Ағайынды екі жігітпен осыдан бірнеше жыл бұрын «Халық базарында» жәрмеңкеде әңгімелескен едім. Мезгіл қоңыр күз болатын. Жаз бойы енелерін еміп, жайлауда еркін жайылып әбден семірген он шақты ірі бұзау етін саудалауға келіпті. Ақкөлдің азаматтары ғой, жете танымасам да, жыға таныдым. Әйгілі шопан болған аталары Әбіл ақсақалды да, майталман механизатор болған әкелері Серік Жакуповты да ертеден білуші едім.
Шідерті өзенінің бойындағы Әлжан қыстауын мекендеп, ақтылы қой өргізген Әбіл шопан жасы жетпістен асқан шағында атакәсіптен қол үзіп, еңбегінің зейнетін көрмекші болып Ақкөл ауылына көшуге бекінгенде, басшылар кеңшар орталығынан қадірлі қарияға кең үй салып беруді ұйғарыпты. Бұл – 1983 жылдың жазы. Мен ол кезде студент едім. Құрылысшылар бригадасына қосылып, екі ай бойы шопанға алты бөлмелі үй тұрғыздық. Арада екі жыл өткенде Әбіл ақсақалмен көрші болу бұйырды. Қария да, бәйбішесі де кең пейілді адамдар еді. Дәм-тұзымыз жарасып, араласып кеттік. Әңгімешіл Әбіл ата сонау 1960-шы жылдары Қытайдан қазақ жері – атамекенге қалай келгендері, Ақкөлде ірге бекітіп, жаңа қоныстың бауыры құт болғаны жайлы талай мәрте айтып берген-ді. Аудандық газетке қызметке орналасқан соң, Әбіл қарияның әңгімесін қағаз бетіне түсіріп, «Темірқазық» атты көлемді очерк жазып, көзі тірісінде батасын алған болатынмын.
«Халық базарында» екі жігітпен әңгімелескен мезетте сол оқиғалар көңіліме сайрап оралған-ды. Ағайындылардың үлкені – Мереке құрылыс саласында, кішісі – Азамат теміржолда жұмыс істепті.
– Үнемдей жүре біраз қаражат жинадық. Анамыз Несібелді ауылда тұрады ғой. Ақылдаса келе, бауырым елге көшті. Азын-аулақ мал сатып алып, өсіріп жатырмыз. Қалада тапқан табыс күнкөрістен артылмайды. Келешектің қамын көзіміз бала күннен қаныққан кәсіппен байланыстырмақшымыз, – деген-ді сол жолы Мереке түп мақсатын жайып салып.
Сол жолғы кездесуден соң да бірнеше жыл өте шығыпты. Таяуда Ақкөл ауылына барған сапарымда ағайынды жігіттермен тағы да жолығудың сәті түсті. Қажырлы да қайратты азаматтар шаруасын өрге бастырып, жеке шаруашылық құрудың қамына кірісіпті. Сөйтіп, елді мекеннің шығыс жағынан 1 гектар жер телімін алып, қазық қағып, профқаңылтырмен атшаптырым аумақты қоршап тастапты. Қоршау ішінде ені 10 метр, ұзындығы 60 метр мал қораның құрылысы жүргізіліп жатыр.
– Екі-үш апта ішінде төбесін шифермен жабамыз. Қасында күндізгі ашық болады. Ал арғы тұсында пішен үйіледі. Мал суаратын құдық та қазылды, – дейді Мереке сөзін сабақтап.
Қайратты ерге мал құралады емес пе. Ағайындылар меншігіне 200-дей ірі қара, екі үйір жылқы бітіпті.
– Былтыр күзде 50 шақты бұқашықты тірілей етке тапсырдық. Биыл қыста 100 қаралы бұзау алдық. Қазіргі уақытта жайлауда жүр. Еркек бұзауларды етке өткізіп, ұрғашы бұзауларды қыстаққа қалдырамыз. Қызыл қасқаның тұқымын жақсарту мақсатында «Тұрар» шаруашылығынан герефорд бұқалар сатып алып, табынға қосқан едік. Төл іріленді, таразыны жақсы тартады, – деп әңгімені үстемеледі Мереке мен Азамат.
Ағайындылар былтыр лизингпен су жаңа екі «МТЗ-82» тракторына ие болған екен. Жақында тағы бір «МТЗ-80» тракторын сатып алыпты. Қараит деп аталатын жерден 200 тонна пішен дайындалыпты. Бір жаз ішінде жайлаудағы малды қарау, қырдан шөп шабу, ауылда мал қора салу – шаруаның қыр-сырын жетік білетін бесаспап азаматтардың ғана қолынан келеді. Мереке мен Азамат малдың да, техниканың да бабын біледі. Өңіріне төрт орден қадаған аталары Әбіл шопан мен №4 ферманың маңдайалды механизаторы атанған әкелері Серік марқұмның еңбекқорлығы ұрпағына жұғысты болғанын өмір көрсетіп отыр. Ата мен әкенің лайықты ізбасарлары – Мереке мен Азаматтың кісіліктері мол, пейілдері кең екен. Мұны қазақтың жөн-жоралғысын, дәстүр-салтын бойларына сіңірген дария кеуде Әбіл қариядан қалған үлгі-өнеге деп ұқтық.
Айтпақшы, ағайынды екі жігіт жұмыспен айналысып жатқанда қастарында кішкентай ұл шапқылап жүрді. Айбар есімді алты жасар бала Азаматтың ұлы екен. Ағасы мен әкесінің тірлігіне көз қанықтырып жүрген Айбар ер жеткенде Жакуповтар әулетінің ізін жалғастыратын азамат болады-ау деген ой түйдік.
Ж.ЖӘЛЕЛҰЛЫ






