Кеншілердің кәсіби мерекесі биыл да кең көлемде аталып өтті. 29 тамыз күні кешқұрым «Өнер» мәдениет сарайы алдына мыңдаған адам жиналды. Қала әкімі Аян Бейсекин құттықтау сөз сөйлеп, көмір өндірісінің еліміз үшін, біздің қаламыз үшін маңызы туралы айтты.
– Қазір өңірдің көмір саласында 10 мыңнан астам адам тынымсыз еңбек етуде. Соңғы үш жылда «Богатырь Көмір», «Восточный» разрезі және «Ангренсор Энерго» кәсіпорындарында 162 миллион тоннаға дейін көмір өндірілді. Бұл–жай ғана өндірістік көрсеткіш емес. Оның әр тоннасында таңмен таласа жұмысқа аттанған азаматтардың маңдай тері, күрделі міндеттерді абыроймен атқарған мамандардың жауапкершілігі, еңбекті бағалаған елдің алғысы мен отбасының ақ тілегі бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шахтерлар мен кеншілер еңбегінің Қазақстанның экономикасын дамытудағы, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі айрықша рөлін талай мәрте атап өтті. Бұл сөздер Екібастұз үшін ерекше мәнге ие. Біздің өңіріміз ондаған жылдар бойы еліміздегі көмір өнеркәсібінің ең ірі орталықтарының бірі болып келеді, – деді қала әкімі Аян Уахитұлы.
Сонымен қатар, қала басшысы энергетика және электр энергиясын өндіру саласындағы жаңа жобаларды жүзеге асыру қаланың энергетикалық негізін одан әрі нығайтып қана қоймай, экономикалық өсудің жаңа мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашатынын атап өтіп, сөзінің соңында кеншілерге мықты денсаулық, еңбекте толағай табыс, отбасыларына береке мен бақ, шаңырақтарына тыныштық пен жылулық тіледі.
Осыдан кейін әдеттегідей марапаттау кезегі келіп жетті. Көмір өнеркәсібінің дамуына қосқан елеулі үлесі, адал еңбегі, белсенді өмірлік ұстанымы үшін және кәсіби мереке – Шахтер күніне орай мына адамдар Павлодар облысы әкімінің құрмет грамотасымен марапатталды: Сергей Дровалев – «Богатырь Көмір» ЖШС кеніші бас инженерінің орынбасары, Александр Кравченко – «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ «Шығыс» кенішінің машинисі, Сүйініш Омаров – «Богатырь Көмір» ЖШС кеніш экскаваторының машинисі.
Облыс әкімінің алғыс хатына «Богатырь Көмір» ЖШС-нің автокөлік жүргізушісі Толыбай Иманғазинов, осы кәсіпорынның отын-қазандық машинисі Оксана Ксенофонтова, «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ «Шығыс» кенішінің дабыл, орталықтандыру және блоктау учаскесінің электрмеханигі Виталий Осипцов ие болды.
Сонымен қатар, Наталья Гарифулина, Ержан Жупиянов, Марина Смирнова, Қанат Төлеубековке Екібастұз қаласы әкімінің құрмет грамотасы, Батырхан Шабалов пен Елена Шатиловаға алғыс хаты табыс етілді.
Биылғы жазда кәсіби мерекелер демеушілер күшімен ұланғайыр концерттерге ұласып, екібастұздықтар тамаша думандардың куәсі болып, рухани ләззат алып жүр. Бұл жолы кеншілердің құрметіне әуелі жергілікті өнерпаздар ән шырқап, содан соң Қазақстан эстрадасы жұлдыздары Досымжан Таңатаров, РАЙМ, сондай-ақ, шетелдік әншілер ән салып, түнгі аспанды отшашу жарықтандырды.
Ж. Жәлелұлы








