Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу және балалар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі – бүгінгі таңдағы өзекті тақырып. Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қаласы полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімі бастығының орынбасары Дәурен Қарашашев осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті.
Дәурен Қарашашевтың айтуынша, бүгінде балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Кешенді жоспар аясында полиция қызметкерлері мектептермен, ата-аналармен және басқа да мүдделі ұйымдармен бірлесіп тұрақты түрде профилактикалық шаралар ұйымдастырады.
Жыл басынан бері Екібастұз қаласында 160-тан астам профилактикалық шара өткізілген. Солардың қатарында «Подросток», «Қауіпсіз каникул», «Түнгі қаладағы балалар» сынды рейдтер бар.
Балалардың құқықтарын түсіндіруге ерекше көңіл бөлінуде. Ағымдағы жылы 764-тен астам түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылған. Оның 401-ден астамы білім беру ұйымдарында өткізілсе, 271-ге жуығы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланыпты.
– Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету полицияның, ата-ана, мектеп және жалпы қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан құқық бұзушылықтың алдын алуға басымдық береміз, – деді Дәурен Қарашашев.
Брифингте буллинг пен кибербуллингтің алдын алу мәселесіне де баса назар аударылды. Баланы қатарластары жүйелі түрде қорлап, кемсітсе немесе бала қысымға ұшыраса, оның психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұндай фактілерді ерте анықтау аса маңызды.
Осы бағытта полиция қызметкерлері білім беру ұйымдарымен бірлесіп анонимді сауалнамалар жүргізіп, балалар арасындағы қарым-қатынасты зерделейді. Жүргізілген жұмыстар барысында бейресми көшбасшылыққа бейім 4 жасөспірім анықталған. Қазіргі уақытта олармен жеке жұмыстар жүргізіліп, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және ортасын өзгерту бағытында шаралар қолға алынған.
Қазіргі кезде кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық, буллинг және кибербуллинг белгілерін ерте анықтау және көмек көрсету үшін арнайы әдістемелер бекітілген екен.
Мектеп оқушыларының құқықтық сауатын арттыру мақсатында оқу жылы барысында «Құқықтық білім күні» өткізіліп, 5-11 сынып оқушыларына құқықтық түсіндіру сабақтары ұйымдастырылған. Оқушыларға қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік жөнінде ақпарат беріліп, бейнероликтер мен ақпараттық материалдар көрсетілген.
Балалардың қауіпсіздігі мәселесінде ата-аналардың жауапкершілігі туралы айтпай кетуге болмайды. Жыл басынан бері кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және оның құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 111 ата-ана (2025 жылы 104 ата-ана) әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Құқық қорғаушылар ата-аналарға баланың бос уақытын бақылауды, оның кімдермен араласатынына назар аударуды және мінез-құлқындағы өзгерістерге бей-жай қарамауды үнемі ескертеді. Полиция тарапынан балалардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз жүру фактілері бақылауға алынған. Осы мақсатта өткізілген рейд барысында түнгі сағат 22.00-ден кейін 24 жасөспірімнің (2025 жылы – 6 бала) ойын-сауық және көңіл көтеру орындарында заңды өкілсіз жүргені белгілі болды. Осы фактілерге байланысты 14 кәсіпкерлік субъектісіне (2025 жылы – 5 хаттама) әкімшілік хаттама толтырылған. 399 ата-анаға кәмелетке толмаған балаларының сағат 23.00-ден кейін үйден тыс жерде болуына байланысты ескерту жасалған.
Қоғамдық орындарда алкогольдік мас күйінде жүрген 20 жасөспірім ұсталған. Бұл фактілер бойынша олардың ата-аналары да жауапкершілікке тартылды.
Осыларға қоса ақпараттық кеңістіктегі балалардың қауіпсіздігіне мониторинг жүргізіледі. Интернетте кәмелетке толмағандарға қатысты құқыққа қайшы ақпараттарды анықтау және тексеру жұмыстары тұрақты негізде қолға алынған.
ГҮЛСАНА ҚУАТҚЫЗЫ





