Қалалық коммуникациялар орталығында өткен брифингте жылыту кезеңіндегі қауіпсіздік шаралары, тұрғын үйлердегі өрттің алдын алу және әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қорғау мәселелері сөз болды. Брифингте ТЖ басқармасының аға инженері Т.Жұмабеков 2026-2027 жылдарға арналған жылыту маусымына дайындық жұмыстары туралы баяндады.
– Жылыту маусымы басталар алдында пештердің, қазандықтардың, мұржалардың және электр сымдарының жарамдылығын тексеріп, анықталған ақауларды уақытылы жойған дұрыс. Пештерді күйеден тазартып, олардың техникалық жағдайына назар аудару қажет, – дейді бұл туралы аға инженер.
ТЖ маманы электр желісіне шамадан тыс күш түсірмеу, ақаулы розеткалар мен ұзартқыштарды пайдаланбау қажеттігін ескертті. Пеш жағу кезінде бензин, керосин және өзге де тез тұтанатын сұйықтықтарды қолдануға қатаң тыйым салынады. Жанып тұрған пеш пен жұмыс істеп тұрған электр жылытқыштарын қараусыз қалдыру да қауіпті.
Апатты жағдайдың алдын алу мақсатында тұрғын үйлерге автономды түтін хабарлағыштары мен көміртегі тотығы датчиктерін орнату аса тиімді. Бұл құрылғылар өрт немесе улы газ қаупін ерте анықтап, адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Жылыту маусымының статистикасы да қауіптің өзектілігін көрсетіп отыр. 2025-2026 жылдары Екібастұз қаласының тұрғын үй секторында 18 өрт тіркелген. Бұл 2024-2025 жылдардағы көрсеткішпен салыстырғанда 28 пайызға төмен. Алайда биыл өрт санының азаюына қарамастан, өрт кезінде 8 адам қаза тапқан.
Өртенудің негізгі себептері: электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану ережелерінің бұзылуы – 10 жағдай, пешті орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы – 6 жағдай, отты абайсыз пайдалану – 2 жағдай.
Павлодар облысында 2026 жылғы 15 тамыздан 15 қыркүйекке дейін «Тұрғын үй секторларындағы өрт қауіпсіздігі айлығы» өтіп жатыр. Айлық аясында тұрғын үйлерді аралау, халыққа профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жадынамалар мен ақпараттық материалдар тарату жұмыстары жоспарланған. Бұл шараларға жергілікті полиция қызметі, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және волонтерлік ұйымдар да тартылыпты.
Әлеуметтік осал санатқа жататын азаматтардың үйлеріне ерекше назар аударылуда. Жүргізілген тізімдерді нақтылау нәтижесінде қазіргі таңда есепте 115 тұрғын үй бар екені белгілі болды. Бүгінгі күнге дейін мамандар 35 тұрғын үйге барып, 203 адамға түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
Сонымен бірге жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың қаражаты есебінен 120 көміртегі тотығы датчигі сатып алынып, ерекше назар қажет ететін азаматтардың тұрғын үйлеріне орнатылды.
Брифингте тұрғындарға жылыту маусымына дайындықты соңғы күнге қалдырмай, пештер мен жылыту құрылғыларының жарамдылығын алдын ала тексеру қажеттігі айтылды. Әсіресе балаларды қараусыз қалдырмай, өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын сақтау аса маңызды.
Кенже ҚУАТ






