Екібастұз қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында профилактикалық шаралар жалғасып жатыр. Полиция қызметкерлері жауапты мекемелермен бірлесіп қала аумағындағы абаттандыру және санитарлық талаптардың сақталуын тексеруде.
Тазалық шараларының негізгі мақсаты – қоғамдық орындардағы тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету, абаттандыру қағидаларын бұзудың алдын алу және тұрғындар арасында заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру.
Полиция қызметкерлері көшелер мен аулаларды, ортақ пайдаланылатын орындарды ластау, белгіленбеген жерлерге қоқыс тастау сияқты құқық бұзушылықтарды анықтауда. Мұндай фактілер бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, заңнамаға сәйкес айыппұл салынады.
Жыл басынан бері Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы аясында қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзғандарға қатысты 799 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 2 162 500 теңге көлемінде айыппұл салынған. Ал 434-2-бап – ортақ пайдаланылатын орындарды ластау бойынша 43 құқық бұзушылық фактісі анықталған.
Қоғамдық тәртіпті бақылауда бейнебақылау жүйелері де маңызды рөл атқарады. Жедел басқару орталықтарының камералары арқылы қоғамдық орындарда тазалық талаптарын бұзу деректері тіркеліп, рұқсат етілмеген қоқыс орындары анықталады. Заң талаптарын бұзған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
– Осы орайда тұрғындар мен кәсіпкерлерге өздеріне бекітілген аумақтарды уақытылы тазалап, санитарлық талаптарды сақтауды және заңсыз қоқыс үйінділерінің пайда болуына жол бермеуді ескертеміз. Қоғамдық орындарға қоқыс тастамау, өзіміз жүрген және демалған аумақты таза ұстау – әркімнің мәдениеті мен жауапкершілігінің көрінісі, – дейді Екібастұз полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімі бастығының орынбасары, майор Дәурен Қарашашев.
Тазалық – ортақ міндет, ал тәртіпті сақтау әр азаматтан басталады.
Кенже ҚУАТ





