Екібастұз өңірінде 12 қыркүйек-12 қазан аралығында тазалық айлығы өтеді. Осы орайда қала әкімдігінде аумақтарды абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау және көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу жөнінде отырыс болды. Жиында қала аумағы мен ауылдық елді мекендерді тазарту, заңсыз қоқыс орындарын жою, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, сондай-ақ, күзгі ағаш отырғызу жұмыстары талқыланды.
Кеңесте қала әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Жандарбек Төребеков баяндама жасап, Мемлекет басшысының қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру, азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыру және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясын жалғастыру жөніндегі тапсырмалары аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Қала аумағы мен ауылдық аймақтардың санитарлық жағдайын одан әрі жақсарту үшін абаттандыру және санитарлық тазалық айлығын өткізу жоспарланған. Айлыққа дайындық барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ЖК және АЖ бөлімі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, негізгі бағыттар мен жауапты орындаушыларды айқындады. Коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшіріліп, қажетті техника, құрал-жабдықтар және жиналған қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселелері пысықталды.
Айлық кезінде қалалық полигонға қалдықтарды тегін қабылдау ұйымдастырылады. Жиналған қоқысты шығару жұмыстарына мердігер ұйымдар мен қала кәсіпорындарының 100-ден астам арнайы техникасын тарту көзделіп отыр.
Тазалық жұмыстары көшелерде, аулаларда, саябақтар мен скверлерде және басқа да қоғамдық орындарда жүргізіледі. Сонымен қатар рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жоюға, нысандарға іргелес аумақтарды ретке келтіруге басымдық беріледі.
Айлық аясында кәсіпкерлік субъектілерімен де жұмыс жүргізілетіні айтылды. Кәсіпкерлерге нысандарына іргелес аумақтарды санитарлық және эстетикалық талаптарға сай ұстау қажеттігі туралы хабарламалар беріледі. Қоқысты жинау, аумақты абаттандыру, ғимараттардың қасбеттерін, қоршауларын және сыртқы көріністің басқа да элементтерін ретке келтіру мәселесі бақылауда болмақ.
Арнайы техниканың жұмысын үйлестіру үшін бірыңғай жинау орны белгіленді. Арнайы көліктер Қонаев көшесіндегі «Проммашкомплект» ЖШС маңындағы аумаққа жиналады. Техниканы бөлу және оның жұмысын үйлестіруді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жүзеге асырады.
Экологиялық айлықтың тағы бір маңызды бағыты – көгалдандыру. Кеңесте «Шахтер» саябағы аумағына осы күзде шамамен 1 700 ағаш отырғызу жоспарланып отырғаны айтылды. Жұмысқа қала құраушы кәсіпорындарды тарту көзделген. Негізгі ағаш отырғызу жұмыстары 26 қыркүйекте өтетін облыстық сенбілік аясында жүргізіледі.
Саябаққа павловния гибриді, жөке, қарағаш, татар үйеңкісі, шетен, мойыл, шаған және бөртегүл секілді жасыл желектер отырғызылмақ. Бұл саябақтағы жасыл желек көлемін арттырып, абаттандырып, тұрғындарға қолайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Осыларға қоса Павлодар облысының әкімдігі мен «Самұрық-Энерго» АҚ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес, көгалдандыру шараларына жыл сайын шамамен 105 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Осы жоба аясында Энергетиктер көшесінің бойына 1 958 ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Мұнда пирамидалы терек, бөртегүл және сары акация егіледі. Жұмыстарды осы аптада бастау көзделген.
Қала әкімі А.Бейсекин көгалдандыру жұмыстарына ерекше назар аударып, биыл отырғызылатын көшеттер саны бұрынғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда көп екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа ағаш түрлерін таңдау кезінде агрономдар мен дендрологтардың пікірлері ескеріліп, Екібастұздың табиғи-климаттық жағдайына бейімделген өсімдіктерді енгізу мәселесі қарастырылған.
Айлық барысында қала аумағындағы барлық учаскелер әдеттегідей мемлекеттік органдарға, кәсіпорындар мен ұйымдарға бекітіледі. Осындай жұмыстар ауылдық округтер деңгейінде де ұйымдастырылады.
Абаттандыру және санитарлық тазалық айлығының барысын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ЖК және АЖ бөлімі тұрақты бақылауда ұстайды. Бекітілген аумақтарға мониторинг жүргізіліп, атқарылған жұмыстардың аралық қорытындылары шығарылады.
Гүлсана ҚУАТБАЙҚЫЗЫ





