Газетіміздің өткен санында қаламызға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы сапарлап келгенін жазған болатынбыз. Аталмыш ұжым Бәйет ауылдық округіне қарасты Атығай ауылы балаларымен де кездесу өткізген еді.
«Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдердің республикалық әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы, ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы басшысының тәрбие, идеология және әскери-патриоттық жұмыс жөніндегі орынбасары, майор Мейірбек Меңдіғалиев Атығайдағы жаңа мектеп ғимаратын аралап, спорт зал мен алғашқы әскери даярлық кабинетін көрді.
Жоғары сынып оқушылары Калашников автоматын бұзып-жинау дағдыларын көрсетіп, өздерінің спорттағы жетістіктері жайлы әңгімеледі. Кездесудің тәжірибелік кезеңі тәртіп, жауапкершілік және әскери пәрменге дайындық хақында өрбіді.
Кездесу барысында балалар әскери қызмет, офицердің кәсіби жолы және «Жас сарбаз» қозғалысының мүмкіндіктері жайлы сұрастырды.
– Сегіз жыл ішінде «Жас сарбаз» Отанымыздың болашағына бей-жай қарамайтын 280 мыңдай жасөспірімнің басын қосты. Біздің міндетіміз – балаларға патриоттық туралы айтып қана қоймай, өз мүмкіндіктерін паш етуге жол ашу, Отанды сүюге, жауапты болуға баулу. Мұндай бағыттағы алаңымыздың бірі – «Айбын» халықаралық жастар слеті – әскери-патриоттық ауқымды шараларымыздың бірі. «Айбын» ұйымдастырылған жылдар ішінде Павлодар облысы слеттің абсолютті жеңімпазы болып келеді. Биылғы «Айбын» Щучинск қаласында өтіп, оған қатысушылар тағы да жаңа тәжірибе жинақтап, мүдделес достар табу және өз аймағын лайықты таныстыру мүмкіндігіне ие болды, – деді Мейірбек Меңдіғалиев.
Мектеп оқушылары, сонымен қатар, «Айбын» слеті жайлы бейнероликті тамашалады. Жарыстар, кездесулер, жаттығулар, концерттер және қатысушылардың өзара қарым-қатынасын көре отырып балалар патриоттық қозғалыстың жасөспірімдердің мектептен тыс уақыттағы өмірін қалай жандандыратынына көз жеткізді.
Кездесудің белсенді қатысушылары естелік сыйлықтарға ие болды.
Ж.АЙТЫШ









