрама командасы сапында қатысып, 100 метр қашықтыққа жүгіруден чемпион болыпты. Бәсе, қария бойын әлі тік ұстап жүр.
– Адал еңбек абыройлы етеді. Жас буын мұны терең ұғып, қоғамға пайдасын тигізуді ерте бастан ойлағаны жөн. Еліміздің ертеңі жарықын болсын деп тілеймін, – деді әңгімесін түйіндеп Мұхтар ақсақал.
Ж. СӘДУАҚАС






