Екібастұзда алкоголь мен темекі өнімдерін тұтынудың алдын алу, әсіресе, жасөспірімдер арасында зиянды әдеттердің таралуына жол бермеу бағытында профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қаласы полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімі бастығының орынбасары Дәурен Қарашашев мәлімдеді.
«Қауіпсіз ел» жобасы аясындағы жұмыстар жергілікті атқарушы органдармен, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерімен, ата-аналар қауымымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Алкогольді шамадан тыс тұтынатын және құқық бұзушылық жасауға бейім азаматтар учаскелік полиция инспекторларының профилактикалық бақылауына алынып, тұрғылықты жері бойынша тексеріледі. Сонымен қатар олардың отбасындағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы зерделеніп, тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың алдын алуға да ерекше назар аударылған. Дәурен Қарашашевтың айтуынша, жыл басынан бері алкоголь өнімдерін заңсыз сатуға қатысты 52 дерек анықталған. Құқық бұзған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынған. Кейбір жағдайда алкоголь өнімдерін сатуға берілген лицензиялар белгілі бір мерзімге тоқтатылған.
Алкогольді шамадан тыс тұтынудың салдары қоғамдық тәртіпке де әсер етеді. Жыл басынан бері алкоголь ішкені немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүргені үшін 2038 әкімшілік хаттама толтырылған. Сонымен қатар, қоғамдық орында мас күйінде жүрген 3 мыңнан астам адам уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастырылған.
Мәселе кей жағдайда әкімшілік жауапкершілікпен ғана шектелмейді. Алкогольге тәуелділік адамның өзіне ғана емес, оның отбасы мен айналасына да кері әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты сот шешімімен мәжбүрлі емдеу шаралары да қолданылады. Биыл Екібастұз қалалық сотының шешімімен 38 адам Павлодар қаласындағы облыстық тәуелді аурулардың алдын алу және емдеу орталығына стационарлық емделуге жіберілген. Қазіргі таңда «спирттік ішімдіктерді асыра пайдаланатын тұлға» санатында 143 адам, есірткіге тәуелді 27 адам профилактикалық есепте тұр.
Профилактикалық жұмыстың маңызды бағытының бірі – жасөспірімдер арасында зиянды әдеттердің алдын алу. Полиция қызметкерлері білім беру ұйымдарында оқушылармен, ата-аналармен және педагогтермен алкоголь, темекі және никотин өнімдерінің адам денсаулығына тигізетін кері әсерін түсіндіреді. Әсіресе электронды темекі мен құрамында никотин бар өзге де өнімдердің кәмелетке толмағандар арасында таралуына жол бермеуге басымдық берілуде.
Дегенмен жыл басынан бері ішімдік ішкені үшін кәмелетке толмаған 20 жас әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Заң талаптарына сәйкес темекі өнімдерін 21 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салынған. Биыл Екібастұздағы «Ника» және «Сұлтан» дүкендерінде осы талаптың бұзылғанына қатысты екі дерек анықталып, кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылған.
Алкогольді тұтыну отбасындағы жағдайға да кері әсерін тигізетіні анық. Мас күйінде жасалған отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың алдын алу үшін полиция мұндай азаматтарға ерекше профилактикалық бақылау жүргізеді. Жыл басынан бері 87 адамға алкоголь өнімдерін тұтынуға тыйым салатын ерекше талаптар белгіленсе, 53 құқық бұзушыға денсаулық сақтау ұйымдарында психологиялық көмек алу шарасы қолданылған.
Құқық бұзушылықтың алдын алу кезінде оның қай жерде және қай уақытта жиі жасалатыны да ескеріледі. Осыған байланысты проблемалық аумақтарда патрульдік бақылау күшейтіліп, мақсатты рейдтер ұйымдастырылады. Жыл басынан бері ювеналды полиция инспекторлары 125 рейдтік іс шара өткізген.
Зиянды әдеттердің алдын алу есірткіге қарсы бағыттағы жұмыстармен де қатар жүргізілуде. Биыл тұрғындар арасында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған 17 іс-шара ұйымдастырылған. Олардың қатарында білім беру ұйымдарындағы дәрістер, марафондар және оқу орындары арасындағы түрлі жарыстар бар.
Қала көшелеріндегі есірткі жарнамасын анықтау бойынша да рейдтер жүргізілуде. Жеті ауқымды іс-шара барысында есірткі құралдарын насихаттайтын 907-ден астам жазу анықталып, олардың барлығы бояумен өшірілген.
Дәурен Қарашашевтың айтуынша, алкоголь, темекі және есірткі өнімдерінің таралуының алдын алу бағытындағы жұмыс бір реттік шаралармен шектелмейді. Бұл бағыттағы профилактикалық іс-шаралар «Қауіпсіз ел» жобасы аясында алдағы уақытта да жалғасын табады.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ






