9 қыркүйек күні Екібастұз тарихи-өлкетану музейінің көрме залында фотосуретші Николай Рындиннің «Жүрекке жақын қала» атты көрмесі ашылды. Ақсу қаласының 65 жылдығына орайластырылған көрмеге былтыр өмірден өткен фотосуретшінің сан алуан тақырыпта түсірілген 50 шақты фотосуреті қойылған.
Николай Рындин 1947 жылы 13 наурызда Павлодар облысы Успен ауданының Таволжан ауылында туған. Кейін ата-анасы Рождественка ауылына қоныс аударып, болашақ фотограф 1959 жылы дүкеннен «Смена» фотоаппаратын сатып алып, фото түсірумен шұғылданады. 1962 жылы оның фотосуреті алғаш рет Павлодар аудандық «Нива» газетінде жарияланып, оған белгілі фотограф Қаһармен Нұртазиннің назары ауады. Сөйтіп ол жасөспірімді фотосурет өнеріне баулып, екеуі Ермак мемлекеттік аудандық электр станциясының құрылысынан фотосуреттер түсіреді. Николай Рындин әскер қатарынан оралған соң сол кездегі Ермак, қазіргі Ақсу қаласында «Новый путь» газетінде фототілші болып еңбек етеді. Кейіннен Ақсу ферроқорытпа зауытының газдан құтқару стан-
циясында жұмыс істей жүріп сүйікті ісінен қол үзбей, өмірінің соңына дейін адалдық танытып өтеді.
Фотокөрменің ашылу салтанатында Ақсу тарихи-өлкетану музейінің басшысы Гүлжанар Ақшолақова сөз сөйлеп, фотосуретші Николай Рындиннің фототуындылары жайлы айтып, шеберлігін жоғары бағалады. Сонымен қатар, Көмір өнеркәсібінің құрметті қызметкері Анатолий Чалбышев және өзге де қонақтар естелік айтып, көрмені ұйымдастырушы белгілі фототілші Жұмағали Сейтеновке ризашылық білдірді.
Көрмеге қойылған «Құрылысшылар», «Металлург», «Күзгі аспан», «Тағы көктем келді» сияқты фотосуреттер көркемдігімен көңіл баурайды. Екібастұз қаласының тыныс-тіршілігінен түсірілген фотосу-
реттер де айшықты шығыпты.
Айтпақшы, көрме 1 ай бойы жұмыс істейді. Көрмені алғашқылар қатарында шара қонақтары мен №7 гимназия-мектебінің оқушылары тамашалады.
Ж. Бұланбай








