Велосипед тебуді әркім-ақ бала күнінен меңгеріп алады емес пе. Содан ересек ғұмырында да серік қылып, көлік ететіндер көп. Экологиялық таза көлік елді мекен ішінде қатынауға да ыңғайлы. Мұны соңғы жылдары шаһар ішінде велосипед тізгіндеген үлкен-кішінің көбейгенінен де байқап жүрміз. 19 қыркүйек күні қала әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тазалық акциясын қолдау мақсатында велошеру өткізілді. «Өнер» мәдениет сарайы жанынан бастау алған велошеруге 60 шақты адам қатысты.
Сібірлеп тұрған жаңбырға қарамастан велошеруге жиналған топ арасынан егде азаматты көріп, әңгімеге тарттық.
– Екібастұз қаласында тұрамын. Негізі Баянауыл ауданы Ақсан ауылының тумасымын. Жетпіс бес жастағы зейнеткермін. Велосипед теуіп, таза ауада серуендеуді дағды еткелі көп жыл болды. Бұрынғыдай емес, велосипедшілер қатары көбейіп келеді. Бұл құптарлық жағдай әрі денсаулыққа да пайдалы, – деді Сүйіндік Жүсіпбеков.
Велошеруге қатысушылар ішінде №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі велоспорт бөлімінің тәрбиеленушілері де болды. №24 мектептің 6-сынып оқушысы Ержан Нығмановтың бапкер Ілияс Боранбаевта жаттығып жүргеніне 1 жылдан асыпты.
– Біздің бөлімде велоспортпен 50-ден астам ұл-қыз шұғылданады. Спорттың аталмыш түрі төзімділікті қажет етеді. Түрлі жарыстарға қатысып, шеберлік шыңдаймыз. Бүгін «Таза Қазақстан» акциясын қолдау үшін келдік. Қоршаған ортаны күтіп ұстау, тазалықты сақтау баршамызға ортақ іс екенін балалардың жете түсінуі абзал, – деді жаттықтырушы Ілияс Дулатұлы.
Біраздан соң велошеру басталды. Велосипедшілер «Өнер» мәдениет сарайы жанынан шығып, Энергетиктер көшесі бойымен ипподромға жетіп, одан ары тас жолмен Қоянды ауылы бұрылысына дейін барып, кері оралды.
Велошеру жарыс емес, сондықтан жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталған жоқ. Десек те көмбеге «Проммашкомплект» кәсіпорны өкілі Әбіл Ибраев, ЕКИТИ оқытушысы Тәліп Амангелдинов, №9 мектептің қазақ тілі мұғалімі Гүлия Мұстафина көптен бұрын жетті.
– Велосипедті бала кезімнен тебуші едім. Кейінгі екі жыл ішінде қайтадан әдет еттім. Велосипедімді күтіп ұстауға күйеуім Қуаныш Әйткенов көмектеседі. Бүгін де сәттілік тілеп шығарып салды. Жай күндері де мектепке велосипедпен барамын. Денсаулыққа пайдалы әрі уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді, – деді Гүлия Мұстафина.
Велосипедшілер көмбеге жеткенде ұйымдастырушылар ыстық шай ұсынып, бәріне мадақтама қағаздарын табыс етті. Содан соң көтеріңкі көңіл күйдегі қатысушылар «Өнер» мәдениет сарайы алдында естелік суретке түсіп, «Таза Қазақстан жасасын!» – деп жар салды.
Ж. БҰЛАНБАЙ





