«YouTube» арнасын жиі қолданатындар ол жерде діни жарнамалар тым көбейгенін аңғарып жүрген болар. Нақты айтсақ, «Нұр-Мүбарак» университетінің құрылысына алақан жаюшылар көбейген жайы бар. Сонымен қатар, Есік қаласында салынып жатқан қыздар медресесінің құрылысына садақа сұраушылар көп. Мұнда медресе ғана емес, мешіт те салынып жатқанын осы каналдағы сансыз жарнамадан білдік.
«Есік қаласындағы 2000 адамдық мешіт құрылысына өз садақаңызды беріңіз», – дейді жарнама иелері. Садақа беруге нұсқалған сілтеме арқылы білгеніміз – 2000 орындық мешіт құрылысын «Ken bollike» қоғамдық қоры жүргізіп жатыр екен. Айтпақшы, қыздар мен әйелдерге арналған мұндай медреселер өзге де елді мекендерде салынып жатқан сияқты. Былай қарағанда, діни орындардың – мешіт, медреселердің құрылысына садақа беруді насихаттауда тұрған ештеңе жоқ сияқты. Бірақ біздің наразымызды аударғаны – жарнамалардағы діни түсініктердің таяздығында және жарнама мазмұнының агрессиялы сипатында:
«Адамға көмектессең, жақсылық қайтып келмейді, Аллаға берсең ғана мың еселеп қайтады» деген мағынада. Жарнама иелеріне салсаң, адам баласына, айналаңа жақсылық жасамау керек – тек қана садақаға сенім артып өмір сүру керек. Кей жарнамашылар: «Садақаңды беріп, алдыңнан келе жатқан қиындықтың бетін қайтар», – дейді. Дәп бір Ұлы жаратушы Иеміздің жоспарымен тікелей танысып қойған адам сияқты. Неге адамдардың бәрі «Менің алдымда қиындық бар» деп сенуі керек?! «Садақа бермегендер тозаққа түседі» деген сыңайдағы «сұрамшақтар» бұл өмірде нақты мешіт пен медресенің садақасынан басқа садақа жоқтай сөйлейді. Шын мәнінде садақаның садақадан дәрежесі жоғары-төмен деген ұғым жоқ қой!?
Қайсыбір жарнамашылар «Бұл оқу орнынан кейін небір ғұламалар мен әулиелер түлеп шығуы мүмкін» деген де сөзді айтып қалды. Егер ғылымды зерттемесе, жаһанды аузына біліммен қаратпаса, қайдағы ғұламалық? «Әулие түлеп шығады?» дегені қай сасқаны? Әулиелік медресе арқылы қона қалатын қасиет пе еді?!
«YouTube» арнасындағы жарнамашылардың бірінің аузынан: «Кем-кетікке, мұқтажға, мүгедекке садақа берсең, адамға берген болып саналасың, ал (мешіт) медресе құрылысына берсең – Алланың өзіне тікелей бергенің» деенді де естіп қалдық. Бұл, біздіңше, Құранға қайшылық. Жарлы-жақыбай, міскіннің, дімкәс, мүгедек жандардың алақанына түсетін аз ғана тиын-тебенге көз аларту, әрі-беріден соң. Кімге садақа берсе де адам баласы «Алла разылығы үшін» деп беретіні анық. Осындай сауатсыздық, қайшылықтар арқылы садақа жинаушылар дінді жағымсыз етіп көрсетуде. Кейбірі тіпті жекіріп ұрсып, елді қорқытып бағуда. Бейбіт елді айдың-күннің аманында қорқытып-үркіту құқын оларға кім берген?!
Жалпы, білімнің қандай түрі болса да Құранда сауаппен байланыстырылған. Не болса да медреседе алған білім бәрінен артық деген ұғым жоқ. Жарнамалардағы осынау сауатсыздық пен жөнсіздік жайынан Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы хабардар ма? Осы жарнамалардың негативтік сипатын қадағалайтын орган бар ма? Есік қаласындағы медресе құрылысы мүфтиятпен келісімді түрде жүріп жатыр ма? Осы сұрақтарға жауап іздеп біз Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің дін істері жөніндегі комитетіне сұраухат жолдадық, жауабын оқырмандар назарына ұсынатын боламыз.
Ал Екібастұз қалалық мешітінің бас имамы Нұрсейіт Омаров «Сіздер осы құрылыстар жайынан қаншалықты хабардарсыздар?» – деген сұрағымызға былай деп жауап берді:
«Нұр-Мүбарак» университеті – еліміздегі жалғыз діни оқу орны. Қазіргі уақытта онда жаңа оқу ғимаратын салу қолға алынған. Құрылтайшысы – Мүфтият. Біз де қолдан келгенше жұмадағы уағыздарымыздың соңында ол университет жайлы ақпарат беріп жүрдік. Өйткені бұл – дәстүрлі ислам дінін үйретіп, исламтанушы мамандарды дайындап жатқан жалғыз университет. Магистратура, докторантурасы да бар. Сонымен қатар, елімізде 9 ресми медресе-колледж бар. Олар мемлекеттік үлгіде диплом беріп, дәстүрлі ислам дінін үйретіп, колледж деңгейінде исламтанушы мамандарды даярлайды. Елімізде өзге де ресми тіркелген дайындық күрстары, құран жаттау орталықтары жұмыс істейді. Есіктегі мешіттің жанынан қыздар білім алатын мекеме ашылғанынан хабарым бар…
Бір қызығы, «Нұр Мүбарак» университетінің толық ресми атауы – «Нұр Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті. Бұл атаудың өзі адамды түрлі ойға жетелейді. Қазақстанда орналасқанымен, атауында өзге мемлекеттің аты тұрған жоғары оқу орны ғимаратының құрылысы осылайша жалпақ жұртқа алақан жаю арқылы жүріп жатыр әйтеуір. Ауыз жаппай садақа сұрай беру мына қымбатшылық заманда қаншалықты дұрыс?..
Ж.ЖАПАРОВА





