«Ақкөл» кеңшарының кеңес дәуірінде ақтылы қой, қызыл қасқа сиыр өсірумен аты әйгілі болғаны белгілі. Қазақ Елі тәуелсіздікке қол жеткізіп, жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшкен уақытта шаруашылық таратылып, мал-мүлік жекешелендірілді. Бұрын мұндайды көрмеген ауыл тұрғындары алғашқы жылдары абыржып қалғанымен, қиын-қыстау шақта ес жиып, жеке шаруашылықтар құрып, жеке меншіктің артықшылығын ұқты.
Сол артықшылық көп ұзамай-ақ жемісін беріп, бүгінгі күні Ақкөл ауылдық округі өзінің баяғы қуатты қалпын қайта тапты. Сөзіміздің жалаң еместігін мына деректер айғақтайды. Қазіргі уақытта ауылдық округте 52 шаруа қожалығы, ауыл шаруашылығымен шұғылданатын 13 жеке кәсіпкерлік бар. Енді төрт түлік малдың саны жайлы айтар болсақ, 11560 ірі қара, 5613 қой-ешкі және 6026 жылқы өрісті толтырып отыр. Мал шаруашылығы өнімдері қымбаттаған сайын шаруалардың табысы да өсіп, артылған қаражатты шаруашылықтарын одан әрі дамытуға жарата бастағаны да жақсылықтың нышаны. Ақкөл ауылына барған кезекті сапарымызда мұны көзімізбен көріп, көңіліміз тоғайып қайттық.
Ауылдың күнбатыс жағында ел ішінде «Қоян базы» аталып кеткен жер бар еді. Сол жерге «Асылжан» шаруа қожалығының иесі Руслан Бекбергенов мал қора салып жатыр екен. Өкінішке қарай, жұмысбасты Руслан Байболатұлы қалаға жол жүріп кетіпті де, шаруашылық туралы бізге ауыл әкімдігінің бас маманы Жақсылық Боранбайұлы әңгімелеп берді.
– Шаруа қожалығы негізінен қара мал өсірумен айналысады. Алтыбай жайлауынан 3500 гектар жайылымдық жер алған болатын. Мал сол жақта бағылып жатыр. Шаруашылық иесі Русланға баласы Асылжан мен інісі Жасұлан көмектесіп жүр. Ал мына мал қораның құрылысы қыстаққа дейін аяқталады, – деді бас маман.
Ұзындығы 60 метр, ені 12 метр мал қораның қабырғасы қаланып, төбесін жабуға әзірлік жүргізіліп жатыр екен. Құрылыс материалдарын шаруашылық иесі өз қаражатына сатып алыпты.
Кері қайтқанда бас маман Жақсылық Боранбайұлы Русланның азаматтық келбеті жайлы сөз қозғап:
– Мына өзек үстіне көпір салып берді. Сонымен қатар, ауыл бюджетінен бөлінген қаражатқа елді мекен сыртындағы тұрмыстық қалдықтар полигонын ретке келтірді, – деді.
Жаңадан құрылған «Шитенов» шаруа қожалығы да өзінің алғашқы қыстағына әзірленіп жатыр. Мұнда да құрылыс қызу. Ұзындығы 38 метр, ені 11 метр мал қора бой көтеріпті. Енді төбесін шифермен жабу қалыпты. Шаруашылық қоршауының бір бұрышында шөп үйіліпті.
– Биылша мал азығын ауылдағы шаруа қожалықтарынан сатып алудамыз. Қала шетіндегі жер үйде қора салып, мал өсіріп едік, саны көбейіп, тарлық етті. Содан ұлым – Азамат: «Әке, туған ауылымызға жылжып, ел қатарлы шаруашылық ашайық» деген ұсыныс жасады. Баламның талабын құптап, жер алып, іс-әрекет етудеміз, – дейді Аманжол аға.
Аманжол ағаны бала кезімнен танимын. «Ақкөл» кеңшарында малшы болып еңбек етіп, тоқырау жылдары Екібастұз қаласына көшіп кеткен-ді. Қалада «Горводоканал» кәсіпорнында жұмыс істеп, сол кәсіпорыннан зейнеткерлікке шығыпты. Атакәсіптің табыс көзі екенін ертеден білетін ол қалада да мал өсіргенін жоғарыда айттық. Енді, міне, 75 жастағы Аманжол қарт жаз бойы вагонда жатып, баласының шаруашылығына бас-көз болуда. Баласы Азамат әзірге отбасымен қалада тұрып жатыр.
– Былтыр Ақкөл ауылының 90 жылдығы тойланды емес пе. Соған дайындық кезінде Азамат жекеменшік жүк көлігімен ауылға құрылыс материалдарын жеткізіп, көп көмегін тигізді. Туған ауылына бүйрегі бұрылып тұратын осындай азаматтардың ел ішіне көшіп келуін жөн деп санаймыз. Ауыл әкімдігі тарапынан мүмкіндігінше қолдау көрсетудеміз, – дейді бас маман Жақсылық Боранбайұлы.
Қоштасар сәтте Аманжол аға:
– Атакәсіпке бет бұрып, ауылға көш түзеген азаматтарға үй бөлінсе, артық болмас еді. Мемлекет көрсеткен қолдау шығыны ертеңгі күні еселеп қайтады ғой, – деген тілегін жеткізді.
Жалпы, Ақкөл ауылында жеке шаруашылықтарын кеңейтуге кіріскен азаматтар көп. Ағайынды Мереке мен Азамат Жакуповтардың тірлігі жайлы кейін жеке жазылады. Осы орайда айтпағымыз, әлді шаруалар саны көбейген сайын, ауылдың да әлеуеті арта түспек.
Айтпақшы, Ақкөл ауылдық округін аралап шыққанда, оған қарайтын елді мекендер: Зеленая роща, Жақсатта да шаруалардың мая-мая шөп үйіп қойғанын көрдік. Лимандарда – жыпырлаған бума-бума пішен. Шөбі шүйгін, шабындығы мол Ақкөл ауылдық округі мал азығынан тапшылық көрген емес. Биылғы қыстаққа әзірлік те қапысыз. Жаз бойы 23908 гектар алқапқа шалғы түсіп, 26200 тонна пішен дайындалыпты. Бұл жоспардағыдан 3,15 процентке артық. Пішеннің басым бөлігі, яғни, 17368 тоннасы көлтабанды шабындықтардан әзірленіпті. Мұнда гектар берекесі орта есеппен 25-28 центнерді құрапты.
Түйіндей айтқанда, алдағы қыстақты табысты өткеруге мал азығы жеткілікті.
Ж. Жәлелұлы






