Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев Екібастұз тұрғындарымен кездесіп, өңірдегі экологиялық ахуалға қатысты бірқатар мәселеге тоқталды. Көмір үйінділерінің тұтануы, өндірістік нысандардың қоршаған ортаға әсері, жаңа кәсіпорындарға қойылатын талаптар және Семей полигонынан зардап шеккен азаматтардың әлеуметтік кепілдіктері талқыланды.
Екібастұздағы Естай атындағы балалар музыка мектебінде өткен кездесуге қала тұрғындары ғана емес, облыс жұртшылығы да тікелей эфир арқылы қатысты. Азаматтар қоршаған ортаның жағдайына қатысты өздерін алаңдатқан мәселелерді көтерді.
Кездесуде Май ауданы Көктөбе ауылының тұрғыны Семей ядролық полигонының зардабын тартқан азаматтарға берілетін жеңілдіктерді кеңейту туралы ұсыныс айтты. Олардың зейнеткерлік жасын төмендету және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жеңілдік санатына енгізу мәселесін назарға алуды сұрады.
Вице-министрдің айтуынша, зейнеткерлік жасты төмендету мәселесі Экология және табиғи ресурстар министрлігінің тікелей құзыретіне кірмейді. Оны шешу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен өзге де мемлекеттік органдардың қатысуы қажет.
– Бұл мәселе үнемі көтеріліп келеді. Мұнда кешенді тәсіл және бірнеше мемлекеттік органның шешімі қажет, – деді вице-министр.
Оның айтуынша, мұндай ұсыныстар қаралған кезде әлеуметтік мәселелермен қатар, олардың экономикалық салдары мен бюджетке түсетін қосымша жүктемесі де ескерілуі тиіс.
Осы тұста Семей полигонынан зардап шеккен азаматтарды МӘМС жүйесіндегі жеңілдік санатына қосу жайлы да айтылған болатын. Вице-министр оны ведомствоаралық жұмыс тобының аясында қарастыру қажеттігін, бұл мәселе Денсаулық сақтау министрлігіне жолданып, уәкілетті органның нақты ұстанымы сұралатынын айтты.
Бұрынғы полигон аумағындағы экологиялық жағдайдың адам денсаулығына әсерін медициналық тұрғыдан бағалау мен медициналық сүйемелдеу Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретінде.
Екібастұздықтар үшін өзекті мәселелердің бірі – көмір үйінділерінің өздігінен тұтануы. Көмірдің ұзақ уақыт үйіндіде жатып, бықсуы салдарынан атмосфераға зиянды заттар тарайды. Сондықтан тұрғындар көмір өндіретін кәсіпорындарға қойылатын талаптарды күшейтуді сұрайды.
Жомарт Әлиевтің айтуынша, экологиялық заңнаманы қатаңдату бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.
– Қазір экологиялық заң бұзушылықтарға қолданылатын айыппұл санкциялары өте қатаң. Олар – ТМД аумағындағы ең қатаң шаралардың бірі. Бұл ретте жауапкершілік ең алдымен кәсіпорындардың өзіне жүктеледі, – деді вице-министр.
Оның айтуынша, экологиялық бақылаудың жеделдігін арттыру да жоспарланып отыр. Заңнамаға енгізілетін өзгерістер күшіне енгеннен кейін инспекторлардың экологиялық заң бұзушылықтарға жедел әрекет ету мүмкіндігі кеңейеді.
Бұған қоса, Екібастұзда экологиялық инспектордың штаттық бірлігін бөлу туралы шешім қабылданған. Бұл өнеркәсіптік аймақтағы бақылауды күшейтуге мүмкіндік бермек.
Қоғамдық белсенді Валерий Ахмадиев кездесу барысында Екібастұздың экологиялық ахуалы, санитарлық қорғау аймақтарын көгалдандыру мәселесіне қатысты сұрағын қойды. Оның кейбір сұрақтарына нақты жауап жазбаша берілетін болды.
Павлодар облысы – еліміздегі өндірісі дамыған негізгі өңірлердің бірі. Мұнда ірі көмір кеніштері мен энергетикалық кәсіпорындар орналасқан. Мұндай өндіріс орындарының қоршаған ортаға әсері бар екені сөзсіз. Дегенмен Экология кодексіне сәйкес, кәсіпорындар қоршаған ортаға түсетін әсерді азайтуға бағытталған шараларға қаржы жұмсауға міндетті.
Жомарт Әлиев «ластаушы төлейді» қағидасының қолданыста екенін атап өтті. Яғни, қоршаған ортаға эмиссия жасайтын кәсіпорындар тиісті нормативтік төлем төлейді. Бұл қаражат жергілікті бюджетке түсіп, заңнамаға сәйкес табиғатты қорғау шараларына бағытталуы тиіс.
Вице-министрдің айтуынша, экологиялық ахуалды жақсартуға арналған үш жылдық кешенді жоспар әзірленеді. Жергілікті атқарушы органдар өз аумағындағы негізгі проблемаларды айқындап, соларды шешуге бағытталған нақты шараларды жоспарлайды. Жоспарлардың орындалуын салалық министрлік қадағалайды.
Қаламыздың дамуы жаңа өндіріс орындарының ашылуымен тығыз байланысты. Алайда кез келген жаңа кәсіпорын қоршаған ортаға түсетін жүктемені арттыруы мүмкін.
Сондықтан жаңа жобаларды жоспарлау кезінде белгілі бір аумақтың экологиялық мүмкіндігі міндетті түрде ескерілуі тиіс.
– Әр өңірдің, әр қаланың экологиялық мүмкіндігі есептеледі. Жаңа кәсіпорындарды іске қосу кезінде осы экологиялық мүмкіндікті және белгіленген мақсатты көрсеткіштерді есептеу жергілікті атқарушы органдардың міндеті болып саналады. Екібастұз қаласындағы қоршаған орта сапасының мақсатты көрсеткіштері әлі де есептеліп жатыр. Сондықтан жаңа өндірістердің жалпы экологиялық жағдайға нақты қаншалықты әсер ететінін дәл қазір айту қиын, – дейді бұл туралы Жомарт Әлиев.
Кездесуден кейінгі брифингте вице-министр өңірдегі экологиялық мониторинг пен табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстардың нәтижелеріне де тоқталды.
Оның айтуынша, қазіргі таңда облыста атмосфералық ауаның жағдайы 10 стационарлық бақылау бекеті арқылы бақыланады. Үстіміздегі жылы Екібастұз қаласындағы атмосфералық ауаның ластану деңгейі төмен деп бағаланыпты.
Сонымен қатар 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Павлодар облысында шығарындылар көлемі 342,5 мың тоннаны құраған. Оның шамамен 95 пайызы I санаттағы кәсіпорындарға тиесілі.
Өңірдегі экологиялық мәселелерді кешенді шешу мақсатында 2025-2029 жылдарға арналған Жол картасы жүзеге асырылып жатыр. Оған 23 іс-шара енгізілген.
Экологиялық бақылаудың цифрлық мүмкіндіктері де кеңейтілуде. Автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу талаптары 15 кәсіпорынға қатысты болса, оның 12-сінде мұндай жүйелер орнатылған. Қазіргі уақытта 8 кәсіпорынның деректері Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкіне беріліп жатыр.
Өңірдегі тағы бір маңызды бағыт – қалдықтарды басқару. Ағымдағы жылы облыста 151 мың тонна тұрмыстық қатты қалдық түзілген. Оның 30 мың тоннасы, яғни, шамамен 20 пайызы қайта өңделген. Ғарыштық мониторинг нәтижесінде 97 рұқсат етілмеген қоқыс орны анықталып, оның 93-і жойылған.
Қалдықтарды басқару саласында жеңілдетілген қаржыландыру тетігі арқылы үш жоба қарастырылған. Солардың бірі – Павлодар қаласында жылына 150 мың тоннаға дейін қалдықты қабылдай алатын сұрыптау орталығын салу жобасы. Жоба қаржыландырылған, нысанды 2026 жылғы қыркүйекте пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, жылына 60 мың тонна қағаз және картон өндіруге арналған жоба қаржыландырылған. Жылына 20 мың тонна пайдаланылған аккумуляторлық батареяны қайта өңдеуге мүмкіндік беретін жоба қазіргі уақытта Өнеркәсіпті дамыту қорының сараптамасында екен.
Табиғи ресурстарды қалпына келтіру бағытында да жұмыстар жүргізілуде. 2021 жылдан бері Павлодар облысында 101,3 млн көшет 19,7 мың гектар жерге отырғызылған.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыруда халықтың «Таза Қазақстан» акциясына қатысуы да маңызды рөл атқарады. Бастама аясында облыста 24 экологиялық іс-шара өтіп, 79 мың тоннадан астам қалдық жиналған. 23 мыңнан астам аумақ тазартылып, 32 мыңға жуық ағаш отырғызылған. Акцияларға 427 мыңнан астам адам қатысқан.
Ал @TazaQazBot Telegram-чат-боты арқылы жыл басынан бері 524 өтінім түскен. Оның 492-сі орындалып, 23 өтінім бойынша жұмыс жалғасып жатыр, тағы 9 өтінімнің күші жойылған.
Тұрғындармен кездесуден соң Жомарт Әлиев азаматтарды жеке қабылдады.
Бұдан әрі бірқатар өнеркәсіптік нысанды аралады. Атап айтқанда, «Energy Solutions Center» ЖШС, Екібастұз ЖЭО және «Богатырь» көмір кенішіне барды.
Гүлсана Медеубайтегі








