«Сулы жер – нулы жер» десек, өзен-көлдердегі су қорын сақтаудың маңызы зор. Сондықтан бұл іспен су шаруашылығы кәсіпорындары ғана емес, қоғамдық бірлестіктер де шұғылдануда. 24 қыркүйек күні қалалық орталық кітапханада «Тілеген су – Желанная вода» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізілді. Оны «Шідерті бассейнінің экологиялық жүйесі» жобасын жүзеге асыру тобы ұйымдастырып, спикерлер ретінде Екібастұз қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Жасұлан Сәдуақасов, «Қазсушар» РМК ардагері Мырзағали Ерғалиев, Екібастұз ауылдық округінің әкімі Жанат Ибраев, Ақкөл ауылдық округінің әкімі Ерлан Қабылтаев қатысты.
Айтпақшы, бұл жолғы шара Қаныш Сәтбаев каналының 65 жылдығына арналып, жоба жетекшісі, белгілі велосаяхатшы Анатолий Пырлик сонау 1962 жылы басталып, 1975 жылы 16 сәуірде пайдалануға берілген «Ертіс-Қарағанды» каналының құрылысы, су арнасының Орталық Қазақстан мен Павлодар облысының өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын дамытудағы маңызы туралы әңгімелеп, деректі фильм көрсетілді.
Бүгінгі күні Қаныш Сәтбаев каналы аталатын су арнасының қашықтығы Павлодар облысында 272 километрді, Қарағанды облысында 186 километрді құрайды. Канал құрылысы жүргізілгенде Шідерті өзенінің табиғи арнасы пайдаланылып, біраз бөлігінде суы кері ағызылған. Әрине, мұның өңірдегі экологиялық тепе-теңдікке тигізген әсері болды. Сол себепті экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында жыл сайын Қаныш Сәтбаев каналынан көктемде Шідерті магистральдық каналына 120 миллион текше метр су босатылып жүр. «Біз – біргеміз» ынталы тобы Азаматтық альянс пен Жастар бастамаларын дамыту орталығының 500 мың теңге мөлшеріндегі грантын жеңіп алып, Шідерті магистральдық каналы бойында экологиялық зерттеулер жасап, жазда 650 шақырым жол жүріпті. «Шідерті бассейні экожүйесі» жобасын жүзеге асыру жөніндегі ынталы топ жетекшісі Ярослав Портновтың сөзіне қарағанда, жастар өңірді велосипедпен аралап, тұрғындармен әңгімелесіп, сорғы станциялары мен су құрылғыларының жұмысымен танысыпты. Дөңгелек үстел басындағы әңгімеде биылғы жазда көлтабанды шабындық клеткаларына су біртегіс жайылғаны айтылып, Ақкөл-Жайылма көлдерінің қазіргі жағдайы көңіл көншітерлік екені сөз етілді. Сонымен қатар, жобаға қатысушылар су ысырап болмауы үшін дамбылар мен шлюздердің тозығы жеткенін бүтіндеу қажеттігін де тілге тиек етті. Өз кезегінде қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Жасұлан Сәдуақасов пен су шаруашылығы ардагері Мырзағали Ерғалиев канал суын тиімді пайдалану мақсатында су арнасы табанын шөгінділерден тазалау, дамбыларды көтеру жұмыстары қолға алынғанын айта келе, сөз болып отырған жобаға қаланың ғана емес, ауыл жастарын тарту қажеттігін ұсынды.
– Елімізде «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы табысты жүзеге асырылуда. Шідерті магистральдық каналы бойында санитарлық тазалықты сақтау мен экологиялық бақылауды күшейтуге жастар өз үлестерін қосуы абзал. Осы орайда, веложорықтар кезінде өзен-көл бойындағы қоқысты тазалап, табиғатқа шын жанашырлық таныту азаматтық іс болмақ, – деді Мырзағали Жылқайдарұлы.
Жалпы, спикерлер қоршаған ортаны қорғау жобасының қолға алынуы құптарлық іс екенін атап өтіп, келесі жылы экологиялық ахуалды зерттеуді тереңдетуге кеңес беріп, қоршаған ортаны қорғауға атсалысып жүрген белсенді жастарға табыс тіледі.
Ж. СӘДУАҚАС







