Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 2026-2027 жылдардағы эпидемиологиялық маусымға дайындық және вирустық инфекциялардың алдын алу шаралары сөз болды. Брифинг барысында денсаулық сақтау ұйымдарының дайындығы, тұмауға қарсы вакциналау, науқастарды оқшаулау және медициналық мекемелердегі қауіпсіздік шаралары туралы айтылды.
Маусымдық аурулардың алдын алу мақсатында медицина ұйымдарында дайындық жұмыстары алдын ала жүргізілген. Эпидемиологиялық маусымға арналған кешенді жоспар бекітіліп, медицина қызметкерлеріне профилактикалық шараларды түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылған. Сонымен қатар қажетті дәрі-дәрмектер мен медициналық қорғаныс құралдарының қоры жасақталған.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының маманы Бақыт Бекпаева маусымдық аурулардың алдын алуда вакциналаудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша,
15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы вакциналау басталды. Екпе ең алдымен қауіп тобына жататын азаматтарға ұсынылады. Олардың қатарында балалар, 60 жастан асқан адамдар, жүкті әйелдер, медицина қызметкерлері, сондай-ақ, эпидемиологиялық көрсеткіштеріне қарай екпе жасалуы тиіс азаматтар бар.
Спикер ауру белгілері байқалған жағдайда адамдардың өздігінен оқшаулануы және медициналық көмекке жүгінуі маңызды екенін атап өтті. Әсіресе білім беру ұйымдарында инфекцияның таралуын бақылау күшейтіледі. Егер сыныптағы оқушылардың не балабақша тобындағы балалардың 30 пайызы немесе одан да көп бөлігі ЖРВИ-мен ауырса, оқу процесі уақытша тоқтатылып, сынып карантинге жіберіледі.
Эпидемиологиялық жағдайға байланысты стационарлардың да дайындығы қамтамасыз етілген.
Қалалық аурухана басшысының орынбасары Светлана Подзорова стационардың эпидемиологиялық маусымға толық дайын екенін айтты. Инфекциялық бөлімше 32 төсек-орынға арналған, ал қажет болған жағдайда оның сыйымдылығын 64 орынға дейін арттыруға мүмкіндік бар. Медициналық ұйымдарда қажетті дәрі-дәрмек қоры жеткілікті.
Өңірдегі медицина қызметкерлері үшін 300 доза вакцина алынған. Негізгі қызмет көрсететін медицина қызметкерлері вакциналанған. Эпидемиологиялық ахуал тұрақты бақылауға алынып, мониторинг жұмыстары жүргізілуде.
Қаланың медициналық ұйымдарында инфекция белгілері бар пациенттерді дер кезінде анықтап, басқа келушілерден оқшаулау үшін де тиісті жағдай жасалған. «Дисконт» ӨК бөлімше басшысы Гүлжан Бейсекеева емханада фильтр кабинеті жұмыс істейтінін атап өтті.
– Емханаға дене қызуымен және ЖРВИ белгілерімен келген пациенттер алдымен фильтр кабинетіне жіберіледі. Мұнда науқастар мен дені сау азаматтарды бөлек қабылдау ұйымдастырылған. Фильтр кабинеті күн сайын сағат 8.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді, – деді бұл туралы Гүлжан Бейсекеева.
Бұдан бөлек, қаладағы ірі өнеркәсіп кәсіпорындары өз жұмысшыларының денсаулығын қорғау мақсатында тұмауға қарсы екпеге тапсырыс береді. Бұл ұжымдар арасында маусымдық вирустық инфекциялардың таралу қаупін төмендетуге бағытталған.
Брифингте дәрігер мамандар тұрғындарды аурудың алдын алу шараларын сақтауға, адам көп жиналатын орындарда сақтық танытуға, жеке гигиена талаптарын орындауға және ауру белгілері байқалған жағдайда уақытылы медициналық көмекке жүгінуге шақырды.
ГҮЛСАНА МЕДЕУБАЙТЕГІ






