Екібастұздық велосипедші Рината Сұлтанова Жапонияның Нагоя қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында Қазақстанның қоржынына алғашқы алтын медальді салды. Рината тас жолдағы жекелей жарыста жеңімпаз атанып, еліміздің көк Туын желбіретті. Чемпион 24 километр қашықтықты 36 минут 23,72 секундта бағындырды. Енді чемпион жерлесіміз туралы бірер ауыз сөз.
1998 жылы туған Рината – Екібастұз қаласындағы №23 мектептің түлегі. Велоспортпен №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің велоспорт бөлімінде 9 жасынан бастап шұғылданған. Алғашқы бапкері велоспорттан бірінші санатты жаттықтырушы, КСРО спорт шебері Владимир Аполлонович Кудряшов талапты қыздың қабілетін байқап, шеберлігін шыңдай білді.
Рината жасөспірім кезінен-ақ көзге түсіп, көптеген жарыстарда жеңімпаз, жүлдегер болды. 2022 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында қола медаль иеленген еді.
Рината Сұлтановаға 2020 жылы тректегі волоспорттан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы берілді. Қазіргі уақытта ол велоспорттан Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасының мүшесі, Астана қаласында тұрады.
– Жол түсіп Екібастұз қаласында тұратын анасына келген сайын Рината велоспортқа баулыған біздің спорт мектебімізге бас сұғып, жаттықтырушыларына ризашылық білдіріп, жас спортшыларға шеберлік құпиясын айтып беріп, жігерлендіреді. Ринатаның алтын медаль иеленгені жайлы хабар таралғалы көптеген спорт жанашырлары алғашқы бапкеріне алғыс жаудырып жатыр. Биылғы жылы «Спорт ардагері» төсбелгісімен марапатталған зейнеткер Владимир Апполонович құттықтауларды ризашылықпен қабылдап, шәкіртін бұдан биік-
терден көруге тілектестігін білдіріп жатыр, – деді №3 БЖСМ басшысының орынбасары Әсемгүл Қабиденқызы әңгімесінде.
Біз де газет оқырмандары атынан Рината Сұлтанованы Сары құрлық ойындарында топ жаруымен құттықтаймыз!
Ж.ЖӘЛЕЛҰЛЫ





