Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласындағы жетістіктері мен елеулі еңбегі үшін Гүлбаршын Әмерканованы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады.
Гүлбаршын Александрқызы – №5 ЖОББМ бастауыш сынып мұғалімі. Педагогтің жалпы еңбек өтілі – 40 жыл, оның 36 жылы білім беру саласына арналған. №5 мектепте 2020 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ұстаздың кәсіби біліктілігі – «педагог-зерттеуші».
Гүлбаршын Александрқызы 2021 жылы облыстық «Ең үздік оқу-әдістемелік құрал» байқауында жеңімпаз атанды. Ұстаз бұған дейін «Ыбырай Алтынсарин медалімен» және «Қала алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталған.
Сонымен қатар, облыстық тамыз мәслихатында облыстық «Үздік әдістемелік кабинет – 2026» байқауы қорытындыланып, Екібастұз қаласы білім беру бөлімінің әдістемелік кабинеті 1-орынға ие болды.
Әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша өткен облыстық спартакиадада Екібастұз қаласының құрама командасы да 1-орынға ие болды.
Ж.ЖАПАРОВА






