Шырайлы шаһарымыз тап-таза болған сайын, тұрғындар да төңіректі таза ұстауға дағдылана түскенін байқап жүрміз. Қала ішінде әдемі гүлдер егілген, жас шыбықтар отырғызылған, кіреберістері әсемделіп, жайнап кеткен аулалар көп. Солардың қатарына Естай Беркімбаев көшесіндегі №104 үй мен №102 үйдің ауласын қосуға болады. Нақтырақ айтқанда, осы екі биік үй түйіскен тұстағы №2 және №1 даландарда тұратын тұрғындардың тұрмыстық мәдениеті тым жоғары екенін көріп сүйсіндік.
Мұндағы абаттандыру жұмыстарына ұйытқы болып жүрген Сона Лопатникова сән салонында әкімші болып жұмыс істейді екен. Әдемілік пен тазалыққа жаны құмар келіншек көрші құрбыларының басын біріктіріп биыл жаз қыруар іс тындырыпты. Көрікті аулада кездескенімізде Сона Тахмасибовна бәрін тәптіштеп баяндады.
– Ауланы көріктендіруге мамыр айында кірістік. Келбетін қалай өзгертуді ойластырып, жертөлеге кіреберіс қабырғаны ұйғырдың ұлттық стилінде әсемдедік. Мына бұрыш – Баянауыл табиғаты бұрышы. Шыршалар, таудың тастары. Сәл берірек түрлі гүлдер егіп, жан-жағын өзеннің ірі жұмыр тастарымен көмкердік, – дейді ауланың бас сәулетшісі-сәндеушісі.
Айтпақшы, өзеннің жұмыр тастарын Сона Лопатникова қыдыра барғанда қапқа салып қиырдағы Алматыдан алып келіпті. Келіншектің мақсатына жету жолындағы жанкештілігіне таңданбасқа лаж жоқ.
Биіктігі шамамен 1 метрдей болатын дөңгелек тас клумбалардың атқарып тұрған қызметі – даландарға көліктерді тым тақау жібермеу.
№104 үйдің №2 кіреберісі тұрғындары қаражат қосып, далан сыртын тамаша етіп қойыпты. Бұл істі бұрын сылақшы болып жұмыс істеген Рита атты әйел атқарып шығыпты. Келесі кезекте №102 үйдің №1 даланы көріктендірілмекші.
Сона келіншек әңгімесін балалар алаңшасында жалғастырды. Төрт биік үйдің ауласында бір ескі, бір жаңа балалар алаңшасы бар екен.
– Мына ескі алаңша орналасқан жер ойпаң. Жаңбырда езіліп, суға толады. Осы жерге топырақ төгіп биіктетуге қолымыз қысқа. Егер билік тарапынан көмек болса, көктемде жағалай жас шыбық отырғызар едік. Жасыл желектің пайдасы зор емес пе, оттегін көбірек бөліп, ауаны тазартады ғой. Ал жаңа балалар алаңшасының тартан табаны тозып тұр. Сол ауыстырылса, тіптен құба-құп, – дейді Сона Лопатникова өтінішін жеткізіп.
Расында да, аулаларда ағаш аз екен. №102 үйдің №1 даланының оң жағында үш түп бозқараған өсіп тұр. Көктемде исі аңқып мұрын жаратын бозқарағандарды көзі тірісінде фотожурналист Рымбек Ибадулин отырғызған екен. Рымбектің жары Айсұлу да ауланы абаттандыру ісінің басы-қасында болып, ортақ іске қолұшын беріп жүр.
Айтпақшы, көршілер қаражат жинап, аулаға ұзыншалау орындық орнатыпты. Күндіз не кешқұрым көрші апалар осы орындықта отырып әңгіме-дүкен құруды әдет етіпті.
– Қарағым, биыл жаз қаламыз тіптен көркейе түсті. Көше жолдары мен тротуарлар асфальтталды. Жайлы аялдама павильондары орнатылды. Тазалыққа ерекше мән берілуде. Қыруар жұмысты орайымен үйлестіре білетін жас әкімге біздің ризашылығымыз зор, – дейді Нескен, Гүлнәр, Тиыштан апалар жарыса сөйлеп.
Тазалық тәртіп болса сақталады емес пе. Бірі – Баянауылдың Жайма ауылында, екіншісі – Павлодар қаласында, үшіншісі Майқайың кентінде туып-өскен, бертін Екібастұз қаласында тағдыр табыстырған қариялар жай отырмай, аулада тазалықтың сақталуын қадағалап отыратын көрінеді.
Иә, көршілер жұмыла іс-әрекет етсе, іс те оңғарылады.
Ж. Жәлелұлы





