Қырық жыл – тарих үшін қас қағым сәт. Ал адам өмірі үшін тұтас бір дәуір. Осы уақыт ішінде Солнечный кенті иен даладағы алғашқы үйлерден бастау алып, талай тағдыр тоғысқан, бірнеше ұрпақтың кіндік қаны тамған құтты мекенге айналды. Биыл энергетиктер кенті өзінің 40 жылдық мерейтойын атап өтті.
Солнечныйдың тарихы Екібастұз МАЭС-2 станциясының шежіресімен тамырлас. Станция құрылысы 1979 жылы басталса, 1986 жылы құрылысшылар мен алғашқы энергетиктердің отбасыларына арнап көпқабатты үйлер салынып, кенттің негізі қаланды. Көп ұзамай мұнда мектеп, балабақша, емхана, пошта, автовокзал сынды әлеуметтік нысандар бой көтеріп, энергетиктерге арналған толыққанды қалашық қалыптасты.
МАЭС-2-нің алғашқы энергоблогы 1990 жылғы 25 желтоқсанда, екіншісі 1993 жылы желіге қосылды. Станцияның 420 метрлік түтін мұржасы әлемдегі ең биік осындай нысан ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді. Өндіріс алыбының тынысымен бірге Солнечныйдың да өмірі қыза түсті. Кентте еңбек әулеттері қалыптасып, олардың өнегесі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасты.
Кентте станция қамқорлығына алынған отыздан астам ардагер тұрады. Олардың қатарында еңбек майданының қатысушылары, Чернобыль апатын жоюшылар мен Ауған соғысының ардагерлері бар.
Қырық жылдық тарихы бар Солнечный осы елді мекен тұрғындары үшін балалық шақтың, еңбек жолының, отбасылық қуаныштардың куәсі болған ыстық ұядай. Бүгінде кенттің келбеті де жаңарып келеді. Жолдар жөнделіп, аулалар абаттандырылуда, балаларға арналған жаңа ойын алаңдары пайда болды. Соңғы уақытта 21,6 мың шаршы метрден астам автомобиль жолы жөнделіп, «Солнечный кенті – саяжай» бағытының жолы жаңартылған. Бес заманауи балалар алаңы орнатылып, №17 балабақшаның аумағы асфальтталған, №16 мектепті абаттандыру жұмыстары аяқталған.
Кенттің әлеуметтік өмірінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің орны бөлек. 2023-2024 жылдары спорт кешенінде күрделі жөндеу жүргізіліп, 2024 жылдың соңында жаңғыртылған бассейн қайта ашылды. Мұнда балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі де жұмыс істейді. Осы орайда кенттің еркін күрес, футбол, волейболдан тәрбиеленіп жатқан жас өрендері облыстық және республикалық жарыстарда жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрініп жүргенін айта кету артық болмас.
Мерейтойда Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин Солнечный тұрғындарын 40 жылдық мерейтоймен құттықтап, кенттің қалыптасу тарихына тоқталды.
– Қырық жыл ішінде Солнечный талай белесті артқа тастап, қалыптасып, көркейіп, бірнеше ұрпақтың туған жеріне айналды. Кентіміздің тарихы энергетика саласының дамуымен тығыз байланысты. МАЭС-2 станциясының құрылысы басталған кезде осы жерде еңбек еткен энергетиктер мен олардың отбасыларының күшімен Солнечныйдың алғашқы шаңырақтары бой көтерді. Энергетика саласы кентіміздің қалыптасуына негіз болып, оның дамуына жол ашты. Бүгінгі Солнечный – өзіндік тарихы, жетістігі бар кент. Оның басты байлығы – адамдар. Бүгінде Солнечный өзгеріп, дамып келеді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Кент болашағы жарқын болсын! – деді құттықтау сөзінде қала басшысы.
Салтанатты шарада Солнечныйдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, қоғамдық өмірге белсене араласқан, адал еңбегімен елге қызмет еткен бірқатар тұрғын марапатталды.
Бұл күні Солнечный кентінің дамуына үлес қосқан энергетика саласының ардагері Гүлфия Ахмедова, Солнечный кентінің тұрғыны Ақсұлтанәли Мұртазаев, Екібастұз МАЭС-2 станциясының тепловоз машинисі Зейнолла Түсіпов «Екібастұз қаласының алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды.
Бұдан соң «Шырақ» пәтер иелері тұтыну кооперативінің төрағасы Қарлығаш Абулхаирова, осы мекеме төрағасының орынбасары Ғалиасқар Сейтжанов, кент тұрғындары Күләш Истамбекова мен Алмагүл Кудинова, «Мақпал» мәдениет үйінің дыбыс инженері Салтанат Құсайынова, Екібастұз МАЭС-2 станциясының акушер-гинеколог дәрігері Разигүл Уресаева Екібастұз қаласы әкімінің құрмет грамотасымен марапатталды.
Ал №16 жалпы орта білім беру мектебі директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Альмира Ахмеджанова, Солнечный кенті әкімі аппаратының күзетшісі Ләззат Мукарова, кент тұрғыны Клара Садықова, №28 Абай атындағы жалпы орта білім беру мектебінің шаруашылық меңгерушісі Айгүл Салменова, «Горводоканал» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жұмысшысы Татьяна Силевко, Екібастұз МАЭС-2 станциясының қазандық машинисі Лариса Стасевская қала әкімінің алғыс хатына ие болды.
Мерейтойдың сәнін сахнадағы концертпен бірге туған жерге деген тұрғындардың ықыласы да кіргізді. Таңертең спорттық жарыстардан басталған мереке ұлттық ойындармен жалғасты. Арнайы тігілген киіз үйлерде қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, ат әбзелдері, ою-өрнек пен қолөнер бұйымдары қойылды. Балалар үшін ойын алаңдары ұйымдастырылып, аниматорлар өнер көрсетті.
Кешкі концерттің шымылдығын Солнечныйда өсіп, өнер жолын осы кенттегі мәдениет үйінен бастаған әнші Қуат Құдайқұлов ашты. Оның артынша жергілікті шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп, Қазақстан эстрадасының танымал жұлдыздары AMRE, AKHA, Жанболат пен Жазира мерекелік кештің көркін қыздырды.
Қырық жылдық мерейтой – өткенге көз жүгіртіп, келешекке бағдар жасайтын белес. Солнечныйдың бүгінгі тынысынан осыны аңғаруға болады. Кенттің алғашқы үйлерін тұрғызған құрылысшылар мен алғашқы энергоблоктарды іске қосқан мамандардың еңбегі енді олардың балалары мен немерелерінің жетістіктерімен жалғасып келеді.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ








