Қалалық ауруханада «Вакциналау: медицина, жауапкершілік және таңдау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Медицина қызметкерлері мен конфессия өкілдері қатысқан жиында вакциналауға қатысты қоғамдағы күмәннің себептері, халықты ақпараттандыру және екпемен қамтуды арттыру мәселелері талқыланды.
Вакциналау бүгінгі таңда медицинадағы профилактиканың ең тиімді бағыттарының бірі болып отыр. Дегенмен екпе мәселесіне келгенде қоғамда сұрақ та, күмән де бар. Бір ата-ана баласының денсаулығын ойлап қосымша ақпарат іздесе, енді бірі әлеуметтік желідегі тексерілмеген мәліметке сүйеніп, вакцинадан бас тартып жатады.
Дөңгелек үстелге жиналған мамандардың пікірінше, мұндай жағдайда мәселені тек «екпеге қарсы» немесе «екпені қолдайтын» деп екіге бөліп қарау дұрыс емес. Көп жағдайда адамның күмәні ақпараттың жетіспеуінен болып, ақпараттың сапасыздығы сенімсіздік туындатады.
Аурухана басшысының орынбасары Светлана Подзорова осы бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.
– Вакциналау туралы халыққа дұрыс әрі түсінікті ақпарат тұрақты түрде берілуі керек. Тұрғындардың екпе алуына жағдай жасау да маңызды. Кейбір азаматтардың діни сеніміне байланысты вакцинадан бас тартатынын білеміз. Сондықтан бұл мәселені халықпен ашық сөйлесу, түсіндіру және түрлі қоғамдық топтармен бірлесіп жұмыс істеу арқылы шешуіміз қажет, – деді С. Подзорова.
Профилактикалық жұмыстың нәтижесі медицина мекемесінің қызметіне, сондай-ақ, қоғамның ақпаратты қалай қабылдайтынына да байланысты болмақ.
Эпидемиолог дәрігер И. Кәрімғажы вакцинадан бас тарту жағдайларында жалған ақпараттың ықпалы бар екенін айтты.
– Бүгінде вакцина туралы ақпарат көп. Бірақ оның бәрі бірдей сенімді емес. Тексерілмеген мәлімет адамның бойында негізсіз қорқыныш қалыптастыруы мүмкін. Сондықтан тұрғындарға ғылыми негізделген ақпаратты дер кезінде жеткізіп, түсінбеген сұрақтарына маманнан нақты жауап алу мүмкіндігін қамтамасыз ету қажет, – деді эпидемиолог.
Дәрігер Әлімжан Оспанов та осы ойды жалғады. Оның айтуынша, пациент медициналық ақпаратты қайдан алатынын білуі керек.
– Пациенттің ойында сұрақ көп болуы заңды. Ең бастысы – сол сұрақтарға жауапты сенімді дереккөзден, білікті маманнан алуы. Ақпаратты күрделі медициналық терминдермен емес, адамға түсінікті, қарапайым тілмен жеткізе білуіміз керек. Сонда ғана пациент өз денсаулығына қатысты шешімді саналы түрде қабылдай алады, – деді Ә. Оспанов.
Екпе туралы әңгіме баланың дүниеге келген алғашқы күндерінен басталады. Перзентханада жаңа туған нәрестеге БЦЖ және В гепатитіне қарсы вакцина салынады. Бұл екпелер баланың алғашқы кезеңдегі инфекциялық қауіптерден қорғанысын қалыптастыруға бағытталған.
Перзентхананың акушер-гинекологы Баян Ембергенова жаңа туған нәрестелерге екпе жасауға ерекше назар аударылатынын айтты. Сәби дүниеге келген сәттен бастап оның денсаулығын қорғау шаралары басталады. Перзентханада жасалатын БЦЖ және В гепатитіне қарсы екпелер – осы қорғаныстың алғашқы қадамдарының бірі. Өкінішке қарай, кейбір ата-аналар бұл екпелерден бас тартады. Сондықтан ата-анаға вакцина туралы ақпаратты бала дүниеге келгенге дейін жеткізу маңызды.
Баян Ембергенованың пікірінше, вакциналау туралы түсіндіру жұмысында медицина қызметкерінің кәсіби білімімен қатар, коммуникациялық қабілеті де маңызды.
– Ата-ана баласына қатысты кез келген шешімді жауапкершілікпен қабылдайды. Сондықтан медицина қызметкері екпенің қажеттілігін айтумен қатар ата-ананың күмәні мен сұрағына сабырмен жауап бере білуі керек, – дейді ол.
Мамандар перзентханада салынатын екпелермен қамту көрсеткіші кемінде 95 пайыз болуы қажет екенін айтады. Алайда қазіргі таңда бұл көрсеткіштің 90-92 пайызға дейін төмендеуі алаңдатады.
Жалпы ағымдағы жылдың 8 айында перзентханада 984 нәресте дүниеге келсе, олардың 898-іне – БЦЖ вакцинасы салынып, 47 балаға медициналық көрсетілімдеріне қарай екпе кейін шегерілген. Ал 39 ана екпеден түбегейлі бас тартыпты. БЦЖ вакцинасымен қамту көрсеткіші 91,26%-ды көрсетті. В гепатитіне қарсы 901 балаға екпе салынған. 31 балаға медициналық шегерім беріліп, 52 жағдайда ата-аналары вакцинадан бас тартып отыр. В гепатитіне қарсы екпе жұмыстары 91,56 %-ды құрады.
Жыл басынан бері травматологиялық пунктте 485 пациентке сіреспеге қарсы АДС-М вакцинасы салынды. Ал құтыруға қарсы (антирабиялық) екпе 820 пациентке жүргізілді.
Әрине, бұл жерде медициналық қарсы көрсетілімдері бар балалардың үлесі де ескеріледі. Бірақ вакцинаға күмәнмен қарайтын немесе діни сенімдеріне қарай екпеден бас артатын ата-аналардың болуы да қамту деңгейіне әсер етеді.
Баланың иммундық қорғанысын қалыптастыру туғаннан кейінгі алғашқы екпелермен аяқталмайды. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, бала өскен сайын түрлі инфекцияларға қарсы жоспарлы екпелер жүргізіледі. Сәби кезеңінде көкжөтел, дифтерия, сіреспе, полиомиелит, пневмококк және басқа да инфекцияларға қарсы екпелер жасалады. Кейбір вакциналар бірнеше дозамен енгізіледі, кейін қайта егу арқылы иммундық қорғаныс күшейтіледі.
Мектепке дейінгі және мектеп жасында қызылша, қызамық, паротитке қарсы екпенің маңызы зор. Жасөспірімдік және ересек кезеңде де ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес қажетті екпелер мен ревакцинация жүргізіледі.
Жиында екпеден бас тартудың қоғамдық денсаулыққа әсері де сөз болды. Светлана Валерьевна кейбір жылдары вакцинамен жеткілікті қамтылмаудың салдарынан қызылша мен көкжөтел сияқты инфекциялардың қайта өршитінін атап өтті.
– Вакциналау деңгейінің төмендеуі инфекциялардың қайта таралуына қолайлы жағдай туғызады. Қызылша мен көкжөтелді жеңіл ауру деп қарауға болмайды. Әсіресе кішкентай балалар үшін олардың асқынуы қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан инфекцияның алдын алуда екпенің маңызы өте жоғары, – деді ол.
Вакциналаудың пайдасы жеке адамды қорғаумен ғана шектелмейді. Қоғамда вакцина алған адамдардың үлесі жоғары болған сайын инфекцияның таралу мүмкіндігі де азаяды. Бұл екпе алуға медициналық мүмкіндігі жоқ немесе денсаулығына байланысты осал адамдарды қорғауға да ықпал етеді.
Дөңгелек үстелде вакциналау мәселесіне діни көзқарас тұрғысынан да пікір білдірілді. Мешіт имамы Дидар Салманов дәстүрлі дінді ұстанушылардың вакциналауға қарсылығы жоқ екенін атап өтті.
– Исламда адам денсаулығын сақтау маңызды құндылықтардың бірі ретінде қарастырылады. Денсаулық – адамға берілген аманат. Сондықтан аурудың алдын алу, өзіңді ғана емес, айналаңдағы адамдарды да қорғау – жауапкершіліктің бір көрінісі. Ислам тарихында да ауру тараған жағдайда сақтық жасау, науқастан оқшаулану сияқты қағидалар болған, – деді имам.
Ол сөз барысында Осман империясы кезеңіндегі шешекке қарсы егу тәжірибесін мысалға келтіріп, исламда карантин мен оқшаулауға қатысты ұстанымдардың болғанын айтты.
Католик шіркеуінің өкілі Александр Адоменас та дін мен медицинаның адам өмірін қорғау тұрғысындағы ортақ ұстанымына тоқталды.
Кездесудің қорытындысында Светлана Подзорова халықпен түсіндіру жұмысын бір реттік шарамен шектемеу қажеттігін атап өтті. Ол алдағы уақытта тұрғындармен және пациенттермен тікелей кездесулерді көбейтіп, вакциналау жөніндегі ақпаратты халық жиі қолданатын ақпараттық алаңдарға шығаруды ұсынды.
–Біз тұрғындармен тұрақты жұмыс істеуіміз қажет. Адамдар ақпаратты әлеуметтік желілерден іздейтін болса, сенімді әрі кәсіби ақпаратты сол ортада да ұсынғанымыз дұрыс болар. Пациенттермен, ата-аналармен кездесіп, олардың сұрақтарына ашық жауап берген жөн. Бұл жұмысты бірлесе атқарғанда ғана нәтижеге қол жеткіземіз, – деді С. Подзорова.
Шын мәнінде, вакциналау мәселесінде тұрғындардың сенімі керек. Ал сенім ашық диалог, кәсіби кеңес және нақты ақпарат арқылы қалыптасады.
Балаға екпе салдыру немесе салдырмау туралы шешім қабылдайтын ата-ана алдымен оның қандай аурудан қорғайтынын, қашан жасалатынын, қандай жағдайда екпе уақытша кейінге қалдырылатынын дәрігерден білуі қажет. Ал медицина қызметкерінің міндеті – осы ақпаратты ата-анаға қорқыныш туғызбай, түсінікті әрі сауатты жеткізу.
Вакциналау – ата-ананың баласының денсаулығына деген жауапкершілігі, дәрігердің кәсіби міндеті және қоғамның ортақ қауіпсіздігі.






