27 тамыз күні қалалық коммуникациялар қызметінде журналистер үшін кезекті брифинг ұйымдастырылып, Екібастұз қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімі басшысының орынбасары, майор Малик Ренов күзгі әскери шақыру туралы баяндап берді.
Күзгі шақыру жылдағыдай 1 қыркүйекте басталып, 31 желтоқсанға дейін жүргізілмек. Әскер қатарына 18-26 жас аралығындағы азаматтар шақырылады. Екібастұз қаласы мен өңірінен күзгі шақырылуда кемінде 150 адам әскери борышын өтеуге аттануы тиіс. Қазіргі уақытта құрамына 12 маман дәрігер енгізілген медициналық комиссия жасақталыпты.
Айтпақшы, цифрландыру заманында әскерге шақыру жөніндегі хабарлама SMS арқылы жіберіледі екен. Және ол ресми түрде шақыру қағазы болып саналады. Хабарлама ала тұра медициналық тексеруден өтуден жалтарғандарға әкімшілік жаза қолданылады.
Брифинг кезінде сұрақтарға жауап берген Малик Әнуарбекұлының айтуынша, болашақ сарбаздардың денсаулықтары қанағаттанарлық. Әйтсе де жастар арасында омыртқа сүйегі қисайғандар мен көру қабілеті нашарлағандар кездеседі екен.
Жалпы, міндетті әскери қызметтен уақытша босатылатын өлшемдер заңда қарастырылған. Оларға отбасылық жағдайлар, жоғары оқу орнында күндізгі бөлімде білім алуы, денсаулығында кемістігі болуы жатады.
Денсаулығы жарамды сарбаздар әскери қызметті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінде, Мемлекеттік күзетте, Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдерінде және т.т. өтей алады. Осы орайда, айта кететін бір жайт, медициналық білімі бар азаматтар 3 жыл мерзімге шарт жасасып, мамандығына сай қызмет атқарып, табыс таба алады екен.
Малик Әнуарбекұлының сөзіне сүйенсек, көктемгі шақыру ойдағыдай өткізіліп, 144 сарбаз әскери борышын өтеуге жіберіліпті. Енді күзгі шақыру да табысты өтеді деген сенімде.
Ж.Бұланбай





