Өткен аптада «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы шығармашылық ұжымының екібастұздық жоғары сынып оқушыларымен кездесуі өтті. «Ерлік сабағы» деп аталған басқосуды «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы, майор Мейірбек Меңдіғалиев жүргізді.
Еркін форматта өрбіген диалогқа оқушылар қызығушылықпен қатысты. Олар Мейірбек Оразұлына өздерін толғандырған сұрақтарды жаудырды. «Нағыз патриот қандай болуы керек?» деген сұраққа майор: «Мәселен, сіздер мектеп қабырғасында білім алып жүрсіздер, бұл да Отан үшін еңбектенудің бір түрі», – деп жауап берді.
Соңғы уақытта елімізде әскери қызмет кезінде жарақат алу, тіпті өлім құшу оқиғалары көбейгенін ешкім жоққа шығара алмайды. Мәселен, таяу күндері Ақтаудан әскерге шақырылған 18 жастағы сарбаз Ұлттық Ұланның Ақтөбедегі №6655 әскери бөлімінде бірнеше рет соққы алғанын мәлімдеді. Сарбаз өзін шені сержант, аға сержант шеніне ие үш азаматтың тұрақты түрде ұрып-соғатынын, қуықтан тебетінін айтқан. Қарулы Күштердің абыройын төмендетіп, әскери қызметті жеккөрінішті етіп көрсететін мұндай келеңсіз жайттарға оқушылардың да құлағы түрік жүретінін кездесу барысында қойған сауалдарынан аңғардық. Десе де Мейірбек Оразұлы: «Қазақстан – жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында тұрған, қазба байлықтарға бай мемлекет, оларға сырттан көз алартушылар көп. Кейбіреулерге жастарымыздың әскерге бармағаны, Отанын қорғамағаны пайдалы», – деп, мәселенің тігісін жатқызуға тырысты.
– Майор шенінде алатын жалақыңыздың көлемі қандай? – деген сұраққа ол: «700 мың теңге», – деп жауап берді.
Мейірбек Меңдіғалиевтің өмірбаянына келер болсақ, ол Батыс Қазақстан өңірінде дүниеге келіпті. Әскери борышын Жәркентте өтеп, рота командирінің орынбасары, кейін рота командирі болған. «Мектеп қабырғасында әскери-патриоттық клубқа барып жүрдім, әскери қызметті таңдауыма алғашқы әскери даярлық пәнінен сабақ берген мұғалімім ықпал етті. Мектептен кейін Алматы қаласындағы құрлық әскерлерінің әскери институтында жоғары білім алдым. Жақсы көретін ісім – жүгіру. Жүгірген кезде ойлануға мүмкіндік туады», – дейді ол.
Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық ұжымы Екібастұзға қала әкімі Аян Бейсекиннің шақыруымен келіпті.
– Сапарымыздың мақсаты – жеткіншектерге әскери қызметтегі мүмкіндіктер жайлы ақпарат беру, елімізде қандай әскери оқу орындары барын жеткізу. Мұндай ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын 2022 жылдан бері жүйелі түрде жүргізіп келеміз, – деді майор Меңдіғалиев.
Екібастұздық өрендер үлкендер тарапынан «әскер саласындағы жақсы лауазымдарға тамыр-таныссыз орналасу қиын» деген қаңқу сөзді жиі еститінін де тілге тиек етті. Ал мамандық таңдау мәселесінде нақты шешім жасай алмай қиналатындарға майор Меңдіғалиев мынадай кеңес берді:
– Кейбір жастар мектеп бітіргенде әлі де қай оқу орнына барарын білмей жатады. Ондайда алғашқы әскери даярлық пәні мұғалімімен де кеңескен жөн. «Кім болам?» деген сұраққа нақты жауабыңыз болмаса, алдымен әскери борышты орындап алу жөнінде кеңес берер едім. Себебі әскер қатарында түрлі қызметтердің дәмін татып, ойлануға да уақыт болады.
Кездесу барысында Мейірбек Оразұлы жыл сайын өтетін «Жас сарбаз барысы» республикалық турнирінде (Талдықорған қаласы) 1-орын жеңімпазы атанып, 300 мың теңге сыйақыға ие болған екібастұздық жас палуан Әли Төлегенді сахнаға шақырып, көпшіліктің алдында қошемет көрсетті. «Жас сарбаз барысы» жеңімпазы өз кезегінде алдағы республикалық сайыстардың бірін өтетін орын ретінде Екібастұз қаласы таңдалса екен деген ниетін білдірді.
Әрине, Әли Төлегеннің бұл жеңіске кездейсоқ қол жеткізбегені белгілі. Осы орайда оқырман қауымға ол туралы мәлімет бере кеткенді жөн көрдік. Екібастұз қаласы №12 жалпы орта білім беру мектебінің 11-сыныбында оқитын Әли Төлеген –Қазақстан Республикасы чемпионатының (Өскемен, 2025); халықаралық «Жас Барыс» сайысының қола жүлдегері (Астана, 2025); дзюдодан Қосым Пішенбаевты еске алуға арналған халықаралық турнирдің күміс жүлдегері (Екібастұз, 2026). Былтырғы жыл да Әли үшін ерекше жемісті болыпты: «Баян батыр» республикалық турнирінің жеңімпазы (Екібастұз); Д.Д.Биткозовты еске алуға арналған республикалық турнир жеңімпазы (Жезқазған); қолбасшы ақын – Қожаберген жырау есімін ұлықтауға арналған республикалық турнирінің жеңімпазы (Петропавл); Қ.И.Сәтбаев республикалық турнирінің жеңімпазы (Павлодар); А.Қаңтарбаевты еске алуға арналған республикалық турнир жеңімпазы (Баянауыл); Р.Ізбастинді еске алуға арналған республикалық турнирдің қола жүлдегері (Павлодар, 2026) болды. Сонымен қатар, жас палуан 2025 жылы Павлодар облысы бойынша үздік спортшы атанған. Әлиді спорттық додаларға баптап жүрген бапкері Ербол Макратов екенін атап өту ләзім.
Бір қызығы, жас палуан Екібастұздағы майор Меңдіғалиев танитын жалғыз Әли емес екен. «Мен десанттық шабуылдаушы әскер батальонында қызмет еткенімде, қарамағымдағы 5-ші шабуылдаушы ротада жерлестеріңіз Әли Комсомол бөлімше командирі болды. Қазір Екібастұз өңірінде алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі болып еңбек етіп жүрген көрінеді», – дейді майор.
Ал енді Мейірбек Меңдіғалиев жетекшілік ететін «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдердің әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі жайлы айтар болсақ, «Жас сарбаз» – өскелең ұрпақты ел тарихына құрмет пен мақтаныш рухында, бүгінгі күнді прагматикалық тұрғыдан бағалай білуге және болашаққа оң көзқараспен қарауға тәрбиелейтін әскери-патриоттық бағыт. Оның ең жоғары құндылығы – Қазақстанның Тәуелсіздігі. Бірлестік мақсаты – елжанды, білімді, рухы биік, бәсекеге қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеу арқылы Қазақстанның тұрақты дамуына үлес қосатын азаматтарды қалыптастыру. Жастардың бойында патриоттық сезімді, жауапкершілікті, тәртіпті және салауатты өмір салтын орнықтыру.
«Жас сарбаз» бірлестігінің қызметі төрт бағытты қамтиды:
«Білімді жас сарбаз» – білімге, тарихи танымға, шет тілдеріне және технологияларға қызығушылықты арттыру;
«Саналы жас сарбаз» – адамгершілік қасиеттер, мәдени бірегейлік, татулық;
«Жігерлі жас сарбаз» – спорт, дене шынықтыру, ерік-жігерді дамыту;
«Болашағы жарқын жас сарбаз» – патриотизмді, тәуелсіздік жетістіктерін насихаттау бағыты.
Бірлестіктің негізгі жобалары – «Айбын» әскери-патриоттық жиыны, «Қалқан» қысқы спартакиадасы, «Жас сарбаз барысы» турнирі.
Ұйымға қосылуға ниет еткендерге төмендегідей талаптар қойылады: мектеп оқушысы болу; тәртіп және үлгерім; медициналық шектеулердің болмауы; қатысуға дайын болу; ережелерді сақтау.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы шығармашылық ұжымының қаламызға сапары бұл кездесумен ғана шектелген жоқ. Ұжым «Самғау» орталығының фойесінде «Көне заман дәуірі» тақырыбында көрме ұйымдастырып, екібастұздықтарды ерекше тарихи экспонаттармен қызықтырды. Көрмеге қойылған Абылай ханның Цин империясының билеушісі Цяньлунға ынтымақтастық туралы хаттары (көшірме) 1774, 1760 жылдары жазылыпты. Ежелгі Қазақстан дәуіріне тиесілі қару түрлері: қанжар, жауынгерлік пышақ, сойыл, жебе ұшы да көне тарих күмбірі болып сыр шертеді. Сырым Датұлының, Исатай Тайманұлының, Кенесары Қасымұлының, Есім ханның, Абылай сұлтанның, Тәуке ханның мөрлі жүзіктерінің көшірмелерін көру адамды ерекше сезімге бөлейді. Ал Махамбет Өтемісұлының мөрлі жүзігін көргенде, батырдың сұсты жүзі көз алдымызға елестеп:
«Мен бір енеден бір едім,
Күндердің күні болғанда,
Бір енеден екі едім.
Екеуіміз бірге жүргенде,
Уәдеге берік едім.
Бір енеден үш едік,
Үшеуіміз жүргенде,
Толып жатқан күш едік.
Бір енеден бес едік,
Бесеуіміз жүргенде,
Алашқа болма деуші едік.
Өтемістен туған он едік,
Онымыз атқа мінгенде,
Жер қайысқан қол едік» деген отты жырлары көкейімізге құйыла жөнелді.
Екібастұздағы патриоттық шаралар легі бұл күні «Шахтер» саябағында өткен концертпен жалғасын тапты. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблінің ұжымы ұсынған концерт еліміздің Әнұранымен және «Салтанат маршымен» басталды. Кіші сержанттар: Ағыбай Удешов, Айдана Иманбердиева, Сержан Ахметов, Альбина Мұқашева, Мақпал Омарова, Мәдина Сванқұлова, сержанттар: Алтынай Хабдесова, Эльдана Габерман, Қуаныш Ерзатұлы, аға сержант Сая Үмбетова, қатардағы жауынгерлер: Жәнібек Болатов, Қанат Ермек, Әйгерім Жантемірова, Әлия Аукенова, ҚР Мәдениет саласының үздігі, лейтенант Берік Ержанов сынды өнерпаздардың ән-күйі Екібастұз аспанын жалынды сазға бөледі. Аспапты трио құрамында лейтенант Олжас Мырзабек, кіші сержант Альбина Мұқашева, аға сержант Әсел Рысқұлбекова өнер көрсетті. Жерлесіміз, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, капитан Дәурен Төлеубаев орындаған «Екібастұз» әнін шахталы шаһар тұрғындары тебірене қабылдады.
Жанаргүл ҚАДЫРОВА










