11 қыркүйек күні «Горэлектросеть» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «2025-2029 жылдарға арналған электр желілерін реконструкциялау және электр жабдықтарын қайта жарақтандыру» инвестициялық бағдарламасының орындалуы баян етілген баспасөз турын ұйымдастырды.
Оған журналистерге қоса, Табиғи монополияларды реттеу комитеті Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Камила Байғожанова, облыстық мәслихат депутаттары қатысып, «Горэлектросеть» кәсіпорны бас инженерінің орынбасары Қуат Досымбаевпен бірге бірқатар нысандарды аралап шықты.
Ең алдымен Әлия Молдағұлова көшесі, 81 «А» мекенжайында ТП-179 нысанында болып, қашықтығы 5,7 километр болатын 0,4 Кв әуе желілерінің жаңғыртылғанын көзбен көрдік. Мұнда, сондай-ақ, 68 баған жаңаланыпты. Жалпы, биыл жаз кернеуі 0,4 кВт болатын қашықтығы 9,6 километр әуе желілері жаңартылып жатыр. Қазіргі уақытта аталмыш жұмыстар 62,5 пайызға аяқталыпты. Енді жаңғырту жұмыстарының пайдасы жайлы сөз етер болсақ, желілердің сапасы жақсарып, электр энергиясының ысырап болуы азайып, қызмет көрсету жеңілдемекші.
Айтпақшы, былтырғы жылы әуе желілері Солтүстік және Оңтүстік қалашықтарда жаңартылған екен.
Биыл жаз инвестициялық бағдарлама аясында кернеу 10 кВт – қашықтығы 1,74 километр, кернеу 0,4 кВт – қашықтығы 2 километр кабель желілері де жаңғыртылып жатыр. Жалпы, тозған электр желілерін жаңалау 2029 жылға дейін жалғасын тауып, негізінен жер үйлер секторына басымдық берілмекші.
Инвестициялық бағдарламаға жабдықтарды сатып алып, орнату да кіреді. Бұл орайда, 5 дана ТМГ-630 кВА трансформаторы сатып алынған екен. Соның екеуі ТП-143 бекетінде орнатылып, жұмыс істеп тұр.
– Бұрын мұнда ТМГ-400 Ква трансформаторлары болған еді. Жаңа жабдықтар қуаттылықты арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Тұрғындарды электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етуге, қызмет сапасын жақсартуға жағдай туғызылды. Былтыр №5 және №6 шағынаудандарда осындай трансформаторлар орнатылған болатын, – дейді «Горэлектросеть» ЖШС-нің бас инженері Сергей Даниленко өз сөзінде.
Бұдан кейін пресс турға қатысушылар РП-4 электр қуатын бөлу станциясында болдық. Мұнда ескі жабдықтар демонтаждалып, станцияда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Есік-терезелерін ауыстыру сияқты жұмыстар аяқталған соң, Алматыдан жеткізілген жаңа ұяшық жабдықтар орнатылады. Ал әзірге тұтынушыларға элекр қуаты уақытша қойылған трансформатордан берілуде.
Жалпы, бас инженер Сергей Даниленконың сөзіне қарағанда, биылғы жаз бен күзге инвестициялық бағдарлама шеңберінде жоспарланған іс-шаралар толық жүзеге асырылады. Инвестициялық жоба бойынша бұл мақсатқа 545 миллион теңге қаржы жұмсалады.
Баспасөз турына қатысушылар кәсіпорынның автопаркін жақсарту мақсатында биыл сатып алынған экскаваторды тамашалап, Табиғи монополияларды реттеу комитеті Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Камила Байғожанованың сөзімен айтқанда, инвестициялық бағдарламаның қағаз жүзінде емес, із жүзінде орындалып жатқанын көріп, оң бағалады.
Ж.СӘДУАҚАС







