Жыл сайын көктемде бір рет, күзде бір рет Екібастұз қаласы мен өңірінде санитарлық тазалық айлығын өткізу дәстүрі қалыптасқан. Биыл күз тазалық айлығы 12 қыркүйек пен 12 қазан аралығын қамтиды. Сөйтіп, 12 қыркүйек, яғни, сенбі күні жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылып, тазалық айлығы басталды. Оған мемлекеттік мекемелер мен жекеменшік кәсіпорындар, орта және шағын бизнес нысандары жұмылдырылып, таңертеңгілік «Проммашкомплект» ЖШС алаңшасында техника байқауы болды.
Техника байқауында «Екібастұзкоммунсервис», «Диас-Дар», «Ардабил» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жүк көліктері, жүк тиегіштері мен тракторлары сап түзеді. Жалпы, тазалық айлығына 100-ден астам, оның ішінде қала құраушы кәсіпорындар бөлген техника жұмылдырылмақшы. Қала әкімі Аян Бейсекин байқау кезінде коммуаналдық кәсіпорындар басшыларымен сөйлесіп, санитарлық тазалық айлығында атқарылатын ауқымды жұмысты тағы бір мәрте пысықтап, міндеттер жүктеді.
– Соңғы 4 жыл ішінде санитарлық тазалыққа айрықша мән беріліп, көп жұмыс атқарылды. Биылғы жазда бей-берекет 30 қоқыс үйіндісі жойылды. Талап етілсе де, тазалыққа бей-жай қарайтын жекеменшік фирмалар әлі де бар. Сол себепті полиция күресті өрістетіп, әкімшілік айыппұлдар салып, жауапкершілікке шақыру үстінде. Бұл іске қала тұрғындары да қолдау көрсетіп, тазалыққа үстірт қараушылар туралы хабарлай бастады. Осы жолғы тазалық айлығында кварталішілік тазалыққа көңіл бөлу қажет. Ал 19 және 26 қыркүйек күндері күзгі ағаш отырғызу акциясы өткізіледі. Экологиялық ахуалды жақсартуға септігін тигізетін акцияға екібастұздықтар жаппай қатысатынына сенімдімін, – деді Аян Уахитұлы журналистерге берген сұхбатында.
Техникалық байқаудан соң қала ішін аралап, екібастұздықтардың сенбілікке кірісіп кеткенін көзбен көрдік. Мәселен, №5 мектепте ұстаздар қауымы мен оқушылар білім ордасы аумағын тазалап жатыр екен.
– Бүгін сенбілікке 100-ден аса адам шықты. Мұндай сенбіліктердің тәрбиелік мәні де зор. Еңбек етіп, маңдай терін төккен балалар тазалықты сақтаудың қадірін біліп, соған дағдыланады, – дейді мектеп басшысы Наталья Зеленкевич.
Бұл күні №1 балалар мен жасөспірімдер спорты мектебінің, «Өнер» мәдениет сарайының, қалалық аурухананың, қала әкімдігінің және тағы басқа мекемелердің ұжымдары да жұмыла еңбек етіп, сенбілікке үн қатты.
Ж. ЖӘЛЕЛҰЛЫ









