«Зерде» мамандандырылған лицей-мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі – Назымгүл Нұртаева – филология және педагогика ғылымдарының магистрі, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері.
31 жылдық еңбек тәжірибесі бар ұстаздың қаламыздағы әріптестерінен бір өзгешелігі – жазу тарихына қалам тартып, ізденісте жүретіндігінде. Назымгүл Құдышқызымен сұхбатымыз латын қарпі, тіл дамуы төңірегінде өрбіді.
– Назымгүл Құдышқызы, сіз әліпби, жазу тарихына жіті үңіліп, әр жылдары баспа бетінде осы тақырыпта материал жариялап жүрген көкірегі ояу ұстазсыз. Яғни, жұрт қатарлы «дайын» дүниені күтіп отырмай, жазу, тіл саласындағы өзгерістерді өзіңіздің «ішкі зертханаңызда» зерделейтініңіз байқалады. Бірнеше жыл бұрын сол кездегі президенттің жарлығына орай бәріміз латынға көшеміз деп атойладық. Зерттеушілер латын қаріпті алфавиттің бірнеше нұсқасын ұсынды. Сіздің көңіліңізге солардың қайсысы қонды? Маған, мәселен, «у» әрпінің «u» болмай қалғаны үлкен қателік болып көрінді…
– Жанаргүл, бұл мәселе жаңалық жаршысы – журналист сізді де толғандырып жүргені анық, мәселе төркіні сізге түсінікті екен. 2017 жылғы жобаны алсақ: «U» негізгі таңбасы «Ұ» дыбысына беріліп, қалғандары үтір (апостроф) арқылы ажыратылды. Бұл мәтінді оқуды және жазуды қиындатқандықтан, ұсынылған алфавиттен бас тартылды. 2018 жылғы жобада күтпеген жерден «Y» дыбысы ретінде «y» таңбасы таңдалды. Бұл халықаралық стандарттарда «Й» немесе «Ы» дыбысына ұқсайтындықтан, қоғам мен мамандар арасында үлкен сынға ұшырады. 2021 жылғы соңғы нұсқада лингвист ғалымдар «бір дыбыс – бір әріп» принципіне сүйеніп, «У» дыбысына таза «U u» таңбасын бекітті. Ал жуан «Ұ» дыбысы сызықшамен (Ū ū), жіңішке «Ү» дыбысы қос нүктемен (Ü ü) белгіленді. Жетілдірілген әліпбиде әріп саны – 31, әліпби тек латын әліпбиі базалық жүйесі таңбаларынан құралған. Бұл әліпбиде қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Қазіргі ә (ä), ө (ö), ү (ü), ұ (ū) және ғ (ğ), ш (ş) қазақ әріптері диакритикалық таңбалармен берілген. Әліпбиде халықаралық тәжірибеде қолданыста бар умляут ( ̈ ), макрон ( ˉ ), седиль ( ̧ ), бревис ( ̌ ) диакритикалық таңбалары қолданылған. 2021 жылғы соңғы нұсқасы қазақ тілінің жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді.
– Түркі елдері латын қарпін өздерін бір мүддеге тоғыстырудың бір құралы деп есептеген. Десе де барлық түркі халқына бір ғана алфавиттің бекуіне Ахмет Байтұрсынұлы қарсы болған. Яғни, қазақ тілі өз ерекшеліктерімен қалуы керек деген пікірді ұстанды. Латын қарпіне көшсек, жастарымыз оңай жолды таңдап, орыс тілді мектептерді таңдайды, қазіргі қолда бар кітаптар оқылмай қалады деп ойламайсыз ба?
– Дұрыс айтасыз. А.Байтұрсынұлы 1926 жылы Бакуде өткен Бүкілодақтық Түркологиялық съезде «Біз сіздер үшін әліпби ауыстырмаймыз» деген екен, себебі түркі халықтары ғасырлар бойы пайдаланып келген жазу жүйесін бірден латынға ауыстыру мәдени құндылықтардың үзілуіне және халықтың қайта сауатсыз болып қалуына әкеледі деп санады.
– «Әdіlет» партиясы өз атауын латын қарпімен таныстырды, ішінде қазақтың «ә» әрпі бар. Бірақ әлі күнге бізде бекітілген латын әліпбиі жоқ. Мұны сіз қалай қабылдадыңыз? Жалпы, бинес нысандары атауларын латынша жазу, смс-терді латын қарпімен тарату қазір бізде қаншалықты жиі қолданыста? Мән беріп жүрсіз бе?
– Әлі күнге бізде бекітілген латын әліпбиі жоқ, бірақ мектепте кабинет атауын латын әрпімен жазу бір жылдары енгізілді, одан басқа «STEM», «ROBOTICS» деген жазулар көзге түседі. Қоғам санасында латын әліпбиі мен ағылшын тілін бір деп қабылдау белең алды. Өз тәжірибемнен бір мысал келтірейін. Латын әліпбиін қолға алып, барлық сыныптар диктант жазып, тіпті 2018 жылы Торайғыров университетінде 3-орын алдық. Төменгі сынып оқушысы: «Мұғалім, неге 305-кабинеттің сыртында «ИТ» деп жазылған?» дейді. Сөйтсем, «IT» (ай, ти) информатика кабинеті екен.
– Жергілікті қаламгерлердің бірінен «Біз руна жазуына көшуіміз керек» дегенді естіп қалдым. Бұл пікірге не айтар едіңіз?
– Тарихта «руналық жазу» дегеніміз екі түрлі мағынада қолданылады. Көне скандинав тілінен rún – көне, құпия, – II-III ғғ. бастап кейінгі орта ғасырларға шейін германдықтар қолданған әліпби. Латын жазуының таралуына байланысты қолданыстан шыққан. Екінші мағынасы: Орхон, Енисей өзендері бойынан табылған көне тас ескерткіштерді зерттеп, Копенгаген университетінің профессоры, дат ғалымы В. Томсен 1893 жылы 25 қарашада көне түркі руна жазуының құпиясын ашып, оны оқудың кілтін тапты, тастағы жазу «Орхон-Енисей немесе түркі руникалық жазуы» деп аталды. «Біз руна жазуына көшуіміз керек» деген пікірге қарсымын, себебі бұл – өлі жазу, енгізгеннің өзінде қазақтан басқа ешкім қолданбайды; алға жылжу емес, артқа қадам басу болады.
– Тіл саясатын алға бастыру мақсатында жер-жерде тіл курстары жұмыс істейді. Өз басыңыз сондай курстардан нақты тіл үйреніп шыққан кімдерді білесіз? Кей тіл жанашырлары өз жұмыстарын көшпелі тәртіпте жүргізеді. Яғни, нақты бір елді мекенге барып домбыра үйретіп яки қазақтың тағамдарын таныстырып, курс өткізеді. Бұл қаншалықты нәтижелі деп білесіз?
– Білмейді екенмін. 2000 жылы іргелес пәтер сатылып, Айгүл атты көршімді ереулікке шақырдым. Мектепті орысша бітірген. «Что такое ереулік?» деп сұрайды. «Покушаешь» деп қоямын. Екеуіміз 20 жыл көрші болдық, балаларын қазақ мектебінде оқытты. Бірде ауыруханаға түсіп қалды. Палатада бірге жатқан зейнеткер мұғалім: «Сіздің қазақша сөз саптауыңыз әдеби екен» депті. Неден деп ойлайсыз? Мен курс ұйымдастырған жоқпын, менімен тек қана қазақ тілінде сөйлесетін.
– Қазақстан көлемінде кешегі Қанипа Бітібаевалардың ізін басып келе жатқан қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің ішінен кімдерді атар едіңіз? Қазақ тілін оқытуда кімдердің қандай әдістемелері ұнайды?
–2003 жылы Нұрша Оразақынованың курсынан өттім. Оның авторлық сатылай комплексті талдау технологиясын кез келген пәнге қолданған тиімді, себебі білім жүйелі түрде меңгеріледі.
– Латын қарпіне көшкен бауырлас елдердегі тілдің беталысына қызығушылық танытып көрдіңіз бе?
– Ең бірінші болып Әзірбайжан Республикасында 1991 жылы түрік тілінің нұсқасындағы әліпби қабылданды; біржақтылықты ұстанған саясат өз жемісін берді; қазіргі кезде Әзірбайжанда латын графикасына өту процесі аяқталды, осы кезеңге дейін аталған мәселе бойынша айтарлықтай наразылық болған жоқ. 1991-2001 жылдар аралығында мынадай шаралар жүзеге асырылды:
– ең бірінші орта білім беретін мектептің бірінші сыныбы мен басқа сыныптары латын графикасында білім алды;
– 5-6 жылдың ішінде барлық іс қағаздары кезең-кезеңімен жаңа қаріпке көшірілді;
– осы аралықта барлық мемлекеттік мекемелер латын жазуына көшірілді;
– соңында барлық БАҚ латын әліпбиіне көшірілді.
Сөйтіп, өту кезеңінің соңында ӘР Президенті Г.Әлиев 2001 жылдың 18 маусымында «Мемлекеттік әзірбайжан тілін қолдануды жетілдіру туралы» Жарлық шығарады. Республика Президенті 2001 жылдың 9 тамызында «Әзірбайжан тілі мен әзірбайжан әліпбиінің күнін өткізу туралы» Жарлық қабылдады, яғни, латын әліпбиіне көшу 10 жылда аяқталды.
– Тіл үйретудің бір құралы кітап десек, бұрынғы біз оқыған кітаптарға қазіргі жастарды қызықтыру қиын. Осы орайда сіз қаламгерлерге не ұсынар едіңіз?
– Жас ерекшелігіне байланысты, өмірдің бір кезеңіне байланысты оқырман оқитын кітабын өзі іздейді. Дайын рецептісі жоқ, дегенмен өмір ағымына ілесіп, өзекті мәселелерді көтерген дұрыс. Мектеп бағдарламасына енген шығармалардың қайсысы балалар әдебиетіне байланысты? Осыдан 15-20 жыл бұрын оқушылармен Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», С.Мұратбековтің «Қылау» әңгімесін қызу талқылайтынбыз. Қазір Н.Ақыштың «Нағыз әже қайда?», Т.Нұрмағамбетовтің «Анасын сағынған бала» әңгімелері заманға сай мәселелерді қозғайды. Балалар әдебиетіне көңіл бөлу керек.
– Жалпы, қазақ тілін дамыту мәселесінде өзіңізді сүйсіндірген жоба, бағдарлама, идеялар бар ма?
– 5-сыныпта тілі орысшалау екі оқушы көзіме түсті. Әмірханның анасы «Баламның тілі орысша шыққан, баға үшін оқымаймыз, қазақ мектебіне білім үшін әкелдім» деп ескертті. Алғашқы жылдары диктант, мазмұндамада қате көп кездесетін, ауызша сөйлеу тіпті қиын болды. «Зерде» мектебінде «Шешендік өнер сыры» деген сабақ бар. Менің дебат технологиясымен айналысып жүргеніме 28 жыл болыпты. Биыл Әмірханның аттестатына «5» деген баға қойдым. Ал Жәңгір ағылшын, орыс, соңында қазақша дебатқа қатысып, облыста жүлдеге ие болды. Сөзімнің соңында мектептегі қазақ тілі мен әдебиетінің мәртебесіне тоқталғым келеді. Әлі күнге дейін математика, информатика, шет тілі пәндеріне табыну тоқтамай тұр. Тереңдету «ата-ана сұранысына сай» осы үш пәнге байланып қалған. Егер математика баланың маңдайына жазылмаса, сыныпты топқа бөл, сағат санын көбейт: ешқандай пайдасы болмайды. Ал қазақ тілі мен тарихты тереңдетсе, туған тілінің қыр-сырын меңгерген, салт-дәстүріне тереңдеген, еліне жаны ашитын жас ұрпақ көбейеді. Қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар қоғам санасының түзелуіне қызмет етеді. «Гуманитарные науки», «гуманизм» – адамды сүю.
Ж.Аймауытовтың «Ана тiлiн жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндердi түсiну мүмкiн емес» деген сөзі бар. Сөз ұқпаған баланың сөз есепті шығара алмауының себебі өзінен-өзі белгілі. Ендеше қазақ тілі мен әдебиеті мектепте басты пән болуы керек, оны сабақ кестесінде алтыншы сабақ етіп қоймау керек. Мықты басшы мұғалім қабылдағанда, алдымен қазақ тілі мұғалімін іздеп, мықты мұғалімнің қадірін біліп, барлық жағдайын жасап, одан айырылып қалмаудың қамын ойлайды, сонда ғана мектебіндегі өзге пәннің оқу сапасы артады.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Жанаргүл ҚАДЫРОВА







