Баланың басынан өткерген қиындықты дер кезінде байқап, оған қолдау көрсету аса маңызды. Әсіресе қатарластарының қысымына, буллингке немесе кибербуллингке тап болған балалар кейде өз мәселесін ашық айтуға қиналады. Осындай жағдайда олар қайда жүгінерін және кімнен көмек сұрарын білуі керек.
Осы мақсатта Екібастұзда «Сен жалғыз емессің» атты жоба өз жұмысын бастады. Жоба аясында балаларға сенім білдіруге, өз мәселесін ашық айтуға және қажет болған жағдайда құқықтық әрі психологиялық қолдау алуға мүмкіндік беретін арнайы кабинет ашылды.
Кабинет қалалық білім бөлімі базасында жұмыс істейді. Мұнда психологтар мен балалардың құқықтарын қорғау бағытында жұмыс істейтін мамандар қабылдау жүргізеді. Олар әр баланың проблемасын тыңдап, қалыптасқан жағдайдан шығудың жолдарын бірге қарастырады. «Сен жалғыз емессің» жобасы балаларға қиындықпен бетпе-бет қалмауға, өз құқықтарын білуге және қажет кезде мамандардың көмегіне жүгінуге мүмкіндік береді.
Жобаның балаға көмек сұрауды кейінге қалдырмай, кез келген уақытта байланысуына мүмкіндік береді. Білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова оқушыны біреу ренжітсе немесе оның құқығы бұзылған жағдайда, осы жерге келіп көмек алуына болатынын, жоба буллингке, кибербуллингке тап болған әрбір баланы тыңдап, оған қолдау көрсетуге дайын екенін айтады.
Көмек қажет болған жағдайда Екібастұз қаласы, Бауыржан Момышұлы көшесі, 70«А» мекенжайына баруға болады. Сондай-ақ +7 775 688 24 89 нөміріне қоңырау шалуға немесе осы нөмір арқылы WhatsApp мессенджерінде хабарласуға мүмкіндік бар. Байланыс желісі тәулік бойы жұмыс істейді.
Кенже ҚУАТ





