Ақкөл – Жайылма өңірі үшін Шідерті лимандық суғару жүйесінің маңызы зор. Жыл сайын ерте көктемде жіберілетін канал суы өңірдің флорасы мен фаунасын сақтауға, экологиясын жақсартуға септігін тигізуіне қоса, мыңдаған гектар көлтабанды шабындықты суға толтырып, жаз бен күзде мол мал азығын дайындауға мүмкіндік туғызады. Осы орайда, кеңес дәуірінде салынған Шідерті каналы жүйесіндегі су құрылғылары мен дамбыларды күтіп ұстау міндеті тұр. Аталмыш іспен «Қазсушар» кәсіпорнының Шідерті лимандық суғару жүйесі учаскесі шұғылданады. Төртүй ауылында орналасқан бұл учаскені Асылбек Тұяқов басқарады.
– Жоспарға енгізілген қыруар жұмысты мерзімінде тындыру үшін адам күші де, қуатты техника да қажет. Қазіргі уақытта біздің учаскеде техника жеткілікті. 2024-2025 жылдар аралығында су жаңа 8 техника бірлігі берілді. Соның ішінде біздің жұмысқа аса қажет 3 экскаватор бар. Айтпақшы, бүгінгі күні Төртүй ауылында техника қоятын ангар құрылысы жүргізіліп жатыр. Ұзындығы 75 метр, ені 16 метр ангар қыста қолдағы техниканы жылы жерде ұстауға мүмкіндік бермек, – дейді Асылбек Тұяқов.
Сөз болып отырған учаскеде 10 адам еңбек етіп жүр екен. Жаз ішінде Қаратам тұсында қашықтығы 4 километр канал табаны шөгіндіден тазартылыпты. Сонымен бірге көлтабанды шабындық клеткаларының су жырып кеткен жерлері бекітіліпті. Ал қазіргі уақытта су шаруашылығы жұмыскерлері Ақкөл ауылдық округіне қарайтын Жақсат ауылы іргесіндегі дамбыларды қалпына келтірумен айналысып жатыр.
– Бұл жердегі дамбылар шөгіп қалған. Көктемде су ернеуінен асып, елді мекенді басып қалу қаупін тудырған жағдайлар да болды. Сол себепті биыл дамбының 12 километр бөлігін биіктету ұйғарылған еді. Бүгінгі күні 3 километрі биіктетілді. Жалпы, мұндай жұмыстар көптеген жыл бойы қолға алынбағандықтан, дамбылардың бүлінген тұстары әлі де жөндеуді қажет етеді. Сондықтан мұндай жұмыстар келесі жылы да жалғасын табады, – дейді Асылбек атқарылған іске көңілі толатынын білдіріп.
Ауқымды жұмысты атқаратын адамдар емес пе. Учаске бастығы Асылбек Тұяқов қарамағындағы экскаваторшылар Дима Балабанов пен Сержан Көшербаевтың, жүк тиегіштегі Рашид Маматохтаевтың, бульдозер машинисі Мадияр Құсайыновтың еңбекқорлығын атап өтті.
Жоғарыда Шідерті лимандық суғару жүйесімен миллиондаған текше метр су жіберілетінін айттық. Сол судың канал бойынан сыртқа ағып кетпеуін, шабындық клеткаларына мезгіл-мезгілімен босатылуын қадағалау мен бақылау да су шаруашылығы қызметкерлерінің күнделікті міндеті болып табылады. «Су – тіршілік көзі» десек, оны ұқыпты әрі үнемдеп пайдалану аса маңызды. Мұны Асылбек Тұяқов басқаратын учаске ұжымы жақсы түсініп, міндеттеріне жауапкершілікпен қарап жүр.
Жақсат ауылы іргесіндегі дамбылардың биіктетіліп жатқанына елді мекендегі шаруалар да разы. Айтпақшы, бұл ауылда он шақты отбасы мал өсіріп, пайдасын көріп отыр.
– Ауылда атакәсіппен шұғылдануға жағдай бар. Тұрмысымыз жақсы. Ауыз суды КБМ құрылғысынан ішеміз. Жақсат пен Ақкөлдің арасын қосқан қатқыл табанды жол жауын-шашында езіліп, жүргізбейді. Жолға қиыршық тас төсеу қолға алынса деген өтінішіміз бар, – дейді ауыл тұрғыны Аманжол Жәкібаев.
Сөзімізді түйіндесек, бірер жылдан бері Төртүйдегі су шаруашылығы учаскесінің материалдық-техникалық базасы нығайды. Соның арқасында каналды күтіп ұстау, суды ысырап етпеу жұмыстары бекітілген жоспарға сай қарқынды атқарылып отыр.
Ж.БҰЛАНБАЙ






