Қазақ халқының қатпарлы тарихында жарқын із қалдырған, ұлт мақтанышына айналған тау тұлғалы азамат, тұңғыш ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің туғанына биыл – 185 жыл. Осы айтулы датаға орай 15 қыркүйек күні Екібастұз тарихи-өлкетану музейінде әдеби сабақ форматында іс-шара өткізілді. Онда өрбіген әңгімеге №25 қазақ қыздар гимназиясының 3 «Ә» сыныбының оқушылары құлақ қанықтырып, сынып жетекшісі Альфия Мәжитқызының бағыт-бағдар беруімен жаттаған тақпақтарын оқып, жасанды интеллекті қолданумен Ыбырай Алтынсариннің «Әке мен бала» әңгімесінен түсірілген мультфильмді тамашалап, алған әсерлерін баяндап берді.
Әдеби сабақты ұйымдастырған музей қызметкері Ерлан Қабдылов жиналған қауымға ұлы ағартушының өмірі мен қызметі жайлы әңгімелеп берген соң, Естай атындағы балалар музыка мектебінің оқытушысы, әнші Бақытжан Ахметов екі ән орындап, журналист Жассерік Сәдуақасов 2024 жылы Торғай сапарында көзбен көріп, көңілге түйген ойларын бөлісті.
— Бір Аллаға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық!
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық, – деп іштей күбірлеп оқып шығып, ұстаз бен шәкірттің ақ мәрмәр ескерткішіне үңіле зер салып, Торғай кентіндегі музей үйінің басағасынан аттадым.
Есіктің оң жағында орнатылған кішкене тақтадағы: «Здесь 1864 году великий казахский просветитель Ибрай Алтынсарин открыл первую школу. 1988 году школа восстановлена силами тружеников района» деген жазу көзімізге оттай басылды әрі керемет әсер етті. Өйткені қалпына келтірілген мектеп ғимараты сол заманның өлшемімен тым көлемді еді.
Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы 26 қазанда қазіргі Қостанай облысы Затобол ауданында өмірге келген. Әкесі Алтынсары баласы Ыбырайдың үш-төрт жасында қайтыс болып, ол атасы Балғожа бидің тәрбиесін көреді. Сол заманда шекаралық комиссияда қызмет істеген Балғожа би немересінің білімге құштарлығын байқап, 1851 жылы Орынборда жаңадан ашылған мектепке оқуға береді. Ауылынан жыраққа кеткен он жасар бозбала жеті жыл оқып, ағартушылық қызметіне кіріседі.
Ұлы ұстаз қазақ даласындағы алғашқы мектебін Торғай қаласында 1864 жылы 8 қаңтарда ашады. Кейін жанынан интернат құрылады. Ыбырай Алтынсарин өзінің көздеген мақсаты жайлы сол жылы 16 наурызда былай деп жазады:
«Қойды қуған аш қасқыр секілді, мен қызу түрде балаларға білім беруге кірістім. Және осы балалар үш айдың ішінде, тіпті орыс және татар тілдерінде оқып-жазуды үйреніп алды. Бір сөзбен айтқанда, бұл жақсылар курс аяқталғанша, 4 жылдан кейін бір нәрсе үйреніп, лайықты сөйлей алатын болады деп үміттенемін. Сондай-ақ, кейін олар жемқор болып шықпас үшін бар ынта-жігеріммен тіпті олардың моральдық әрекеттеріне де әсер етуге тырысамын».
Ағартушы-педагог өзі ашқан мектептерді оқу құралдарымен қамтамасыз ету үшін шығармашылықпен еңбек етті. Осылайша, 1869 жылы «Қырғыз хрестоматиясы» мен «Қырғыздарды орыс тіліне үйретудегі алғашқы басшылық» атты оқу құралдары баспадан жарық көрді.
1879 жылы Ыбырай Алтынсарин Торғай облысына мектеп инспекторы болып тағайындалады. Сол кезде Ырғыз, Николаев (Қостанай), Торғай және Илецк облыстарында екі сыныпты орыс-қырғыз мектептерін ашады. Әрбір мектептің оқу құралдарымен жабдықталуына мән беріп, кітапханалар құрылуына көңіл бөледі. Сонымен бірге, Ыбырай Алтынсарин кәсіптік және ауыл шаруашылығы мектептерін ашуға ұйытқы болады. Қазақ қыздарының білім алуын қалап, әуелі Ырғызда, кейін 1891 жылы Торғайда, 1893 жылы Қостанайда, 1896 жылы Ақтөбеде қыз балалардың мектеп-интернаттары ашылады.
Жалпы алғанда, Ыбырай Алтынсарин — төрт екі сыныпты орыс-қырғыз училищесін, бір кәсіптік, бір қыздар училищесін, бес болыстық училище ашқан тұлға.
Ұлы ағартушы-педагогтың қазақ әдеби тілін қалыптастыруда да айтарлықтай еңбек сіңіргені белгілі. Оның қаламынан туындаған «Қыпшақ Сейітқұл», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Таза бұлақ» сияқты әңгімелер балаға ұғынықты етіп жазылған әрі әлі күнге дейін жас буынды адамгершілікке тәрбиелеп келеді. Сонымен бірге, Ыбырай Алтынсарин Толстой, Ушинский, Крылов секілді орыс жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Ыбырай Алтынсариннің қазақ балаларын оқу-білімге шақырғаны кертартпа ұғымдағы жергілікті адамдарға ұнамайды. Дұшпандары «шоқынған» деген айып тағып, ел ішінде жаманатты етуге тырысады. Қазақ даласында мектептер ашуға рұқсат еткен ақ патша билігі орыс миссионерлері арқылы қазақ балаларын шоқындыруды көздегені рас болатын. Ыбырай Алтынсарин миссионерлердің арам пиғылына тегеурінді қарсылық білдірген. Орынбор оқу аймағының татар, башқұрт, қазақ мектептері жөніндегі бақылаушысы В.Катринскийге күйзеле хат жолдап, А.Бессонов атты оқытушының мұғалімдер мектебінің үшінші және төртінші кластарында балаларға мәжбүрлеп «Інжіл» мен «Уағыз» сабақтарын жүргізе бастағанын айтып, мұның мұсылман балаларын мектептен безіндіретінін уәж етіп, тыйым салуды сұрайды. Өз басы «Мұсылмандықтың тұтқасы» деп аталған 4 бөлімнен тұратын кітап жазып, орыс ғалымы Н.Ильминскийден басып шығаруға көмектесуін өтінеді. Сөйтіп, аталмыш кітап 1884 жылы Қазанда араб жазуымен жарыққа шығады.
Ыбырай Алтынсарин 1889 жылы небәрі 48 жасында өмірден өтті. Ғұмыры келте болғанымен, жиырма төрт жасында Торғайда алғашқы қазақ мектебінің ашылуына қол жеткізген ағартушы-педагог ұлттың болашағы жарқын болуы үшін білімді ұрпақ қажет екенін өмір бойы насихаттап, сол жолда ересен еңбек сіңіріп, жер үстіндегі тарихи миссиясын адал атқара білді. Ағартушы-педагогтың өмірлік ісін шәкірттері жалғастырып, қазақ даласына білім шуағын шашты. Ақын Бекет Өтетілеуов пен «Қалың мал» романының авторы Спандияр Көбеев — Ыбырай Алтынсариннің шәкірттері. Ал Бекет Өтетілеуов кейін жазушылар Бейімбет Майлинді, Ғабит Мүсіреповті және қоғам қайраткері Ілияс Омаровты оқытқан. Осылайша, Ыбырай Алтынсарин мектебінің шуағы Торғай даласына тегіс тарап, ондаған тарихи тұлғалардың өсіп-өнуіне тікелей ықпал еткен. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов та осы мектепте білім алып, ұлтшылдық идеясын үзеңгілес серігі Міржақып Дулатовқа жұқтырған.
Екібастұз тарихи-өлкетану музейіндегі іс-шарада ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин жаққан шырақ ешқашан өшпейтіні бүгінгі күнмен шендестіріліп айтылды. Қазақ еліндегі заманауи мектептерде оқып жүрген мың сан бала Ыбырай аталарының: «Оқысаңдар, балалар, шамнан шырақ жағылар…» деген өсиет сөзін қаперде ұстап, білім нәрін теріп келеді емес пе!
Ж.БҰЛАНБАЙ







