Таяуда қалалық мәслихаттың кезекті XLІX сессиясы болып, онда бірқатар мәселе қаралды. Қала әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы Салтанат Қорабаева «Екібастұз қалалық мәслихатының 2025 жылғы 17 желтоқсандағы №296/38 «2026-2028 жылдарға арналған Екібастұз қалалық бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы» баяндады.
Қала бюджетін нақтылау салық салынатын базаны нақтылау, бюджетті реттеу және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің мемлекеттік сатып алудан жасаған үнемдеулері мен оңтайландырылған шығындарды жаратуы есебінен жүргізілді. Сөйтіп қала бюджетіне төмендегідей өзгерістер енгізу ұсынылды:
– әлеуметтік салық бойынша түсім нормативтері ескерілді – 1008,6 миллион теңге;
– азаматтарға сатылған пәтерлерден түскен қаражат азайтылды – 1298,1 миллион теңге;
– жер салығы азайтылды – 329,2 миллион теңге;
– облыстық бюджетке реттеу жасалды – 2244,2 миллион теңге;
– бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің мемлекеттік сатып алулар шығындары реттелді.
Сөз болып отырған қаржы экономика және қаржы бөліміне, ТҮКШ, ЖК және АЖ бөліміне, жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөліміне және тағы бірқатар бөлімге бөлінді.
Осы өзгерістерді ескергенде қала бюджетінің көлемі 102943,2 миллион теңгені құрады.
Сонымен бірге, сессияда Екібастұз қаласын 2026-2030 жылдар ішінде дамыту жоспарына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, Деректерді өңдеу орталығы алқабын дамыту үшін қажетті жағдайларды жасау: инновациялық даму қоры қаржысы есебінен кіреберіс автомобиль жолы құрылысы биыл, ал су құбырының сыртқы инженерлік тораптарының құрылысы 2026-2027 жылдары жүзеге асырылады. Аталмыш жобалардың стратегиялық маңызы зор және қала экономикасының өсуіне, қосымша инвестициялар тартуға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды жоба: әуежай кешенін дамыту мен жаңғырту. Бұл үшін жекешелендіру кезінде жеке адамның меншігіне өтіп кеткен ескі әуежай кешенінің мүлкін 1 миллиард теңгеге сатып алу қарастырылып отыр. Жалпы, 2027-2029 жылдары салынатын жаңа әуежай кешені құрылысына 40 миллиард теңге қаржы жұмсалады.
Үшінші – тұрғын үй құрылысын дамыту. Энергетиктер көшесі, 99 «А» мекенжайында 44 пәтерлі биік үй салу көзделіп отыр. Оған тартылатын жеке инвестиция көлемі – 1 миллиард теңге.
Сессия үстінде депутаттар қаланы дамыту жоспарына енгізілген өзгерістерді мақұлдап дауыс берді.
Осы жолғы сессияда Екібастұз қаласы бойынша коммуналдық қалдықтардың түзілуі мен жинақталуының жаңа нормаларын бекіту мәселесі де қаралып, ол жөнінде ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мәди Зәйкен хабарлама жасады.
Жалпы, сөз болып отырған нормалар 32 позициядан құралады. Соның ішінде 2 позиция бойынша норманы өзгерту ұсынылды. Ол екі норма бойынша «Ерай-Сервис» ЖШС коммуналдық қалдықтардың жинақталу нормасына есептеу жасаған екен. Жаңа есептеу коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын есептеудің Типтік ережелеріне сәйкес жүргізілген. Осы есептеу нәтижесінде көпқабатты тұрғын үйлер үшін орташа жылдық жинақталу нормасы 2,53 текше метрді құрапты. Бұған дейінгісі – 1,95 текше метр. Жеке үйлерге орташа жылдық жинақталу нормасы 2,64 текше метр, бұған дейін 2 текше метр болған еді. Қаралған мәселені талқылау кезінде сессия жұмысына қатысқан қала әкімі Аян Бейсекин сөз алып, жаңа нормаларды бекітудің қажеттігін түсіндірді. Нормаларды сәйкестендіру қызмет көрсетушіден қызмет сапасын жақсартуды талап етуге ықпал етеді. Өйткені қазіргі қолданыстағы нормалар тұрмыстық қалдықтарды күн сайын шығаруға аздық етіп отыр. Ал қалада санитарлық тазалық сақталып, тіптен жақсара түсуі тиіс. Әрине, жаңа нормалар кейін тарифтердің өсуіне әсер етеді. Осы орайда, қала басшысы тарифтердің күрт өсуіне жол берілмейтінін, бір жыл ішінде кезең-кезеңмен 4 мәрте бөлумен көтерілетінін, әлеуметтік осал топтарға жеңілдіктер қарастырылатынын шегелеп айтты.
Жалпы, бұл жолы нормаларды өзгерту ғана қарастырылды. Тарифтер туралы әңгіме кейін қозғалады.
Сессияда, сонымен қатар, Шідерті кентінде коммуналдық қалдықтардың түзілуі мен жинақталуының нормаларына да өзгерістер енгізілді. Көпқабатты үйлер үшін жылдық жинақталу нормасы – 2,25 текше метр, жеке сектордағы тұрғын үй үшін 2,35 текше метр. Халық қалаулылары жаңа нормаларды жақтап дауыс берді.
Ж. Сәдуақас






