Биыл Екібастұздағы №23 мектептің табалдырығын алғаш рет алты жасар Дилайла аттады. Көру қабілеті толық бұзылған қыздың құрдастарымен бірге білім алуына отбасымен бірге мектеп ұжымы да алдын ала дайындалды.
Дилайланың мектепке келуі – «Дара» қайырымдылық қоры жүзеге асырып жатқан «Инклюзия в действии» үш жылдық жобасының кезекті кезеңі. Orica компаниясы қолдау көрсететін жоба көру қабілеті бұзылған балалардың жалпы білім беретін ортада білім алуына қажетті жағдай қалыптастыруды көздейді.
Қыздың инклюзивті білім алу жолы мектептен әлдеқайда бұрын басталған. 2023 жылы отбасы қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияға жүгінген. Кейін Дилайла «Әлемді ашамыз. Ерте қолдау» жобасына қатысып, екі жыл бойы №4 балабақшада тиісті мамандардың көмегін алды.
Жоба №23 мектепте жалғасты. Мектепте инклюзияны қолдау кабинеті әзірленіп, оған тактильді бағыттағыштар, арнайы көрсеткіштер мен оқу құралдары қарастырылған. Дилайла үшін Брайль қарпімен жазылған оқулықтар, жұмыс дәптерлері, бедерлі сызбалар мен басқа да арнайы материалдар дайындалуда.
Жобаның өңірлік үйлестірушісі Назгүл Ақылшинаның айтуынша, инклюзияның басты қағидаларының бірі – баланың ортаға бейімделуін күтпей, ортаны баланың қажеттілігіне қарай дайындау.
Мектеп мұғалімдері де арнайы даярлықтан өтті. Тамыз айында сегіз педагог көру қабілеті толық бұзылған баламен жұмыс істеу, оқу материалдарын бейімдеу, жұмыс орнын ұйымдастыру және ақпаратты қолжетімді түрде ұсыну бойынша тәжірибелік оқудан өтті.
Бұл жұмыс оқушыларды да қамтиды. Дилайланың сыныптастарына көзі көрмейтін құрдасымен дұрыс қарым-қатынас жасау, оған көмектесудің әдепті әрі қауіпсіз жолдары түсіндіріледі.
Екібастұз қаласы білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпованың пікірінше, мұндай тәжірибе бір ғана баламен шектелмеуі керек. Мектепте қалыптасқан жағдайлар алдағы уақытта ерекше білім беру қажеттіліктері бар басқа оқушыларға да қызмет етуі тиіс.
Жобаның түпкі мақсаты да осы. Болашақта көру қабілеті бұзылған әр бала мектепке келген кезде оның білім алуына, құрдастарымен араласуына және мектеп өміріне толық қатысуына қажетті жағдай дайын болуы тиіс.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ





