Қаламыздағы тарихи-өлкетану музейінде Екібастұз қаласының Құрметті азаматы, білім беру саласының ардагері, білікті басшы, ұлағатты ұстаз Нұржан Бекенұлы Тишпаевты еске алуға арналған «Ұстаз өнегесі – мәңгілік мұра» атты тағылымды кеш өтті.
Нұржан Тиышпаев ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарып, кейін жауапты басшылық жұмыстарға араласты. Атап айтқанда, 1974-1977 жылдары Абай атындағы №2 орта мектепті басқарса, 1977 жылдан 1999 жылға дейін бұрынғы №47 училище, кейінгі №4 кәсіптік мектептің директоры қызметін абыроймен атқарды. Жиырма жылдан астам уақыт бойы кәсіптік білім беру ісіне жетекшілік етіп, өндіріс пен құрылыс салаларына қажетті білікті мамандар даярлауға зор үлес қосты.
Нұржан Бекенұлының еңбегі тек қабырғалы білім ордасымен шектелмей, қоғамдық жұмыстармен де сабақтасты. Қалалық кеңес депутаты, «Знание» қоғамының жетекшісі ретінде ел игілігіне қызмет етіп, еңбегі еленіп, Екібастұз қаласының Құрметті азаматы атағына ие болды.
Рухани басқосуда ұстаздың өмір жолы мен еңбек қызметіне қатысты архивтік фотосуреттер, марапаттары, құжаттары, газет мақалалары мен кітаптардан құралған көрме көпшілік назарына ұсынылды. Кешке жиналғандар құнды деректермен танысып, өткен жылдардың жарқын сәттерін сағынышпен еске алды.
Кеш барысында Нұржан Бекенұлын жақсы білген замандастары, әріптестері, шәкірттері, ардагер ұстаздар мен қала азаматтары сөз сөйлеп, жүрекжарды естеліктерін бөлісті. Әр әңгімеден оның талапшыл басшы, білікті ұстаз ғана емес, адамгершілігі биік, айналасына қамқор бола білген тұлға екені аңғарылды.
Екібастұз қаласы мен Павлодар облысының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Жеңіс Шанаққызы Нұржан Бекенұлы туралы тағылымды естелігін ақтарды. Нұржан Бекенұлының тәлімін көрген шәкірттерінің бірі – Екібастұз қаласының Құрметті азаматы Болат Әбенов ұстазының адами қасиеттері мен ұстанымдарына тоқталып, терең құрметін білдірді.
Мәдениет саласының үздігі Жомарт Қабыкенов Нұржан Бекенұлы көзі тірісінде сүйіп тыңдаған Шәмші Қалдаяқовтың әндерін орындап, жиналған қауымға ерекше рухани ләззат сыйлады.
Нұржан Бекенұлының отбасы мүшелері мен туыстары да естеліктерін бөлісіп, оның ардақты әке, сүйікті жар, аяулы ата ретіндегі шуақты бейнесін еске алды.
Ж.ЖАПАРОВА





