15 қыркүйек күні қала басшысы кезекті аппараттық кеңес өткізіп, онда жылу беру маусымына әзірлік жайы пысықталды. Қала әкімдігінің ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мәди Зәйкеннің сөзіне жүгінсек, нақ осы күні, яғни, 15 қыркүйекте әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастапты. Жалпы, жылу беру маусымын ойдағыдай өткізуге Екібастұз жылу-электр орталығы мен Екібастұз жылу тораптары кәсіпорындары сақадай сай екен.
«Екібастұз жылу-электр орталығы» ЖШС-де қазіргі уақытта 1 қазандық іске қосылыпты. 9 қазандық резервте тұр. Жөндеу науқаны кезінде №9 қазандық күрделі, №12 және №14 қазандықтар кеңейтілген, ал қалған қазандықтар ағымдағы жөндеуден өткізіліпті. Сонымен бірге, жаз ішінде магистральдық және кварталішілік жылу құбырлары жаңаланған. Атап айтқанда, №№5,10,11,16 жылу магистральдарында жалпы қашықтығы 4,2 километр құбырлар ауыстырылған. Енді мердігер компаниялар жылу трассасы бойын қалпына келтіру және абаттандыру жұмыстарымен шұғылданып жатыр. Қала әкімі аталмыш жұмыстарды қыркүйектің соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Жаз ішінде, сонымен қатар, жалпы қашықтығы 18,8 километр кварталішілік құбырлар жаңартылыпты.
Сөз басында жылу берудің басталғанын айттық емес пе. «Екібастұз жылу тораптары» ЖШС-нің жөндеу бригадалары күндіз-түні кезекшілік атқарып, ақаулар байқалса, шұғыл түрде жөндеумен айналысуда.
Қаламызда 93 әлеуметтік нысан бар көрінеді. Соларға жылу берген соң, жеке сектор үйлері жылуға қосылады. Ал 28 қыркүйек пен 1 қазан аралығында көпқабатты үйлерге жылу беріледі. Қала әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ерлан Ақылтаевтың айтуынша, бүгінгі күні 699 биік үй жылу қабылдауға әзір екен. 11 көпқабатты үй таяу күндері паспорт алады. Сөйтіп, барлығы 710 биік үй жылумен қамтылады. Сонымен қатар, Солнечный кентінде 29 биік үй, Шідерті кентінде 69 биік үй жылу қабылдауға дайын.
Аппараттық кеңесте қаралған мәселені қорытындылай келе, қала әкімі Аян Бейсекин мекемелер мен биік үйлерді басқару органдары басшыларына жылу беру барысын бақылауға алуды жүктеді. Сонымен бірге, тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысына көпқабатты үйлерді жылыту маусымына тиянақты әзір етуде кәсіби шеберлігі және мол жауапкершілігімен көзге түскен басқару органдары басшыларын ынталандыру жағын ойластыруды тапсырды.
Аппараттық кеңесте «Горэлектросеть» пен «Горводоканал» кәсіпорындары басшылары да жазғы жөндеу жұмыстары жоспарға сай жүргізілгенін айтты. Ал қалалық білім бөлімі мен мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі басшылары ауылдық мектептер мен клубтарға көмір тасымалданып жатқанын баяндады.
Ж.ЖӘЛЕЛҰЛЫ





