Жасыл желектің көп болуы елді мекенге сән беруіне қоса, экологиялық ахуалды жақсартуға септігін тигізеді. Осы орайда, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына жаппай үн қосудың маңызы зор. 19 қыркүйек күні шаһарда күзгі ағаш отырғызу сенбілігі ұйымдастырылып, қауқылдасқан қарттар, жадыраған жастар №2 емхананың жанында бас қосты.
Сенбілікке әзірлік бірер күн бұрын жүргізілген екен. Энергетиктер көшесінің қос қапталына қара топырақ жеткізіліп, қазылған шұңқырлардың қасына сүмбіл терек түптері тасталыпты. Құрал-жарақ болмаса, жұмыс өнбейтіні де ескеріліпті. Жүк көлігі үстіндегі күректер мен шелектер сенбілікке қатысушыларға таратылып берілген соң, бәрі білек сыбанып жұмысқа кірісті.
– Бүгін Энергетиктер көшесінің Кеншілер көшесінен Торайғыров көшесіне дейінгі бөлігінде 100 шақты сүмбіл терек отырғызылады. Жас теректер бойшаң – 4 метр, түп топырағы бірге. Мамандардың айтуынша, күтімге алынса, тез жерсініп кетуі тиіс. Жалпы, биыл күз қала іші мен сыртында 2500 түп терек пен бөртегүл бұталары отырғызылады. Жас желекті қала әкімдігімен арада жасалған меморандум аясында «Самұрық Энерго» компаниясы беріп отыр, – деді бізге берген сұхбатында қала әкімдігінің ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мәди Зәйкен.
«Таза Қазақстан» акциясын қолдаушылар қатарында «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС-нің 60 жұмыскері де болды. Соларды бастап келген басқарушы директор Серік Ибраев жас теректерді күтіп-суаруды аталмыш кәсіпорын жауапкершілікке алғанын айтып өтті.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, жұмыс әп дегеннен-ақ қызды. Жұртпен бірге қала әкімі Аян Бейсекин де еңбек етті. Қала басшысы екі кішкентай баласын бірге ерте келіпті. Олар да әкелеріне қолғабыс жасап сүйсіндірді. Балалардың елді мекенді көріктендірудің маңызын ерте түсініп, үлес қосуының тәрбиелік мәні зор екенін осылайша үлгі ету баршаға ортақ іске айналса, құба-құп.
Ағаш отырғызу науқанында «Замандас» ардагерлер клубының қарттары белсенділік көрсетті. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов бастаған Сайлау Зайырбаев, Амантай Масығұтов, Құдайберген Мусин, Еренғайып Успанов, Қабдыуахит Ибраев, Жолмұрат Қозғанбаев, Мырзағали Ерғалиев сияқты аға буын жастайынан еңбекпен шыныққандарын, әлі де қатарда екендіктерін паш етті. Екібастұз қалалық мәслихатының төрағасы Нияз Макраев пен Қазақстанның Еңбек Ері Рышат Әміренов те сүмбіл теректі құтты орнына қондырып, жастарға үлгі болды.
Жастар демекші, олар да аянып қалған жоқ. Жастар бастамаларын дамыту орталығы басшысы Еркін Құсанның қасына топталған әр түрлі колледж студенттері жұмысты күліп жүріп-ақ еңсерді.
Алдағы көктемде сүмбіл теректер жапырақ жайып, бөртегүлдердің исі аңқып мұрын жармақ. Ал бірер жылда оқтай түзу теректер көшеге көрік береді. Сол кезде жасыл желекті отырғызуға қол тигізген адамдар биылғы күзгі сенбілікті жылы сезіммен еске түсіріп, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының жемісін сезінбек.
Ж. Сәдуақас









