«Шахтер даңқы» белгісінің толық дәрежесін иелену – кез келген шахтердың арманы. Осы арманға қол жеткізген екібастұздық кеншілердің қатарында биыл 60 жасқа толған Алтынбек Жайдаров та сахнада маңдайы жарқырап, қошеметке бөленгеніне куә болған едік.
1966 жылы дүниеге келген Алтынбек Қабдоллаұлы – Төртүй орта мектебінің түлегі. 1984 жылы ДОСААФ оқу орнын тәмамдап, жүргізуші мамандығына ден қойды. 1984-1990 жылдары Төртүй ауылында жүргізуші болып еңбек етіп, 1985-1987 жылдары әскери борышын өтеді.
1990 жылы Екібастұз қаласының жолаушылар тасымалдау автопаркіне жұмысқа орналасты. 1991-1998 жылдары «Екібастұзкөмір» автобазасында автобус жүргізушісі болып қызмет атқарды.
1998 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «Богатырь Көмір» компаниясында еңбек етіп келеді. 2009 жылдан бастап автобаза механигі қызметін атқаруда. Бір сөзбен айтқанда, көзін тырнап ашқалы көк темірден ажыраған емес.
Төртүйлік Жайдаровтар әулетінің перзенттері қарашаңырақта ата-анадан көрген тәлімін өмірлік бағдаршам етіп, адал еңбекті серік етіп келеді. Еңбекқорлық пен адалдық қасиеттер Алтынбек үшін әкеден қалған асыл жәдігер іспетті.
Әкесі Қабдолла Қинаятұлы саналы ғұмырында туған жері – Төртүйде жылқышы болып тер төкті. Зайыбы Мәпен Ахметовамен бірге төрт ұл, төрт қызды мәпелеп өсірді. Мәпен апа болса «Екібастұз» кеңшарында сауыншы болды. Қабдолла Қинаятұлының қысы-жазы мал соңында төккен тері еш кетпей, омырауына Еңбек Қызыл Ту ордені мен «В.И.Лениннің туғанына – 100 жыл» мерейтойлық медалін тақты.
– 1962 жылы дүниеге келген егіз ағаларым Қабдыбәри мен Қабдуәли Төртүй орта мектебін үздік аяқтаған. Қабдыбәри еңбек жолын Екібастұз қаласының салық инспекциясында бастап, басшының орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Кейін «Богатырь Көмір», «Майкөбен» кәсіпорындарында еңбек етті. Кәсіби білімі мен көпжылғы еңбегі бағаланып, Қазақстан көмір өнеркәсібінің құрметті қызметкері атанды. Ағам Қабдуәли болса Қарағанды политехникалық институтын инженер-конструктор мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Екібастұз қаласының ЖБИ зауытында бастап, 1984–1997 жылдар аралығында бас инженер қызметін атқарды. «Богатырь Көмір» компаниясында ЖБИ учаскесін басқарды. Еңбек жолында өз ісіне жауапкершілікпен қарап, абыройлы қызмет атқарған азамат. Ағам Қабдыуахиттың есімі екібастұз-
дықтарға жақсы таныс. Ол – Ауған соғысының ардагері. 1989-1991 жылдары Екібастұз қаласындағы №1 мектепте қызмет атқарып, 1991-2005 жылдар аралығында жаттықтырушы болып еңбек етті. 2005 жылдан бастап Астана қаласындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған олимпиадалық спорт мектебінде жаттықтырушы қызметін атқарды. Волейбол спортын дамытуға елеулі үлес қосып, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы атанды, – дейді кейіпкеріміз.
Қай заманда да шопырдың жұмысы оңай болған емес. Таң алакеуімнен тұрып көліктің суын жылыту, мұздай орындығы жылынбастан қыс ішінде межелі жерге аттанып, денсаулықты сарп ету, қираған көлікпен ызғырық жел өтінде сайын далада қалу. Бұларға қоса, жолаушы тасымалдау саласындағылар небір наразы жандардың адуынды мінезімен бетпе-бет келетіні бар… Осылардың бәрі де кейіпкеріміз Алтынбектің басынан өткен. Демек, оның кеудесіндегі қаз-қатар төсбелгінің астарында алуан бейнет, талай ұйқысыз таңдар жатыр.
Адал азамат, нағыз еңбек адамы деп осындай жандарды айтады!
Ж.ӘБДІКӘРІМ







