Екібастұз қаласы дүбірлі жарыстар мекеніне айналып, екібастұздықтар жарқын сәттердің куәгерлері болып жүр. 28 тамыз күні кешқұрым мыңдаған үлкен-кіші «Шахтер» стадионына ағылып, аренаны лық толтырды. Жарығы жарқ-жұрқ еткен дәу экран, құлақ тұндырған әуендер, ортаға құрылған сегізбұрышты октагон мұнда ерекше спорттық мереке боларын сездіріп тұрды. Бір мезет сахнаға шара жүргізушісі Әл-Фараби Батқұлден шығып, «ALASH PRIDE» аралас жекпе-жек лигасының «Жас қыран-128» турнирінің басталғанын хабарлап, сөзді қала әкімі Аян Бейсекинге берді. Аян Уахитұлы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жолдаған құттықтау хатты оқып шығып, аралас жекпе-жек жауынгерлеріне сәттілік тіледі.
Халықаралық сипаттағы турнирге Қазақстан мен Қырғызстанның, Өзбекстан мен Ресейдің, тіптен мұхиттың арғы жағындағы Бразилияның жауынгерлері жиналып, жарыстың бәсін қыздырды. Сахнадан шара қонағы Хиро екі-үш ән шырқаған соң, Екібастұз қаласы әкімінің қолдауымен өткізілетін турнирдің тұсаукесер жекпе-жегіне өзбек Мухаммедәли Мухиддинов пен Қанағат Идришов октагонға беттеді. Аралас жекпе-жек жарыстары шоу элементтерінен ада емес екен, екі жауынгер ән аясында жұдырықтарын әрі-бері ойнатып, көрермендердің шуымен жігерлерін жаныды. Осылайша өзбек шыққанда өзбекше, қазақ шыққанда қазақша ән шырқалды.
– Тексіз иттің күшігі
Қойдай боп жүннен қырқылды.
Бөрібасар дегендер
Сырғалы болып құртылды.
Бөлтірігім, сақ болшы,
Заман келсе де мың түрлі.
Сыпырғанмен терімді,
Сыпырмас ешкім рухымды, – деп келетін «Көкбөрі» әнімен рухын қанжардай қайраған Қанағат жекпе-жекке батыл кірісіп, сегізбұрыштағы екі жауынгер майдандасып-ақ кетті.
Жалпы, «Жас қыран -128» турнирінде 16 жекпе-жек өткізілді. Солардың ішінде тартысты болған бірнешеуіне тоқталайық. Жетінші жекпе-жекте павлодарлық Диас Нұрланов қырғыз Нұрмат Кеңесовті жеңсе, сегізінші жекпе-жекте қазақстандық Вадим Рабе өзбекстандық Джамшидбек Абдувохидовты 35 секунд ішінде нокаутқа түсірді.
Оныншы жекпе-жекте октагонда жанкүйерді жым-жырт еткен сәт орын алды. Екібастұздық Данияр Жүністі екінші раундта өзбекстандық Зиед Тахиров ауыр нокаутқа жіберіп, қарсыласы бірнеше минут ес жия алмай, ақыры «Жедел жәрдем» көлігімен ауруханаға әкетілді. Осыдан-ақ аралас жекпе-жектің спортшылардың денсаулығына зардабы болуы ықтималдығын байқадық.
Дегенмен жекпе-жектер ары қарай жалғасып, қарағандылық Абылайхан Ибраев тәжік Шероз Шариповты техникалық нокаутпен ұтты. Он бесінші жекпе-жек те көрермен есінде қалды. 70 кило салмақта «ALASH PRIDE» лигасының екі экс чемпионы дағыстандық Рамазан Кадиев пен тараздық Рүстем Құдайбергенов сегізбұрышта жұдырықтасуға шықты. Жанкүйер қауым бұл жекпе-жек ұзаққа созылады деп болжап еді, алайда Рамазан қылқындыру әдісін жасап, 58 секундта таза жеңіске жетті. Қуанышы қойнына сыймаған ол қолына микрофон алып, ендігі уақытта чемпион белдігі үшін жекпе-жек өткізгісі келетінін жария етті.
Алты сағат стадионнан тырп етпей күткен жекпе-жек кезегі де жетіп, бразилиялық Эдналдо Оливейра мен қазақстандық Расул Хатаев көрерменнің қолпаштауымен октагонға беттеді. Бразилиялық жауынгердің жасы отыз тоғызда, салмағы 120 кило екен. Ал Расул Хатаевтың жасы – отыз бірде, салмағы – 120 кило. Екеуінің де атақ-дәрежесі, жеткен жетістіктері аз емес.
Айтпақшы, Расул Хатаев октагонға чемпиондық атағын қорғап қалуға шықты. Екібастұздық жауынгер жерлестерін жерге қаратпау үшін қарсыласын ауыр-ауыр соққының астына алып, ұстаса кеткенде жығып жұдырықтап, әбден қалжыратты. Сөйтіп, үшінші раундта төреші жекпе-жекті тоқтатып, Расулдың техникалық нокаутпен ұтқанын жария етті. Жеңімпазға чемпион белдігін Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин мен «ALASH PRIDE» лигасының президенті Әлімжан Бектаев тақты. Өз кезегінде Расул Хатаев осындай тамаша турнирдің Екібастұзда ұйымдастырылуына қолдау көрсеткен қала басшысы Аян Бейсекинге, ұйымдастыру жұмыстарымен шұғылданған спорт бөліміне, жарыс демеушілеріне ризашылық білдірді.
Жалпы, «Жас қыран – 128» турнирінің қаламызда аралас жекпе-жектің дамуына серпін берері сөзсіз.
Ж. Сәдуақас







