31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Халықаралық спорт додасының ашылу салтанаты Бішкек қаласында ұйымдастырылды. Биылғы жарысқа әлемнің 113 елінен 3 мыңға жуық спортшы қатысыпты.
Көшпенділер ойындарының қорытындысында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 32 алтын, 20 күміс және 22 қола медаль иеленіп, 74 жүлдемен көш бастады. Қырғызстан құрамасы 30 алтын медальмен екінші орынға жайғасса, жеті алтын жүлдесі бар Ресей спортшылары үздік үштікті түйіндеді.
Ел құрамасының сапында жерлестеріміз де нәтижелі ойын көрсетіп, интеллектуалдық ойындарда ел намысын абыроймен қорғады.
Дүбірлі додада спорттың ұлттық түрлерімен қатар, тоғызқұмалақ, мангала, оари сынды интеллектуалдық ойындар да маңызды орын алды. Қазақстанның интеллектуалдық ойындар құрамасын жарысқа жерлесіміз, тоғызқұмалақтан спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ардақ Қанапашев бастап барды.
Ардақ Қанапашевтың айтуынша, интеллектуалдық ойындар бәсекесі алты күн бойы Шолпан-Ата қаласында жалғасып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген үздік ойыншылардың басын қосты.
«Интеллектуалдың ойындар аса тартысты өтті. Тоғызқұмалақтан 47 елдің 63 спортшысы бақ сынаса, мангала шеберлерінің қатарына 36 мемлекеттен 54 ойыншы қосылды. Жеті турдан тұратын жарыста әр ойыншы үшін әрбір кездесу маңызды болды. Командалық және жекелей есептегі тартыс ойыншылардан тек шеберлікті ғана емес, тактикалық ойлау мен төзімділікті де талап етті», – дейді Ардақ Қанапашев.
Жарыс жеті турдан тұрған. Спортшылар командалық және жекелей есепте сынға түсті. Әсіресе соңғы жылдары әлемнің әр түкпірінде кеңінен танылып келе жатқан интеллектуалдық ойындарға қызығушылық жоғары болған.
Ардақ Шәріпұлы оари ойынынан сынға түссе, оның жұбайы Құндыз мангала жарысында өнер көрсетті.
Ойындардың ішінде көпшілік үшін оари ерекше қызығушылық тудырған. Оған 44 елден 106 спортшы қатысыпты. Қазақстан құрамасы бұл жарыста үшінші жүлделі орынды жеңіп алды.
Ардақ Қанапашевтың айтуынша, оари мен мангала ұқсас.
«Оари – 300-400 жылдық тарихы бар, мангала тектес интеллектуалдық ойын. Өте қызық. Оны «Африка шахматы» деп те атайды. Бүгінде бұл ойын 80 елде, соның ішінде Еурова елдерінде де жақсы дамып келеді», – дейді ол.
Мангала ойынында да қазақстандық спортшылар жақсы нәтиже көрсетті. Әйелдер арасындағы командалық жарыста Қазақстан құрамасы екінші орын алып, күміс медаль иеленді. Бұл жетістікке Ардақ Қанапашевтің жұбайы Құндыз Есіркеп те өз үлесін қосты.
Ал тоғызқұмалақтан Қазақстан құрамасы жоғары нәтижеге қол жеткізіп, бірден төрт алтын медаль еншіледі.
Ұлттық ойындардың халықаралық деңгейде кеңінен қанат жаюы дәстүрлі спорттың әлемге танылып келе жатқанын көрсетеді. Осындай ауқымды додаларға жергілікті спортшылардың қатысып, ел намысын қорғауы өңірдегі спорттың дамуына да серпін берері сөзсіз.
Гүлсана ҚУАТБАЙҚЫЗЫ







