Бұрынғыдай емес, бертін Екібастұз өңірінде жабайы жануарлар әлемі толыға түсті. Дала кезген адам қазір өріп жүрген табын-табын сайғақты да, лағын ерткен елікті де көре алады. Өзен-көлдерде түрлі-түрлі балық та мол. Осы орайда, жан-жануарларды заңсыз балықшылық пен аңшылықтан қорғау мәселесі туындайды. 25 қыркүйек күні қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз полиция басқармасының табиғатты қорғау полициясының инспекторы Бекболат Нәжімов 29 тамызда басталған аңшылық маусымның қалай жүріп жатқаны туралы әңгімелеп берді.
– Табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері өңірде рейдтер ұйымдастырып, профилактикалық шаралар өткізіп тұрады. Мұндай шараларда балықшылар мен аңшыларға заңсыз әрекет етудің зардабы туралы түсіндіріледі. Өйткені заңсыз балық аулаушылар мен аң атушылар үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Мәселен, биылғы жылы осындай әрекет жасаған 56 балықшы мен 13 аңшы айыппұл арқалады, – деді Бекболат Ниязбекұлы.
Аңшылық маусымы басталғалы үйрек пен қаз атуға рұқсат беріліпті. Ал елік атуға тыйым салынған. Айтпақшы, қазіргі уақытта «ЭМПК» ЖШС саудаға сайғақ етін шығарғанынан адамдар құлағдар. Мұның мәнісін сұрағанымызда, Бекболат Нәжімов: «Сайғақтардың белгілі бір бөлігін атуға рұқсат беріліп, аңшылықпен «Арлан» арнайы жасағы шұғылданып, сайғақ етін «ЭМПК» ЖШС-іне тапсырып жатыр», – деді.
Жалпы, балықшы не аңшы болудың шарттары қатаң. Мәселен, мылтық сатып алу үшін аңшылық билет алу керек. Билет 10 жыл мерзімге берілсе, қаруды ұстау мерзімі – 5 жыл. Балық аулау мен аң аулауға рұқсатты Әлия Молдағұлова көшесі, 24 мекенжайынан алуға болады.
Ж. БҰЛАНБАЙ






