Екібастұзда өмірлік қиын жағдайға тап болған, тұрақты тұрғылықты жері жоқ азаматтарды әлеуметтік қолдауда жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Тоғжан Темірханова айтып берді.
Қиын жағдайға тап болған адамға ең алдымен қауіпсіз орта мен уақытша баспана қажет. Осы ретте Екібастұз қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің «Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығы» жұмыс істейді. Мұнда азаматтарға уақытша баспана беріліп, қалыпты өмірге қайта оралуы үшін әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетіледі.
– Орталық 50 төсек орынға есептелген. Мұнда ерлер мен әйелдерге арналған бөлімдер бар. Қызмет алушының орталықта тұру мерзімі – үш айдан бір жылға дейін. Егер осы уақыт ішінде құжаттарын қалпына келтіру немесе баспанамен қамту мәселесі шешілмесе, келісімшарт мерзімі тағы алты айға дейін ұзартылады, – дейді Тоғжан Мейрамқызы.
Орталықта әр азаматтың жағдайы жеке қарастырылады.Мамандар біріне құжаттарын қалпына келтіруге көмектессе, енді біріне жұмыс табуға немесе тұрақты баспана мәселесін шешуге жәрдемдеседі. Қажет болған жағдайда азаматтар қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған интернат үйлеріне орналастырылады. Кейбірі жатақханаға немесе жалдамалы баспанаға орналасады.
Тоғжан Темірханованың айтуынша, құжатсыз жүрген азаматтардың мәселесі де назардан тыс қалмайды. Орталықтың әлеуметтік жұмыс маманы мен заңгері көші-қон полициясымен, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен, жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімімен және денсаулық сақтау ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істейді. Соның нәтижесінде жеке куәлік пен паспортты қалпына келтіру, ЖСН алу, тұрғылықты жері бойынша тіркелу, зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді ресімдеу, медициналық тексеруден өту және қажетті ем алу сияқты мәселелер шешіледі.
Атқарылған жұмыстың нәтижесі де ауқымды. 2025 жылы орталыққа тұрақты мекенжайы жоқ 88 адам жүгінген. Олардың барлығына уақытша тұру мүмкіндігі берілген. 90 адамға тұрғылықты мекенжайы бойынша уақытша тіркеу рәсімделсе, 30 адам әлеуметтік бейімдеуден өткен. Бұдан бөлек, 14 азамат қарттар мен мүгедіктігі бар адамдарға арналған интернат үйлеріне орналастырылып, 16 адамға құжаттарын қалпына келтіруге көмек көрсетілген. 9 азаматтың зейнетақысы мен жәрдемақысын ресімдеуге, 29 адамның жұмысқа орналасуына жәрдем көрсетілген. 217 адам медициналық көмек алған.
Бұдан бөлек, бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан төрт азаматқа орталықтан орын беріліп, уақытша тіркеу ресімделіп, жұмысқа орналасуына қолдау көрсетілген.
2025 жылы орталыққа 135,7 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Оның 133,6 миллион теңгесі жергілікті бюджеттен, 2,059 миллион теңгесі республикалық бюджеттен қарастырылған. Бұл қаражат қызмет алушыларды төрт мезгіл тамақтандыруға, киім-кешекпен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, коммуналдық қызметтерге және қызметкерлердің еңбекақысына бағытталған.
Ал биыл орталыққа тұрақты мекенжайы жоқ 71 адам жүгінген. Олардың барлығына уақытша баспана берілген. 54 адамға тұрғылықты мекенжайы бойынша уақытша тіркеу жүргізіліп, 32 адам әлеуметтік бейімдеуден өткен. 11 азаматты интернат үйіне орналастыруға, 10 адамға құжаттарын қалпына келтіруге, 2 адамға зейнетақысы мен жәрдемақысын ресімдеуге көмек көрсетілген.
Қазіргі таңда орталықта 20 адам тұрып жатыр. Қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек алу үшін орталыққа жүгінуге болады. Мекеме Космонавтар көшесі, 10 мекенжайында орналасқан.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ






