Жыл сайын оқу жылының басында қоғамда мектеп формасына қатысты дау-дамай, пікірталас қызады. Биыл осы тақырыпқа нүкте қойылған сыңайлы. Анығын айтқанда, Қазақстанның оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 2026 жылғы 8 қыркүйекте Үкіметте өткен брифингте мектеп формасына, оқушының шаш үлгісіне қандай талаптар қойылатынын айтты.
«Мектеп формасына қатысты негізгі ережелер бар: көк және қара түстерге рұқсат етіледі. Оқушының мектеп формасын киіп келуі де заң талабы. Бұл жөнінде ішкі бұйрық бар. Ал шаш үлгісін Оқу-ағарту министрлігі реттемейді. Ол әр мектептің ішкі тәртібімен белгіленеді», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министрдің айтуынша, әр мектеп өзінің ішкі ережелеріне сәйкес оқушылардың сыртқы келбетіне қатысты талаптар белгілей алады.
«Биыл мектептер оқушылардың сыртқы келбетіне қатысты талаптар қоя бастады. Біз сыртқы келбеттің оқу процесіне кедергі келтірмеуі, оқушының ұқыпты жүруі және қойылған талаптар кемсітушілік сипатында болмауы керектігін айтып отырмыз. Сонымен қатар шаш үлгісін немесе сыртқы келбетті шамадан тыс реттеуді жоспарлап отырған жоқпыз. Мектептің ішкі тәртібі мен ережелері оның жарғысына сәйкес реттелуге тиіс», – деді министр.
БАҚ өкілдері министрден: «Бала қара түсті форма кигісі келсе, мектеп одан тек көк түсті киім киюді талап ете ала ма?» – деп те сұрады.
«Жоқ. Мұндай мәселенің болғанын білемін. Біз оны нақты түсіндіріп, білім басқармаларымен арнайы кеңес өткіздік. Сондықтан мектеп формасының қара түсіне де, көк түсіне де рұқсат етіледі», – деп жауап берді Жұлдыз Сүлейменова.
Сондай-ақ журналистер: «Кейбір жекеменшік мектептерде хиджаб киюге рұқсат берілуі Оқу-ағарту министрлігінің талаптарына сәйкес келе ме және ведомство бұл мәселені қалай бақыламақ?» – деп сұрады.
«Бұл – өте маңызды мәселе. Бізде мектеп формасына қатысты бірыңғай талап бар. Барлық мектеп осы ережелер мен талаптарға сәйкес жұмыс істеуге тиіс. Мұндай жағдайлар болғанын білеміз және олармен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл жұмысқа Ұлттық қауіпсіздік комитеті де қатысады. Әкімдіктермен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс істейтін үлкен комиссиямыз бар. Биыл оқу жылының басында мұндай мектептер жоқ. Ал былтыр олардың арасында жекеменшік мектептер де болды», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министрдің айтуынша, жекеменшік мектептерде мұндай деректер анықталған жағдайда олардың лицензиясын қайтарып алу мәселесі қарастырылуы мүмкін. Сондай-ақ заңнамада көзделген өзге де шаралар қолданылады.
Министрдің «Оқушыларға діни киім киюге рұқсат беретін жекеменшік мектептер лицензиясынан айырылуы мүмкін» деген сөзіне орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да пікір білдіріп, «Біздің пайымымызша, оқушының орамал тағуы оның білім алуына кедергі болмауы тиіс. Сол секілді білім беру ұйымдарының мұсылман қыздардың діни ұстанымына түсіністік танытуы мектепті лицензиядан айыруға негіз болатын мәселеге айналмағаны жөн. Осы себепті ҚМДБ орамал тағуға мүмкіндік берген жекеменшік мектептерді лицензиядан айыру секілді қатаң шараларды қолдануды құптамайды. ҚМДБ Оқу-ағарту министрлігіне және өзге де уәкілетті мемлекеттік органдарға мектеп формасының талаптарын сақтай отырып, балиғат жасына жеткен мұсылман қыздардың орамал тағуына мүмкіндік беретін нақты құқықтық тетіктерді қарастыруды ұсынады» деп мәлімдеме жасаған болатын. Алайда мүфтияттың бұл ұстанымы қоғамда наразылық тудырып, «Бас мүфтиді орнынан алып тастау керек!» деген сыңайдағы пікірлер өршіп кетті. Әлбетте, хиджабты құптаушылар да аз болмады. Десе де ҚМДБ-ның мектеп формасына қатысты 9 қыркүйекте жасаған әлгі мәлімдемесі мүфтияттың ресми ресурстарынан алынып тасталды.
Әр жылдары мектепте діни киім кию мәселесі Екібастұз өңірінде де қылаң беріп қалатын-ды. Бірақ соңғы екі-үш жыл дересінде бұл мәселеде сұрақ туындамапты. «Оқушылар ың-шыңсыз қара немесе қара көк түсті киім киеді. Қыстыгүні қыз балаларға осындай түсті жылы шалбар киюге рұқсат етіледі. Діни киімге қатысты дау-дамай туындаған емес», – деді білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова.
Ж.ӘБДІКӘРІМ





