Білім күні қарсаңында Атығай ауылында көптен күткен жаңа мектеп есігін айқара ашты. Заманауи білім ордасының пайдалануға берілуі – ауыл тұрғындары үшін айтулы оқиға. Өйткені бұл ғимарат ауыл баласының сапалы білім алып, өз қабілетін жан-жақты дамытуына жол ашатын жаңа орта болмақ.
Жаңа мектептің ашылу салтанаты мемлекеттік Әнұранмен басталды. Мерекелік шараға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин, «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС бас директоры Джонатан Рао, ардагер ұстаздар, ауыл ақсақалдары, мұғалімдер, ата-аналар мен оқушылар қатысты.
Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі ең алдымен ауыл мен қала баласына жасалатын жағдайдың тең болуы маңызды екенін атап өтті. Осы орайда Президенттің «Баланың бәрі бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек», – деген сөзіне тоқталды. Бұл – бүгінгі білім саясатының басты ұстанымдарының бірі.
Асайын Байханов жаңа мектептің бой көтеруіне қолдау көрсеткен «KAZ Minerals Bozshakol» компаниясына алғысын білдіріп, осындай әлеуметтік жобалардың ауыл өміріндегі маңызына тоқталды. Ауыл баласына заманауи білім алуға барлық мүмкіндік жасалса, оның болашағына да берік негіз қаланады.
Осыдан кейін «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС бас директоры Джонатан Рао мектеп директорына жаңа білім ордасының символдық кілтін табыстады. Ардагер ұстаз Әмина Уақбаева екеуі көк лентаны қиып, мектептің жаңа тарихына жол ашты.
Атығай мектебінің тарихы 1990 жылдан басталады. Осы уақытқа дейін білім беру үдерісі бұрынғы балабақша ғимаратында жүргізіліп келген. Мектепте бар болғаны тоғызға жуық оқу кабинеті болып, сабақ екі ауысымда өтетін. Мәжіліс және спорт залдарының болмауы да оқушылардың толыққанды білім алып, шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуына шектеу келтірген-тін.
Енді бұл жағдай түбегейлі өзгерді. Ауданы 1500 шаршы метрден асатын жаңа ғимарат 120 оқушыға арналған. Мұнда оқу кабинеттерінен бөлек, химия, биология, физика, информатика, география, тарих, қазақ, орыс және ағылшын тілдері, математика, технология және дизайн бағыттарына арналған арнайы кабинеттер жабдықталған. STEM-зертхана да оқушылардың тәжірибе жасауына, ғылымға қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Мектепте 37 компьютер, интерактивті панельдер, кітапхана мен оқу залы, мәжіліс залы, асхана, спорт және күрес залдары бар. Яғни жаңа ғимаратта баланың сабақ оқуына, бос уақытын тиімді өткізіп, өнерін дамытып, спортпен айналысуына да жағдай қарастырылған.
Жаңа мектептің құрылысы 2025 жылдың сәуірінде басталып, 2026 жылдың мамырында аяқталған. Жобаның жүзеге асуына «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС демеушілік жасап, құрылыс жұмыстарын «MGS Story Group» ЖШС атқарды.
Бұған дейін шектеулі жағдайда білім алып келген Атығай балалары енді заманауи кабинеттерде сабақ оқып, зертханаларда тәжірибе жасап, спорт залында жаттығып, өнер үйірмелеріне қатыса алады.
Алдағы оқу жылынан бастап мектепте қазақ күресі, үстел теннисі, хореография, шахмат, домбыра, вокал және мәнерлеп оқу бағыттарында қосымша үйірмелер жұмысын бастайды.
Қонақтарды мектеп ішінде өнерлі оқушылар қарсы алды. Балалар ұлттық өнерді дәріптеп, «Ерке сылқым» күйін орындады. Мектеп кабинеттерін аралаған қонақтар мұғалімдер бөлмесінің, химия-биология және технология кабинеттерінің жабдықталуымен танысты. Асханадағы жағдайды да көріп, мектептің күнделікті жұмысына қажетті мүмкіндіктердің бар екеніне көз жеткізді.
Ал күрес залында қазақ күресінен жүлделі орындар алып жүрген оқушылар өз шеберліктерін көрсетті. Олардың жаттығуларын тамашалаған қонақтарға жас спортшылардың дайындығы да таныстырылды.
Мәжіліс залында қонақтарды мектеп оркестрі қарсы алды. Балалардың өнерін көрген облыс әкімі олардың шығармашылық ізденістеріне сәттілік тілеп, ауыл тұрғындарымен пікір алмасты.
Мектепте оқушылардың сабақтан тыс уақытын мазмұнды өткізуіне мүмкіндік беретін кеңістіктер қарастырылған. Соның бірі – коворкинг залы.
Асайын Байханов коворкинг залында педагогикалық ұжым алдында сөз сөйлеп, білімнің тәрбиемен ұштасуы қажеттігін айтты.
– Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» дейді. Оқушылардың бойына біліммен қатар тәрбиені де сіңіруіміз керек. Сонда ғана олар елге қызмет ететін, бәсекеге қабілетті, білімді азамат болып өседі. Осы іске бәріміз өз үлесімізді қосуымыз қажет. Жаңа мектепте «Алтын белгі» иегерлері көп болсын, – деді Асайын Қуандықұлы.
Тұрғындар атынан сөз алған Нұрдолда Тұтасбай ақсақал жаңа мектептің ауыл үшін маңызын ерекше атап өтті. Ол осындай кең, жарық әрі заманауи жабдықталған білім ордасының бой көтеруіне атсалысқан облыс және қала басшылығына, демеушілік көрсеткен компания өкілдеріне ауыл халқының атынан ризашылығын білдірді.
Нұрдолда ақсақал – алғашқы көшпен елге бет түзеген азаматтардың бірі. 1992 жылы алғаш Екібастұзға келсе, 1997 жылдан бері Атығайда тұрып келеді. Ұзақ жылдар бойы мектепте ұстаздық еткен ардагер үшін жаңа мектептің ашылуы өзі еңбек еткен білім саласының ауылдағы жаңа кезеңге қадам басуы іспетті.
Ақсақал ақ батасын беріп, өзі шығарған өлең жолдарын оқыды. Оның:
«Әлеумет, құтты болсын жаңа мектеп,
Ұстаздар ұлағатты еңбек етпек.
Аттаған босағасын шәкірттерден
Ғалымдар болашақта шықсын көптеп.
Еңбегі ел-жұртымның еселенсін,
Бақытқа қолдарыңыз жете берсін.
Алладан тілегіміз қабыл болып,
Көркейіп ауылымыз өсе берсін!» деген батасы жаңа мектептің алғашқы күніндегі ақжолтай тілектің біріне айналды.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ









