Әйгілі журналист-жазушы Сейдахмет Бердіқұлов спортты «Арбаған мені бір сиқыр» деп бағалады емес пе. Расында да, бала күнінен бастап спортпен шұғылданған адам оны өмірлік серік етеді. Екібастұз қаласы мен өңірінде спортты серік еткендердің саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Ал олардың спортпен
айналысуына атқарушы билік мейлінше жағдай туғызып отыр. Соның арқасында біздің спортшылар түрлі деңгейлердегі жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүр. 27 тамыз күні «Өнер» мәдениет сарайында Спорт күніне орай салтанатты жиын өтіп, танымал спортшылар марапатталды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген қала әкімі Аян Бейсекин жиналған қауымды Спорт күні мерекесімен құттықтай келе, «Спорт – жеңіс пен жеңілістің таразысы ғана емес, мінезді шыңдайтын, ерік-жігерді бекемдейтін, адамды өз мүмкіндігінің шегінен асып, биік мақсаттарға ұмтылуға үйрететін үлкен мектеп», – деп атап өтті.
Бүгінгі күні Екібастұз өңірінде 50 мыңнан астам адам спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Оның ішінде 6 мыңға жуық бала мен жасөспірім спорттың 30 түрі бойынша шеберліктерін шыңдау үстінде. Жас спортшылар арасында биік белестерді бағындырғандар көп. Он бес жастағылар арасында Әмір Наурызғали тоғызқұмалақтан әлем чемпионы атанса, Мансұр Жәуде мен Әли Амангелді спорттық акробатикадан Азия чемпиондары болды. Ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жеткен спортшыларды санамалап шығу міндет емес, ең бастысы, олар еліміздің көк Туын биікте желбіретіп, Екібастұздың атын әлемдік аренада асқақтатуда.
Мықты спортшыны білікті бапкер тәрбиелейді. Осы орайда қала басшысы залда отырған жаттықтырушылар қауымына, сондай-ақ, ардагер спортшыларға алғыс айтып, ұйымдастырушылар ардагерлерге сый-сияпат жасады.
Спорт күні мерекесінде көптеген спортшы қала әкімінің құрмет грамотасына ие болды. Марапатқа қол жеткізгендер ішінде спорттық акробатшы Әли Амангелді, пауэрлифтингші Жандос Әнуарбеков, таеквондошылар Рената Асабашвили, Лина Кириченко, боксшы Айхан Берік, тоғызқұмалақшы Динара Диярова, жеңіл атлетші Станислав Кива және тағы басқалары болды. Жаттықтырушылар еңбегі де бағаланып, «Жасыбай» спорт мектебінің еркін күрестен жаттықтырушысы Қанат Уралбаев, таеквондодан бапкер Азамат Шакилов, Ақкөл ауылының спорт жөніндегі әдіскері, аударыспақтан жаттықтырушы Оразәлі Шөпшин марапатталды.
Айтпақшы, Екібастұз өңірінде ұлттық спорт түрлері де жақсы дамып келеді. Қала әкімі Аян Уахитұлы ақкөлдік көкпаршылар командасына 400 мың теңге мөлшеріндегі сертификат табыстады.
Спорт күнінде бірқатар спортшы қалалық мәслихаттың құрмет грамотасын алды. Ал облыстық спартакиадада жеңімпаз болған волейбол, стритбол, аударыспақ, асық ату, бес асық, шахмат, тоғызқұмалақ командалары, жүлдегер атанған волейболдан әйелдер құрамасы, қазақ күресі құрамасы және т.б. алғыс хат алды.
Жалпы, бұқаралық спортты ары қарай дамыту, әуесқой және кәсіби спортшыларды дайындау үшін заманауи спорт нысандары болғаны абзал. Осы орайда, биылғы жылы Бәйет пен Қоянды ауылдарында жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілмекші. Ал келесі жылы Екібастұз қаласында жабық мұз айдыны бар спорт сарайының құрылысы қолға алынады. Бірнеше жылдан бері сөз болып жүрген бұл ғимарат жобасы мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, енді қаржыландыру жағы қалыпты.
Ж.Жәлелұлы







