«Адал азамат» жол картасын жүзеге асыру аясында Екібастұз қаласында мемлекеттік қызметшілер арасында «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» атты қалалық пікірсайыс турнирі өтті. Зияткерлік сайыс мемлекеттік қызметшілердің кәсіби білімі мен шешендік қабілетін, тапқырлығы мен ой ұшқырлығын сынға салды.
«Қайнар» балалардың бос уақытын қамту кешенінде өткен турнирге ауылдық округтер әкімдіктерінен, Екібастұз қаласы әкімдігінің сәулет және құрылыс, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және басқа да бөлімдерінен 12 қатысушы, яғни, алты команда қатысты. Пікірсайыс барысында әр команда өз ұстанымын қорғап, қарсы тараптың уәжіне жауап берді. Спикерлерге негізгі ойын жүйелі жеткізіп, оны нақты дәлелдермен негіздеуге алты минут уақыт берілді. Ал келесі кезеңде командалар бір-біріне сауал қойып, қарсы тараптың пікіріне өз уәждерін келтірді.
Пікірсайыстың алғашқы кезеңдерінде мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен адалдығы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, азаматтық жауапкершілік және мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар секілді өзекті тақырыптар талқыланды. Қатысушылар әр тақырыпқа өз көзқарастарын білдіріп, мәселенің түрлі қырын саралады. Мемлекеттік қызмет пен жеке мүдденің арақатынасы, сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған азаматтарды ынталандыру, қоғамда адалдық қағидатын нығайту сияқты мәселелер төңірегінде қызу пікір алмасу болды.
Турнирдің шешуші кезеңі Екібастұз қаласы әкімдігінде жалғасты. Финалда Екібастұз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Рауан Жантелиев пен бас маман Руслан Қайырбай, Ақкөл ауылдық округі әкімінің аппаратынан Жақсылық Истаев және Шідерті кентінің әкімі Алмас Насиков бақ сынады.
Финалдағы талқылау мемлекеттік қызметшінің әрекеті мен жауапкершілігі туралы өрбіді. Азаматтың мәселесін жедел шешуге немесе өзге де негізді себепке бағытталған әрекет заң бұзушылыққа жатса, мемлекеттік қызметшіні сол әрекеті үшін жауапкершілікке тарту қажет пе деген мәселе төңірегінде тараптар өз ұстанымдарын қорғады. Үкімет тарапы ұсынысты қолдаса, қарсы тарап өз дәлелдерін алға тартып, оған келіспейтінін негіздеуге тырысты.
Пікірталастың қорытындысында үшінші орынды Екібастұз қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі, екінші орынды Ақкөл ауылдық округі және Шідерті кенті әкімдігі иеленді. Ал жүлделі бірінші орынға Екібастұз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің командасы ие болды.
Жеңімпаз команда облыстық пікірсайыс турнирінде Екібастұз қаласының намысын қорғайды.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ







